Онколог: Вакцина – обырдың алдын алудың тиімді жолы
Биыл қыркүйек айынан бастап Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакциналау басталады. Бұл вирустың онкологиямен қандай байланысы бар және вакцина шынымен де онкологиялық аурулардан қорғай ала ма? Осы жайында ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығы директорының медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары Анна Кухарева айтып берді.
- Жатыр қатерлі ісігі -жатыр мойны эпителийінде пайда болатын обыр. Осы аурумен ауыратын науқастардың басым бөлігінің ағзасында адам папилломавирусы, дәлірек айтқанда оның онкогендік 16 және 18 штамдары кездеседі. Олардың онкологиялық патологияны тудыратыны ғылыми дәлелденген. Вакцина вирустың онкогендік штамдарынан қорғайды, сондықтан вакцинация бүкіл әлемде жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың ең тиімді әдісі болып саналады, - деп атап өтті Анна Кухарева.
Адам папилломавирусына қарсы вакцинация жыныстық өмір басталғанға дейін жасалуы керек. Сондықтан Еуропа елдерінде 9 жастан 11 жасқа дейінгі қыздарға вакцина салынады.Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен «2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспарға» сәйкес осы жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда да АПВ-ға қарсы вакцинация да қолжетімді болады. Вакцинаны ата-анасы келісім берген жағдайда 11 жастағы қыздар ала алады. Жасөспірім қыздарға ДДҰ мақұлдаған және Еуропа, АҚШ және Австралия елдерінде сәтті қолданылып келе жатқан вакциналар салынбақ.
Егер ресми статистикаға сүйенсек, әйелдерде анықталған онкопатология жағдайларының ішінде жатыр мойны қатерлі ісігі сүт безі қатерлі ісігінен кейін екінші орында тұр. Қазақстанда жыл сайын 2000-ға жуық жаңа жағдай тіркеледі, оның негізгі бөлігі 40-50 жастағы пациенттердің үлесінде.
Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алудың тағы бір түрі - онкоскрининг. Оны 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер төрт жылда бір рет тұрғылықты жері немесе тіркелген жері бойынша емханаларда өтеді. Тұрақты тексерулер аурудың өзін ерте сатысында анықтап қана қоймай, сонымен қатар ісік алдындағы жағдайларды және жатыр мойнының басқа патологияларын анықтауға мүмкіндік береді. Осы жылдың үш айында ШҚО-да жатыр мойны қатерлі ісігінің 14 жағдайы анықталды, олардың үшеуі скрининг барысында белгілі болды.
- Онкологиялық орталықтың мамандары халықты скринингтермен қамтуды ұлғайту мәселесі бойынша МСАК ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы жылдың үш айында шамамен 13 000 адам жатыр мойны қатерлі ісігін ерте анықтауға скринингтен өтті - бұл 2024 жылға арналған жоспардың үштен бірі. Біз мұндай тексерулердің маңыздылығы туралы үнемі айтамыз, өйткені онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау тиімді емдеуге мүмкіндік береді және болжамдарды айтарлықтай жақсартады, - деді Анна Кухарева.