KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 2 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Әзиз жанды Әзімбай туралы сөз

27.11.2012, 18:00 153


Сонау жиырмасыншы-отызыншы жылдары ел ертеңін ойлаған есіл ерлер көп болатын. Соның бірі - біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әзімбай Лекеров 1901 жылы бұрынғы Семей облысының Шар ауданындағы Қызылшілік ауылында туған еді. Молдадан сауатын ашып, Семейде екі бірдей училищені тәмамдап, енді гимназияның алтыншы класында оқып жүргенде 1919 жылдың желтоқсанында Семейде Кеңес өкіметі орнаған аласапыран шақта оқуы орта жолдан үзіледі. Содан Семей 1920 жылдың 13 қаңтарынан Семей губревкомының түрік тілді халықтары бөлімшесіне нұсқаушы болып қызметке тұрады.

Лекеров 1920 жылдың 13 ақпанында Зыряндағы орын алған жағдайға байланысты сол жаққа жіберілді. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындағаны сол еді, енді Қарқаралыда ақтар уезд басшыларын өлтіріп, ел ішін алатайдай бүлдіреді. Осындай күрделі жағдайда уезд басшылығына Лекеров келеді. Іле мұнда да тыныштық орнайды. Содан кейінгі жерде жалындаған жас жігітке Павлодар уезіндегі қала мен ауыл шаруашылық жұмыстарын реттеу міндеті жүктеледі. Жұмыс десе жанып түсетін Лекеров алдына қойылған бұл міндетті де ойдағыдай орындайды.

Осыдан кейінгі екі-үш жыл бойы ол Нұрмақов, Әуезов, Досов, Тұрғанбаев, Молдажанов, Ғаббасовтармен қызметте болады. Сол тұста кеңес құрылтайына қатынасып, губатком мүшелігіне сайланады. Лекеровке кәсіби революционер ретінде аты жазылған тапанша тапсырылды.

Павлодар уезінде ширап, әбден ысылған Әзімбай енді қызмет бабымен жоғарылап 1923-1925 аралығында Бөкей, ал одан кейінгі екі жыл Ақмола губернияларында атқару комитеттеріне төрағалық етеді.

Лекеров қызмет істеген екі губернияда да сол жылдардағы құрғақшылық, жем-шөптің тапшылығынан малдың қырылып, егіннің шықпауы, соның салдарынан ашаршылықтың етек алып, әлеуметтік жағдайдың қиындап кетуі бұдан бел шешпей еңбек етуді талап етті. Губатком төрағасының бастамасымен Бөкей губерниясында жаңадан жұмыс орындары ашылды, жетім балалар үйіне қаражат бөлініп, ауруханалар мен қазақ педагогикалық техникумы, банк бөлімшелері жұмыс істей бастады. Мұның сыртында тұрғын үй құрылысы қолға алынды, жергілікті халықтан кәсіби мамандар дайындалып, басқару орындарына қызметке тартылды.

Губатком төрағасы со шақтағы ахуалды сараптап көрсе әр мекемеге, атқару орындарына жергілікті ұлт өкілдерін қызметке тарту мөлшері үкімет қаулысында атап көрсетілгенімен, орындалмапты. Лекеров осы кемшілікті бірден жоюға кіріседі. Оның бұл батыл қадамын ұнатпаған Ақмола губерниялық партия комитетінің хатшысы Беккер мұны басқа ұлттарды тежеп, өсірмейді, ұлтшыл деп өлкелік комитетке арыз түсіреді. Өлкелік комитет Беккердің сол арызы бойынша 1925 жылдың 25 қазанында Ә.Лекеровті орнынан алады. Бірақ республика басшылығы оны тізімнен біржола сызып тастауға бара қоймайды.

Солайша 1925 жылдың желтоқсан айында өткен Ү Өлкелік партия конференциясында делегат болып қатысқан Лекеров О.Жандосовпен біріге отырып, жер өңдеуге берілетін құрал-саймандар бірінші болып қазақтарға берілсін деген құжаттың дүниеге келуіне өз үлесін қосады.

Осы екі аралықта республика тізгінін қолына алған Ф.Голощекин мұнда келісімен губерния басшыларынан партия органдарының жұмысы туралы пікірлерін жинады. Соның нәтижесінде осыған дейін уездер мен губернияларды басқарған, әлі де ҚАССР Орталық атқару комитетінің мүшесі оны Голощекин 1926 жылдың наурызында республика Халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, Бас саяси-ағарту комитетінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Лекеров халком С. Сәдуақасовтың ұсыныстарын қуана құптай отырып, ең алдымен оқулықтар проблемасын шешуге кіріседі. Осы мақсатпен оқулықтарды жазуға ұлт зиялылары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Х. Досмұхамедов, Қ. Сәтбаев, М. Әуезов сынды ұлт жанашырларын тартады. Оның сыртында ауылдарда клубтар, тұрақты және жылжымалы кітапханалар мен қызыл бұрыштарды ашу, Шымкентте кинотеатр салу сияқты игі шаруаларға ұйытқы болады. Сөйте жүріп «Еңбекші қазақта» сауатсыздықты жою жөнінде мақалалар жазуға уақыт таба біледі.

Ә.Лекеров 1926 жылдың 15 қыркүйегінде Қазақ Орталық Халық шаруашылығы Кеңесінің төрағасы болып тағайындалып, үкімет құрамына кіреді. Бұл халық комиссариаты дәрежесіндегі экономикалық ведомствоға Қазақстандағы бірінші бесжылдық жоспар жобасын әзірлеу тапсырылады. Жоспарға Орал-Ембі мұнайын барлау, Қарсақпай мыс қорыту зауыты қасындағы Байқоңыр тас көмір кенішін іске қосу, Қарағанды көмір бассейнін игеру, тоқтап тұрған Жезқазған және Успень-Спасск мыс кеніштерін іске қосу, тұз өнеркәсібін дамыту, кәсіптік-техникалық мектептерді ашу, тағы басқа шешімін күтіп тұрған экономикалық міндеттер енгізіледі. Оған қоса ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламасы жасалады. Ал ішкі темір жол проблемасын шешу мақсатымен Орал-Илецк, Троицк-Ор-Ақтөбе, Петропавл-Көкшетау-Ақмола, Ор-Ақмола-Сергиополь темір жолдарын салу, Оңтүстік-Сібір магистралын Успень руднигіне жеткізу жоспарланады. Су қатынасында Ертіс, Іле өзендерін, Балхаш пен Зайсан көлдерін, Арал теңізін пайдалану мен Бішкек-Алматы-Дорюс, Павлодар-Баянаул-Қарқаралы, Қарқаралы-Семей көлік қатынас жолдарын салу қарастырылады.

1927 жылдың 19 қаңтарында Өлкелік комитет Лекеровтің «Жергілікті, өлкелік және одақтық өнеркәсіптің ҚАССР-да келешектегі дамуы туралы» баяндамасын тыңдайды. Қаулыда: «ОХШК-нің болашаққа арналған жоспары ҚАССР-да өнеркәсіптің келешекте өркендеуіне бірінші қадам жасалғанын көрсетеді... Түркстан-Сібір теміржол құрылысы басталмай тұрғанда жер асты кендерін анықтауға геологиялық барлау жүргізілсін. Алдағы бесжылдық жоспарының аясында темір жол құрылысы маңында барлық шаруашылықтың дамуы қарастырылсын» деп атап көрсетіледі.

Лекеров 1927 жылдың ақпанында тамақ өнеркәсібін өркендетуге арналған Бүкілресейлік Халық шаруашылығы кеңесінің сессиясында шикізатпен қамтамасыз етуде басқаруды жаңадан құрып, сауда, техникалық жабдықтаудың жаңа түрін кіргізуді ұсынады. Ол бүкіл ел көлемінде машина жасау өнеркәсібін дамыту, шет ел фирмаларымен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың техникалық көмегіне жүгіну туралы тың пікір білдіреді. Сессияда Лекеровтің өзіне Қазақстанда көмір өнеркәсібін дамыту, май және қызылша зауыттарын салу, су энергиясын пайдалану, электрлендіру, кеме құрылысын бастау, алтын өндіру сияқты басқа да тапсырмалар жүктеледі. Ол соған орай сессия барысында Өскеменде май зауытын, Семейде мәуіт комбинатын және тері зауытын салуды жоспарға енгіздіріп қайтады.

Осы жылдары еліміздің шығысында Жоғарғы Қарауыз электр стансасы салынды, Қарсақпай мыс қорыту комбинаты мен Жезқазған кеніштерін, Байқоңыр тас көмір кен орнын дамыту, Спасскіде мыс кенішін игеру іске асырылды. Сол тұста Лекеров «Советская степь» газетіне берген сұхбатында: «1925-1926 жылдары өнеркәсіпті қалпына келтіру ұраншылдықпен өтті, енді 1927-1928 жылдары жаңа құрылыстар толығымен басталады» деп атап көрсетті.

Ә.Лекеров қашанғысынша жергілікті кадрларды дайындап, оларды ұтымды пайдалануды назарынан ешқашан таса қалдырған емес. Соның айғағындай 1926 жылы Томьдағы технология институтын бітіріп келген Қ.Сәтбаевты Қазақстанның өкілі ретінде «Алтайполиметалл» тресіне басқарма мүшесі етіп енгізуге және трест басқарушысының орынбасары етіп тағайындауға ықпалын тигізеді. Оның сыртында Ресейде оқып жүрген 36 студентті шәкіртақымен қамтамасыз етуге атсалысады.

Ал өзі болса 1927-1932 жылдары Мәскеудегі Шығыс Еңбекшілері коммунистік университетінің лекторлық курсын және Қызыл профессура институтын тәмамдап, қазақтан шыққан тұңғыш жоспарлаушы-экономист маманы болып оралады. Ол Мәскеуде оқуда жүрсе де республикада болып жатқан барлық жағдайды қадағалап отырады. Партияның кейбір шешімдерін қолдамайтынын ашық түрде айтқандары үшін 1929 жылы Өлкелік комитет оған сөгіс жариялап, оған саяси жағынан тұрақсыз коммунист деген атақ тағылады.

Мәскеудегі басқосулар Ғ.Тоғжанов, М.Тәтімов, Ә.Өтекин, М.Орынбаев, Нұрмухамедов, Смағұл Сәдуақасов, Ә.Лекеровтердің қатысуымен Нұрмақовтың, Досовтың, Төреғожиннің, яки Есқараевтың пәтерлерінде алма-кезек өтіп тұрады. Сол басқосу жиындарында Голощекиннің колхоздастыру, мал-мүлікті тәркілеу, тап күресі мен ашаршылыққа апарып соқтырған саясаты сынға алынды. Тығырықтан шығар жолды іздеген азаматтар Сталинге хат жазып, Голощекинді елден кетіруді мақсат тұтты. Ол тарихта «Бесеудің хаты» атымен мәлім.

Лекеров институтты бітіріп келісімен 1932 жылдың көктемінде Өлкелік комитет оны республика Жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп бекітеді. Оған қоса ол Қазақ педагогика институтында саяси экономика және кеңес шаруашылығы теориясы кафедрасының меңгерушісі және профессоры бола жүріп, студенттерге дәріс оқиды.

Лекеров жаңа қызметке келе салысымен өткен бесжылдықтың қорытындысын зерделеп, соның негізінде 1932 жылғы «Қазақстан халық шаруашылығы» журналының №11-12 нөмірінде көлемді мақала жариялайды. Іле оған екінші бесжылдық жоспарының жобасын әзірлеу жүктеледі. Оның бірінші жылға арналған жоспар жобасы 1933 жылы «Большевик Казахстана» журналының №1-2 нөмірінде жарияланады. Лекеров онда ауыл шаруашылығын дамытуға да көбірек көңіл бөледі. Мұндағы мақсаты – мал шаруашылығын жедел дамыту арқылы ашаршылықтан аман қалған қазақтарды тезірек оңалту еді. Оның бұл қадамын Өлкелік комитет партияның индустриялау курсына қарсылық деп табады. Жедел бюро мәжілісі өткізіліп, Лекеров орнынан алынады.

Жоғары қызметтен жазықсыз босатылған Ә.Лекеров кешікпей Қазақ марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалады. Институт негізінен марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын орыс тілінен қазақшаға аударумен шұғылданады.

Лекеровтің халқының тарихы мен әдебиетін зерттеуге («Қазақ әдебиетінің тағдыры», «СҚ», 29.09.1934, «Қазақ әдебиетінің қазіргі жайы және алдағы міндеттері туралы», «СҚ», 24.04.1936.), әдеби сынға қатынасы туралы академик М.Қаратаевтың еңбектерінде атап жазылған. Әзекеңнің Абай туралы мақаласы «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы 11, 12, 13 нөмірлерінде жарияланған.

Сөз соңында Әзімбайдың отбасы туралы айта кетсек дейміз. 1932 жылы ол Семей зиялысы Р.Елкебаевтың қызы Халидаға үйленеді. Ал Халиданың әкесі заманында Л.Толстоймен хат арқылы тілдескен білімдар адам болатын. Ал тұңғыш қызының аты неліктен Айседора деп аталғанға келетін болсақ, Әзімбай Мәскеуде оқып жүргенде атақты бишіден оның атын қызына қоюға рұқсат сұраған екен.

Лекеров 1937 жылдың 20 шілдесінде жоспарлау комитетінің саяжайында тұтқындалыпты. Бірінші тергеу 22 шілдеде басталып, 4 қыркүйекте жалғасады. Халида 2 қыркүйекте екінші қызы Әлфияға босанып, қол-аяғын баурына алған соң Әзімбайға келеді. Сонда бұрынғы Әзімбайдың орнына белі бүкірейген, сақал-мұрты өскен шалды көріп, танымай қалады. Халида: «Баланы әкелейін. көр» деген екен. Әзімбай: «Жаңа туған бала түрменің есігін аттамасын, әкелме. Мен өкіметке адал қызмет жасадым, босататын шығар» деп ақталатынына сеніпті.

1938 жылдың 26 ақпанында шығарылған КСРО Соты әскери коллегиясының үкімінде: «Лекеров 1923 жылдан бері түрлі буржуазиялық-ұлтшылдық контрреволюциялық топтарда болған және осы жылдар арасында кеңес өкіметіне қарсы жұмысты белсенді жүргізген. Кейіннен Қазақстандағы контрреволюциялық буржуазиялық-ұлтшылдық көтерілісшіл-террористік және диверсиялық-зиянкестік ұйым басшыларының бірі болған. Олар өздерінің алдына кеңес өкіметін құлатып, Қазақ ССР-ін КСРО-дан күшпен бөліп әкетіп, Жапонияның басшылығымен Қазақстанда буржуазиялық мемлекетті құру міндеттерін қойған. Контрреволюциялық ұйымның мүшесі ретінде БК(б)П мен Кеңес үкіметінің басшыларымен күресуде террористік күрес жүргізу әдісін түгелдей қолданған» деп жазылған. Лекеров Қылмыс кодексі 58 бабының 2,7,8,11 тармақшаларымен кінәлі саналып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 319, 320 баптарына сәйкес ең жоғарғы жаза – ату жазасына кесіледі. Сот мәжілісі 15 минутта аяқталады. Бұл күнгі тізімде Жансүгіров Ілияс, Қабылов Ілияс, Майлин Бейімбет, Орымбаев Мұқаш, Шанин Жұмат та бар екен. Тізімде Лекеров Әзімбай 26-шы болып көрсетілген. Үкім сол күні орындалған. Сол күні 37 адам атылған.

Сот оның кеңес өкіметіне адал қызмет еткенін, соның алдында «Қазақстанға 15 жыл» белгісімен марапатталғанын еске алмады. Бірақ аққа құдай жақ деген.

ССРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы 1957 жылдың 14 желтоқсанында Әзімбай Лекеровке таңылған жазықсыз жаланы жоққа шығарып, ақтады.
Әзімбай Лекеровтің қыздары Айседора мен Әлфия ғылым кандидаттары. Олардың балалары да ғылым қуған азаматтар. Ал Халида Рахматуллақызы Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі. Сүйікті жары Әзімбайдан 22 жасында жесір қалғаннан бері тұрмыс құрмаған. Қазір жасы жүзге тақап қалғанмен әлі тың, санасы сергек.

Мәлімет көзі: Дәулет Сейсенұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив