KZ
Өскемен
+17°
переменная облачность жел 3 м/с, В
441.8 480.02 4.88

Шығыс Қазақстанда голландиялық тәсілмен құс өсірмек

18.07.2012, 18:00 156


Қазақстан нарығында 20 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан «Прииртыш бройлерлік құс фабрикасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – балапан шығару, құс өсіру және бройлер құсының етін өндірумен айналысатын, кеңейтілген әрі мамандандырылған шаруашылық. Фабрикада заман талабына сай қайта жабдықтау және бройлер ет өнімдерін өндірудің өндірістік жаңғырту жұмыстарының бірнеше кезеңі жүзеге асырылған, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.

Осыған байланысты сонау кеңестік кезеңдегі ескі технология түбірімен өзгеріске ұшырап, құстарды өсіру технологиясында оң өзгерістер мен ілгері ғылыми жетістіктер пайда болды. Жаңа табыстарға қол жеткізу үшін мұнда «Big Deutchman» фирмасының жемдеу және суару құрал-жабдықтары және «EXAFAN» фирмасының желдеткіш жүйесі орнатылған. Ел нарығында семейлік құс фабрикасы алдыңғы орында тұр. Жыл сайын өнімдері екі-үш есе арта түсуде. 2005 жылы фабрика 2603 тонна құс етін өндірсе, үш жылдан кейін бұл екі еселеніп, ал өткен жылы өнім 7028 тоннаға жеткен. Фабриканың дәл қазіргі аяқ алысы да керемет, құс етінің өнімі жарты жылда 9000 мың тоннаны құрап отыр. 2009 жылы өндірістік жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңін жүзеге асырған кезде «Pfs Reform» – Нидерланд фирмасынан шыққан қуаттылығы жылына 10 миллион жұмыртқаға арналған арнайы озық технологиялық инкубатор орнатылыпты. Құс өсіру цехының 39 корпусында технологиялық желілердің қайта жабдықталуы мен жаңартылуы жүргізіліп, «Bizer» компаниясының сыйымдылығы тәулігіне 8 тоннаға жететін ет қатырғыш камерасы тоңазытқыш қоймаға орнатылған. Бұл ретте фабрика басшылығы қатырылған құс етінен тоңазытылған құс етінің әлдеқайда тиімді екендігін айтып отыр.

Өндірісті өрге бастыруда осындай батыл қадамға барған фабрика жаңа технологияны қолдануда тағы да тың шешім жасап, құс сою және ет өңдеу желісін әлемдегі алдыңғы қатарлы технологиялық құралдармен жабдықтап отыр. Мұнда толық автоматтандырылған голландиялық «Meyn» фирмасының сағатына 4000 бас тауық соятын қондырғысы іске қосылыпты.

– Бүгінгі күнде біздің фабрика елімізді құс етімен 40 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Сонау Кеңес үкіметі ыдыраған кезде кәсіпорнымыз жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Ғылыми жетістіктерді тіршілігімізге енгізіп, еңбектеп жатқан кәсіпорынды басшы мен қосшы болып жоғары көтердік. Қанымызға сіңген сабыр мен төзімнің арқасында бүгін осы дәрежеге жетіп отырмыз, – дейді фабрика директоры Бейсенғазы Тастекеев. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі дегенді ұмытпақ емеспіз. Осы тұрғыда фабрика іргесінде орналасқан Прииртыш ауылына қолдан келген көмегімізді жасаудамыз. Халықтың дұрыс демалысын ұйымдастыру мақсатында саябақ орнатып, басты байлық – денсаулық үшін ауылдағы дәрігерлік амбулаторияны да жөндеуден өткіздік. Көп жерлерде ауызсу мәселесі шешімін таппай тұрғанда, біздің әр үйде таза ауызсу, автомат кіржуғыш пен аристон халықтың күнделікті тұрмыстарын жеңілдетуде.

Енді фабрикасы голландиялық тәсілмен бройлер құстарын өсірмек. Голландиялық инкубатор цехында жұмыртқаның басылуы, қажетті температураның сақталуы, жұмыртқаның ұрықтану процесі, балапанға айналуы – барлығы да компьютермен басқарылып, бақыланады. Фабрикаға жұмыртқа Глубокое ауданындағы Предгорное ауылынан жеткізілетін көрінеді. Құс сою және ет өңдеу цехтарында технологиялар айрықша көзге түссе, құс өсіру цехының да өзіндік ерекшелігі бар. Кәсіпорын алдағы уақытта бройлер құсының етін жылына 12 мың тонна, одан ары қарай 15 мың тоннаға жеткіземіз деп жоспарлауда.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив