KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 3 м/с, Ю
443.72 482.28 4.9

Бейбітшілік мұражайы Семейдің символына айналады

25.08.2012, 18:00 125


Онкологиялық орталықта жаңадан салынып жатқан радиологиялық орталықтың жұмысымен танысқан Мемлекеттік хатшы сапарын Түйемойнақ аралында жалғастырды.

Мұндағы құрылысы қолға алынған Бейбітшілік мұражайының жобасымен танысты. Жобасы адамның аялы алақанында тұрған нәзік көгілдір жер шарын түрлі соғыстардан, апаттардан сақтау керек деген ұғымға лайықталып жасалынған.

Нысанның биіктігі – 36 метр, диаметрі – 24 метр. Шардың ішінде көрме залдары, кинотеатр, мәжіліс залы орналаспақ.

Шардың өзі шыныдан, ал оны ұстап тұрған қолдар темірден, не граниттен тұрғызылмақ. Керемет кешеннің құрылысына қажетті бір млрд.теңгеден астам қаражат республикалық бюджеттен бөлінбек. Бұл нысан құрылысының тағаны 28-тамыз күні Семей полигонының жабылғанына 21 жыл толуы құрметіне осында әлемнің 86 елінен өкілдер қатысатын халықаралық конференция кезінде өткізілетін митингіде қаланбақ. Мемлекеттік хатшы жобамен таныса келе мұражай алдағы уақытта семейліктер мен қала қонақтарының осы аралға келіп, полигон құрбандарын еске алатын бірден-бір маңызды нысан болатындығына сенім білдірді.

«Бұл шаһар әрдайым
Елбасы назарында»

Бұдан кейін Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД қаладағы Абай атындағы театрда Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» мақаласына орай халықпен кездесу өткізді. Кездесуді қысқаша кіріспе сөзбен облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ашып, Мемлекеттік хатшыға сөз берді.

– Әр келген сайын менің сіздерге деген ыстық ықыласым арта түседі, – деп бас-тады өз сөзін Мемлекеттік хатшы. Осында бас қосып, жиналып отырған аға буын өкілдерін, олардың еңбек жолын жақсы білемін. Көпшіліктеріңіздің өнегелеріңізді көргенмін. Бұл қала – менің жүрегіме өте жақын, оның үстіне Семей өңірінен шыққан азамат ретінде қаланың әр кезеңдегі тағдыры, оның басында болып жатқан оқиғаларға, проблемалық мәселелеріне құлағым түрік жүреді.

Сондықтан сіздердің орталарыңызға келіп, тағы да қауышып отырғаным үшін өзімді ерекше қуанышты сезінемін.

Жамбыл қаласының екі мың жылдық, Тараздың бір жарым мың жылдық тарихы бар. Олармен салыстырғанда Семей тарихы жағынан жас қала. Десек те, мен Семей ХХ ғасырдағы қазақ руханиятының орталығы, Қазақстанның Санкт-Петербургі деп атауға әбден лайық. Өйткені, 19 ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның Ресейге қосылу процесі біржола аяқталғаннан кейін ұлттың зиялылары ендігі заман ғылым мен білімнің заманы екендігін сезіп, өздерінің балаларын Ресейдің аса ірі ғылыми орталықтарында оқыта бастады. Соның алғашқыларының қатарында данышпан Абай тұр. Абай өзінің ең сүйікті, жанына жақын баласы Әбдірахманды Петерборға Михайлов артиллерия училищесіне жіберуі осының дәлелі. Осы жақсы дәстүр жалғасын тауып, Мәскеудің, Санкт-Петербургтің жоғары оқу орындарын-да, Варшава, Берлин университеттерінде қазақ жастары білім алды. Шындығында, сол Семейдің көшелерінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды алаш ардақтыларының іздері қалған. Жас Мұхтардың шәкірттік кезеңі, балғын шағы осы Семейде өтті емес пе?! Семейде жиналған сол кезеңдегі қазақ зиялылары ренессанстық кезеңді тудырды. Сол кездері Алаш зиялылары арман еткен Тәуелсіздікке біздің қолымыз жетті. Қазақстан бүгінде Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ көреген саясаткерлігінің арқасында ел таныған, әлем мойындаған мемлекетке айналды. 2005 жылы маусымдағы Елбасының Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде қабылданған «Семей қаласының 2006-2008 жылдардағы дамуы» бағдарламасы бүгінде өз нәтижесін берді. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – қаланы әлеуметтік және экономикалық жағынан ілгерілету еді. Осы бағытқа орай 72 шара қабылданған. Атап айтқанда, өндірістік қуат көздерін арттыру, тұрғын үй құрылысын дамыту, инфрақұрылым жүйесін іске асыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік және тағы басқа да салалардың қызметтерін арттыру бағыттары басты мақсат болып табылды. Бұлардың барлығына бюджет қаражатынан 25 млрд. теңге бөлінді. Семейді серпіліске бастаған сол бағдарлама бүгінде жалғасын тауып жатыр. Биыл жазда бұрын-соңды болмаған өзгеріс орын алып, қаладағы 21 көше жөнделу үстінде. Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанды тек әлеуметтік тұрғыдан жаңғыртып қоймай, әрбір қазақстандықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған жаңа идеология қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Әрбір жеке адамға қамқорлық жасау – осы стратегиялық құжаттың өзегі мен негізі. Елбасының жақында жарияланған стратегиялық мақаласы еліміздің әлеуметтік жаңғыртуда қол жеткізген табыстарын негіздеп қана қоймай, оны одан әрі жетілдіруге арналған. Сондықтан да әрқайсымыз еңбек адамы ретінде осы стратегиялық құжатты терең меңгеріп, оны халыққа жан-жақты түсіндіре білуіміз керек. Елбасының басшылығымен әлем жұртшылығы мойындаған қазақстандық даму жолын таңдап отырмыз, біз үшін ең басты экономикалық даму, әлеуметтік көрсеткіштер – соның айғағы.

Кездесуде облыстық Невзоровтар отбасы атындағы мұражайдың директоры Т. Стромская, ғалым А.Еспенбетов, ардагер Х.Матаев, журналист-жазушы Д.Сейсенұлы, халықарлық «Қазақ тілі» қоғамының Шығыс және Солтүстік аймақтары бойынша вице-президенті О.Шәріпбаев өз салаларында кездесіп отырған жетістіктер мен кедергілер, олардың шешілу жолдары жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды.

Тақырыпты жалғастырған облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ:

– Біз өзімізден соң балаларымызға қандай мұра қалдыратынымызды ойлауымыз керек. Ертеңгі күнді ойлайық. Мұражай өткеннің ескерткіші ғана емес, болашаққа да қажет. Жаңа бейбітшілік мұражайы Семейдің символына айналатын болады. Мұндағы халықтың бейбіт, өзара тату өмірлерінен бүкіл әлем хабардар болады. Ядролық сынақтар зардабын басынан өткерген халықтың бүкіл әлем халықтарын ядролық қарудан бас тартуға шақырғанына куә болады, – деді.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив