KZ
Өскемен
-5°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.23 534.96 5.16

Кеншілер құрметіне Ани Лорак өнер көрсетті

28.08.2012, 18:00 126


Кеншілер күнін осы сала еңбеккерлері облыс орталығындағы «Восток» стадионында атап өтті. Мерекелік концертке бүкіл қала тұрғындары шақырылды.

Құбылмалы ауа райына қарамастан бұл күні он мыңнан астам шығысқазақстандық өздерінің кәсіби мейрамдарын атап өтті. Біздің аймақ экономикасына тау-кен өнеркәсібінің үлесі өлшеусіз.

– Кенші мамандығы – өте қауіпті әрі ауыр мамандық, – деп атап өтті облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. – Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өңіріміздің экономикасы өсіп, әлеуметтік саласы дамып келеді. «Қазақмыс» корпорациясы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында да ауқымды істер тындыруда. Ынтымақтастық туралы меморандумдардың негізінде осы стадион жаңартылды, облыс орталығында хоккей модульдары бой көтерді, Аблакет тауына мемлекеттік рәміздер орнатылды. Биыл Шемонайхада хоккей модулі, Глубокое ауданында балабақшалар, Усть-Таловка мен Жезкентте мәдениет үйлері салынып жатыр.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Эдуард Огай ірі кәсіпорындар мен мемлекеттің ынтымақтастығы өзара тиімді бағытта өрбіп келетініне ерекше тоқталып өтті.

– Біз Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қолдауынсыз мұндай табыстарға қол жеткізе алмас едік. Өз серіктестеріміздің, облыс тұрғындарының алдындағы жауапкершілігіміз әрқашан жадымызда, – деді ол.

Іс-шараның ресми бөлімі компаниядағы үздік еңбеккерлерге облыс Әкімі мен «Қазақмыс» корпорациясы президентінің Алғыс хаттары мен грамоталарын табыстаумен аяқталды.

«Қазақмыстықтар» үшін Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің құттықтауы тосын сый болғаны анық.

– Сіздердің кәсіптеріңіздің барлық қиындығын өте жақсы түсінемін. Өйткені, менің әкем және бапкерім Александр Стрельниковтың әкесі – кеншілер. Сіздердің ерен еңбектеріңіз үшін мың да бір алғыс айтамын, өздеріңізге және сіздердің жанұяларыңызға мықты денсаулық, бақыт пен тыныштық тілеймін! – деді жеңімпаз.

Кешті «Астана KZ» КВН командасының жігіттері жүргізді, концертте эстрада жұлдыздары Нұрлан Абдуллин, Ділназ Ахмадиева, Мөлдір Әуелбекова және украиналық әнші Ани Лорак өнер көрсетті.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив