KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Қаусаған қойманы су жаңа құс фабрикасына айналдырды

2.09.2012, 18:00 178


Андрей Рыгалов Черемшанка құс фабрикасына қарапайым жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Еңбекқор жігіт кәсіпорында жұмыс істей жүріп, құс өсірудің қыры мен сырын үйреніп, жетік меңгеріп алды. Бұл істің оны қызықтырғаны соншалық, көктемде фабрикадан балапандарды сатып алып, өзінің шағын қорасында өсірді. Үйде де, түзде де уақытпен санаспай тыным таппастан жұмыс істеді. Бірге жұмыс істейтін әріптестері оның бұл әрекетіне таңданыстарын білдіріп, тауықтың еті мен жұмыртқасын фабриканың өзінен-ақ алуға болатынын бетіне басып айтып та жүрді.
Қаусаған қойманы су жаңа құс фабрикасына айналдырды

Андрейге фабриканың тауықтарын елді мекендерге апарып, сату жүктелді. Ол өз қорасында балапан кезінен өсірген тауықтарын да фабриканыкімен қоса алып шығып, шаруасын тындырды.

Құс тұмауы белең алған кезде фабрика басшылығы Андрейге өзіңдікін қосақтамай тек біздің тауықтарды ғана сатасың, олай істемесең, фабрикадан шығасың деген шарт қойды. Сол кезеңде фабрика жұмысшыларына еңбекақылары уақытында төленбейтіні де Андрейге әсер етті. Жас жігіт тәуекелге бел буып, ешкімге бағынышты болмай, өз күнін өзі көруге кірісті. Сөйтіп, құс шаруашылығымен шұғылдануды түбегейлі қолға алды.

Екі қабатты тұрғын үйдің алдында әр пәтердің тұрғындарына ішіндегі орындары бөлініп берілген ортақ қойма болған. Осыдан он екі жыл бұрын сол қойма өртеніп, іске жарамсыз болып қалған. Оны қайта жөндеуге сол үйдің тұрғындарының ешқайсысы ықылас білдірмеді. Қойманың орны қоқыс төгетін күресінге айналып бара жатқан соң сол жерді Андрей сатып алды. Үйінділерді тазартып, қабырғаларын жөндеп, төбесін жауып, шағын құс фабрикасын ашты.

Германиядан озық үлгідегі технологияны әкеліп орнатқаннан кейін фабриканың бұрынғы қолданыстағы жабдықтары өздеріне керексіз болып қалғанын білген Андрей соларды сатып алмақ ойын басшыларына білдірді. Олар бағасын көтеріп ұсынса да сол жабдықтардың қажеттісін сатып алып, құрастырып орнатты. Фабрикада құстың азығын дайындауда қолданылатын екі жүз литрлік үлкен бөшкені де қорасына жеткізіп алды.

Тауықтар тұратын үш сатылы сөрелерді жабдықтап, автоматты қондырғылар арқылы азықтандырылу желісін іске қосты. Жұмыртқаларды жинау да ленталы жүйеде жүргізілді. Тауық еттерін, жұмыртқаларын сақтайтын тоңазытқыш, мұздатқыштарға да қол жеткізді.

Өткен жылғы өсірген тауықтарын өткізіп, биыл кішкентай балапандар сатып алды. Бұл балапандар өсіп жетілгеннен кейін жұмыртқалайтын болады. Қысқа таман жұмыртқаларын өткізе бастайды.

– Көпжылдық іс-тәжірибеме сүйене отырып, өз жұмысымды біртіндеп ұлғайтып келемін. Балапандарды өсіріп, солардың ішінен жұмыртқалайтындарын алып қалып отырдым. Алғашқы жылдары Белоусовка кентінде сауда нүктесін аштым. Қыс айларында сол кенттің тұрғындарын жұмыртқамен қамтамасыз еттім. Семей, Зырян қалаларына, Самар және басқа да ауылдарға апарып, балапандар саттым , – дейді Андрей.

Балапандарды көктем-де келісімшарт бойынша Талдықорған қала-сындағы құс фабрикасынан сатып әкеледі. Балапандарды өсіріп, сату тиімді, жазда жұмыртқа арзан-дап кетеді, ал қыста екі жарым есе қым-баттайды. Осыған байланысты сәуір–тамыз айларында өсіп кеткен балапандары, яғни, тауық сатумен айналысады.

Жар таңдауға қолы да тимейді

– Құстардың қорегі құнарлы болуы тиіс. Онсыз өнім болмайды. Құс жемінің негізгі бөлігі арпа мен бидайдан тұратындық-тан, бұл дақылдарды Выдриха, Быструха ауылдарындағы шаруашылықтардан сатып аламын. Балапандарға жүгері, балық ұнын, басқа да дәрумендерді беріп өсіремін, – дейді Андрей
Талдықорғаннан әкелген балапандарды екі апта өсіріп, ширатып сергіткеннен кейін саудаға шығарады. Өсірген балапандары төзімді әрі өлім-жітімі аз, сатып алған адамдарға он күннің ішінде шығын болса, тірі балапанмен ауыстырып береді. Андрей биыл сатып алушыларға екі балапан ғана берген. Олар телефон арқылы хабарласып, келесі жылы да балапан сатып алатынын білдіріп жатады.

– Андрей өз тұтынушыларының сеніміне кірді. Ендеше, оның өсірген балапандарына алдағы уақытта сұраныс жоғары болмақ. Қазіргі нарық заманында кімнің өнімі сапалы болса, сол тұтынушыны өзіне көп тарта алатыны да белгілі. Тұтынушы алдында жауапкершілікті сезінетін кәсіпкердің ісі ғана оңға басады, – деп Черемшанка ауылдық округінің әкімі Петр Грохотов та біздің арадағы әңгімеге байланысты өз ойын білдірді.
Қазір жұмыртқалайтын тауыққа лайықталған орынды жабдықтап, толық автоматты жүйеге ауыстыру үшін қажетті құралдарды орнатып, монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– Осы жұмыстың барлығына өз қаражатымды жұмсап отырғандықтан, өндірілген өнімнің өзін ақтап қана қоймай, пайда түсуін де қадағалаймын, – дейді Андрей.
Андрейдің әке-шешесі Ресейде тұрады. Олар бұрын осы ауылдағы құс фабрикасында жұмыс істепті. Олар ауылға келіп, ұлына көмектеспекші.
– Андрей осы жұмыстардың барлығын бір өзі ғана атқарып жатыр. Жігітіміз бойдақ, жұмысбасты болып кеткені соншалық, отбасын құру жағы кешеуілдеп тұр, – деп Петр Грохотов біз білмейтін оның бір сырын ашып берді.

Ауыл әкімінің бұл сөзінің жаны бар, өйткені, Андрей Рыгалов өзінің шағын құс фабрикасын кеңейтпекші. 2000 жылдан бері ол өз ісіне төрт миллион теңге құйған. Енді «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы несиеге қол жеткізсе, тауық санын екі мыңнан бес мыңға дейін көбейткісі келеді.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив