KZ
Өскемен
+8°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
479.23 534.96 5.16

Қағазбастылықтан арылмай, ауыл шаруашылығы алға баспайды

9.12.2012, 18:00 142


Шығыс Қазақстанға келген еліміздегі даму институттарының басшылары ауыл шаруашылығын қаржыландырудың өңірге тән проблемаларын талқылады.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен өткен кеңеске облыстың әр түкпіріндегі шаруашылық құрылымдарының өкілдері келді.

Ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған негізгі қаржыландыру көзі болып отырған «КазАгро» ұлттық холдингінің басшыларымен өткен кездесуге қатысқандардың қаржыгерлерге несие алу, жобаларды бекітіп, ұсынуға және кепілдікке қойылатын мүлікке алған несиені қайтарудың мерзімін ұзартуға қатысты қойған сауалдары көп болды. Олардың басым көпшілігі «Каз-Агро» АҚ желісі бойынша беріліп жатқан несиелерді бөлудің шарттары төңірегінде болды.

– Ауыл шаруашылығына қолайлы аймақ, ауыл шаруашылығына қолайлы аудан, солай бола тұра бізден репродукторды бес шақырым жерге қоюды талап етеді. Оны бес шақырым жерге орналастырып, одан әрі тағы да бес шақырым жерге мал сою цехын ашу бұл – көз жұма қарайтындай шаруа емес, біз істі бұлайша шырғалаңдатуды дұрыс емес деп есептейміз, – деді Көкпекті ауданындағы агроөнеркәсіп кешенінің жетекшісі Серікбол Айтмолдин.
«КазАгро» АҚ қолдауымен сәтті жүзеге асырылып отырған аймақтағы ірі жобаның бірі – Өскемендегі көкөніс қоймасы. Қойма аталған компанияның қосымша қаржыландыруы арқылы салынған. Автоматтандырылған желдеткішпен, басқа да заманауи құралдармен жабдықталған қоймада көкөністерді бұзбай, ұзақ уақыт сақтауға болады. Қазір қоймада облыстық тұрақтандыру қорындағы көкөністер сақталып тұр. Қаржыгерлер мәселе аймақтардағы барлық жобалардың осындай жолмен несиеленіп, жүзеге асырылмай отырғандығында деп есептейді.

– Қосымша қаржыландырылып жатқан әр жобаның өзіндік проблемалары болатыны рас. Ол жартылай ғана қаржыландырылып отыруы немесе толық қуатында жұмыс істемей тұруы мүмкін. Біз сіздермен осы мәселелерді шешудің тиімді жолдары жөнінде әңгімелеспекпіз, – деген «КазАгро ұлттық басқару холдингі» АҚ басқармасының төрағасы Дулат Айтжанов жобаларды жүзеге асырудағы басты проблемаларды тарқата айтты.

Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері аймақта құрылысты жүргізудің сметасын шұғыл түрде төмендету қажеттігін атап айтты. Түбегейлі құрылыс жұмыстарын жүргізу ауыл шаруашылығындағылар үшін өте қымбатқа түсіп отыр.

Жаңа материалдан салынатын фермаға смета бойынша қазір екі млрд. теңгеден астам қаржы кетеді. Егер оны бұрын пайдаланылған ескі құрылыс материалдарынан салса, 150 миллион теңге көлемінде ғана шығын шықпақ.

Несие беруде алдымен есепке алынатын осы сияқты қадау-қадау мәселелер жуық арада шешімін таппайтындай болып тұр. Дегенмен ұлттық компания айтылған ұсыныстар мен тілектердің бәрін назарға алып, шешімін табуға көңіл аударатындықтарын жеткізді. Келер жылдан бастап ұлттық компания несие берудің тәртібін реттеп, қағаз жинаудың көлемін азайтып, сервистік қызмет көрсетуді жетілдірмек. Қағазбастылық пен бюрократтық шырғалаңға салатын шаралар мен талаптар көлемі анағұрлым азаймақ.

Шығыс-Ақпарат

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив