KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Көкпекті ауданында ауызсу мәселесі де шешілмек

12.09.2012, 18:00 89


Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Көкпекті ауданында болып, жұртшылықпен кездесті, бірқатар әлеуметтік маңыздағы нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Облыс Әкімімен бірге құқық қорғау органдарының басшылары жұртшылық тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Аймақ басшысының жұртшылықпен алғашқы кездесуі Тассай ауылындағы клуб үйінде өтті. Бұған дейін бос тұрған клуб үйі 2011 жылы «Жол картасы» бағдарламасының аясында күрделі жөндеуден өтіпті. Аймақ басшысы жергілікті тұрғындар алдына күнде келе бермейтін облыстың құқық қорғау органдары жетекшілеріне өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қою керектігін ескертті. Ол соңғы жылдары округте атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті. Ауылдағы ең бір күрделі мәселенің бірі болған көпір мәселесі 2010 жылы оңды шешімін тапқан. Ауылға ауыз- су әкелу келесі жылы шешілмек, оған Үкіметтің келісімі негізінде 230 млн. теңге бағытталмақ. Округ негізінен мал шаруашылығымен тұрақты айналысады, балық аулаумен шұғылданады. Бір жарым мың халқы бар округте ірі қара малдың саны он бес мыңнан асады. Төрт түліктің барлық түрінен өсім бар. Өңір басшысының айтуынша, бұл ауылдағы жұрттың жағдайының жақсарып келе жатқандығын аңғартады.

Кездесуді түйіндеген өңір басшысы қолға алынған шаруалардың бәрі де Елбасының сындарлы саясатының негізінде жүріп жатқанын айта келе, ең бастысы, аудандағы тоғыз айдың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері облыстық орташа деңгейден төмен болмауы керектігін, берілген қаржының тиімді игерілуін, тұрғындар ауылдардың мәдени ахуалын көтеруге жұмылуы қажеттігін баса ескертті.

Жиыннан соң облыс басшысы ауылдағы Әуезов атындағы орта мектепке ат басын тіреп, білім ошағының жағдайымен танысты.

Аймақ басшысы аудан көлеміндегі қанатын кеңге жайған іргелі шаруашылықтардың бірегейі «Елім-ай – Көкпекті» ЖШС-нің шетелден әкелген егістік жұмыстарына қажетті жаңа ауылшаруашылық техникаларымен танысып, асыл тұқымды шетелдік ірі қара малдарын табын басында аралап көрді. Шаруашылықтың егістік саласының қажетіне алынған мұндағы американдық «Джон-дир 9410 R» маркалы, көп функциялы екі алып трактор келер жылдан бастап, жер-анадан алынатын өнімнің молаюына үлес қоспақ. Бұдан басқа тағы да бүріккіш қызметін атқаратын бірнеше «Беларус» маркалы тракторлар алынған.

Облыс Әкімі Көкпекті ауданының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығының қызметімен де танысты. Тумысынан кемтар атанып, тағдырдың тауқыметін молынан тартқан жасөспірімдерге арнап қызметтік «Газель» автокөлігін мекеме директоры Меруерт Мадиноваға табыстады.

Бұл жиында ауыл тұрғыны Гүлмира Айдарғазина облыс Әкіміне мүгедек балаларға жасап отырған қамқорлығы үшін барлық ата-аналардың атынан ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ғимараттың қызметімен танысу барысында облыс басшысы осындағы балалардың және тәрбиелеушілердің қолымен жасалған, көрмеге қойылған қолөнер бұйымдарын да тамашалады.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив