KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 2 м/с, С
479.23 534.96 5.16

ШҚО-да 29 спортшы қысқы олимпиада жолдамасына үміткер

28.11.2012, 18:00 141


Өскемендегі ұлттық баспасөз клубында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әбіл Дөңбай бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен биылғы жыл қорытындысына байланысты баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Оның айтуынша жыл басынан бері біздің облыста екі мыңнан астам спорттық-бұқаралық дене шынықтыру-сауықтыру іс-шаралары өткізілген. Облыс тұрғындарының 18,2 пайызы дене шынықтырумен, спортпен тұрақты түрде шұғылданып келеді.

Облыс орталығында жеңіл атлетика манежі мен спорт сарайы салынып жатыр. Биыл бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, «Туған жерге тағзым» акциялары аясында аудандар мен қалаларда 32 футбол алаңы салынып, іске қосылды. Ал Еліміздің Тұңғыш Президенті күні қарсаңында біздің аймақта жаңадан салынған мұз айдынды 24 хоккей қорапшасы ашылды.

Қазіргі уақытта біздің облыстан Сочиде өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі бар 29 спортшы анықталды. Олардың барлығымен келісімшарт жасалған және алаңдамай жаттығулары үшін қомақты қаржы бөлінген. Бұл спортшылар жеке жоспарлары бойынша оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
Басқарма бастығы туризм инфрақұрылымын дамыту бойынша атқарылған іс-шараларына да тоқталып өтті. Биыл Өскеменде туристік ақпараттық орталық ашылды. Облыста туризмді дамыту жөніндегі шеберлік жоспарының жобасы салиқалы жиындарда талқыланып, толықтырылды. Мәдени-танымдық және тау туризмі бойынша қосымша ұсыныстар енгізілді.

2010 жылдан бастап оңалту-сауықтыру жұмыстарына 21 миллион теңгеден қаржы бөлініп келеді. Ал 2013 жылы дене шынықтыру-сауықтару диспансерін ашу жоспарланған. Оған жеткілікті қаржы қоры бар. Спортшылардың денсаулығын тексеретін мүмкіндік болып отыр, одан ары оңалту үшін арнайы спорттық-медициналық жабдықтар керек.

Әділ Дөңдайдың айтуынша жаңа жылға жаңаша сипат беретін, өз елімізге бейімдеп, әрлендіріп, түрлендіріп өткізетін Аяз ата жобасын іске асыру шаралары да қарастырылып жатыр. Бұл бағытта Норвегиямен келісім жасалған. Биыл Аяз атаның тұрақты мекенжайын салу үшін жұмыс тобы құрылды. Өскемендегі Комсомол алаңынан орын бөлінді. Әлемде Аяз атаның тұрақты мекені жайлы нақты жоба жоқ. Оны жер жағдайына байланысты тұрғындар өздері жасайды. Мәселен Норвегияда Аяз ата қаланың ортасындағы үйінде келушілерді қабылдайды. Ал Шығыстың өз Аяз атасы болуы керек. Оның мекенжайының құрылысы, сәулеті қандай болатынын жұмыс тобы анықтайды. Мекенжай жазда мәдени-танымдық туризм саласы ретінде қолданылады. Оның нақты бағытын жұмыс тобы анықтайтын болады.

Баспасөз мәслихатында басқарма бастығы өскемендік сноубордшы Валерия Цой туралы мерзімдік басылымдарда жарияланған мақалаларға байланысты өз ойын білдірді. Бүл күндері сноубордшы оқу-жаттығу даярлығын келісілген жоспар бойынша жүргізіп жатыр. Халықаралық жарыстарда көрсеткен нәтижесі ескеріліп, соған байланысты шәкіртақы төленеді. Арнайы қабылданған қаулыда атап көрсетілгендей әлем чемпионатында не әлем кубогы үшін өтетін жарыстарда үздік нәтижеге жетсе, сонда ғана спортшының еңбекақсы өсіріледі. Валерия әзірге мұндай жетістікке жеткен жоқ.

Спортшы олимпада жолдамасын жеңіп алу үшін ФИС федерациясының 12 халықаралық жарысына қатысуы тиіс. Спортшының әр жарысқа қатысуы үшін керек-жарақтарымен қосқанда жалпы жиыны екі миллион теңге жұмсалады. Сол жарыстарда көрсеткен нәтижесі бойынша ұпай жинайды. Ал тиісті ұпай қоры болуы үшін шеберлік қажет. 2011 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы бір маусымда 6840 ұпай жинаған. Ал В.Цойдікі 400 ұпай. Сондықтан да жарыстарға қатысқан сайын шеберлігін шыңдай түсуі керек. Сонда ғана олимпиада ойындарына қатыса алады. Оның жаттықтырушысы да осыған көңіл болуы керек.

Биыл «Изумурудный» демалыс базасында халықаралық жарыстарды өткізу талаптарына сай келетін жаңа шаңғы жолы салынып, жарық желісі тартылды. «Алтай Альпісі» трассасы халықаралық жарыс талаптарына сай келеді. Облыс спортшыларының осы базаларда жаттығуларына мүмкіндік жасалған.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Әбіл Дөңбай журналистер қойған сұрақтарға да толыққанды жауап берді.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив