KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
450.79 482.21 5.05

Өскемен атауына неге қарсы?

31.05.2012, 18:00 189


Бұл мақаланың жазылуына себепші болған ұлттық рухы бар адамды бейжай қалдырмайтын тіл мәселесі тағы да... Жуықта қалалық «Устинка плюс» газетінде (№19 (668) 10.05.12.) Евгений Фоминыхтың «Языковая ист(е)ория» атты мақаласы жарық көрді...

Мақалаға жаңа Парламент пен Үкіметке ғана емес, оппозиция мен жалпы қоғамға арнап жазылған жетеудің үндеуі арқау болған. Жетеу деп отырғанымыз: Айдос Сарым, Қасым Аманжолов, Мұхит Асанбаев Қуат Домбай, Расул Жұмалы, Талғат Мамырайымов, Мұхтар Тайжан сынды есімдері елге танылып қалған қазақ саясатының жас толқындары.

«Қазақ тілі жөнінде 10 мәселе және басқалар» деп аталатын үндеуде қандай мәселелер көтерілгені бірқатар басылымдар мен ғаламтордағы сайттарда да жарияланды.Үндеу авторларының тіл төңірегіндегі сауалдарының ішінде Павлодар, Петропавл, Өскемен сынды қалалардың тарихи атауын қайтару туралы да сөз қозғалған. Әңгімені төтесінен өрбітсек: журналист Е.Фоминыхтың қала атауын өзгертуге қатысты сұрағына ШҚО Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Айдын Шаймарданов мырза:

-Деятели культуры и депутаты в своем письме предлагают «вернуть городам с русскими названиями историческое имя». В числе прочих называется и Усть-Каменогорск. Но, по всей видимости, инициаторы не очень хорошо знакомы с нашей историей – ведь Усть-Каменогорск – это историческое названия города, никаких других здесь не было. Потому и необходимости что-то менять нет, - деп жауап берген екен. Бұл жауапқа қайран қалдық. Біріншіден, қала Қазақстанда орналасқандықтан, қала атауы мейлінше мемлекеттік тілде аталуы керек. Бұл – жазылмаған заңдылық. Мысалы, Ресейде қалып қойған Орынбор, Іркітті, Барнауыл, Омбы және тағы да басқа толып жатқан атаулар Оренбург, Иркутск, Барнаул, Омск болып өзгертілгені бәрімізге аян. Тарихи әділеттілік іздеп, жоғалған, өңі өзгерген атауларды жоқтаған біреу болды ма? Заңдылық деп қабылдадық. Ал Усть-Каменогорск атауының өзгеріске ұшырауын неге заңдылық деп қабылдамасқа?!

Қала атауына қатысты филология ғылымдарының кандидаты, доцент Бияров Бердібекке сұрақ қойған едік:

– Біз Елтаңба, Әнұран, көкбайрағымыз сынды ұлттық рәміздерімізге қалай жауапкершілікпен қарасақ, қала атауларына да сондай жауапкершілікпен қарауымыз керек. Кез келген мемлекеттің ішкі саясаты болады және оған ешкімнің жөнді – жөнсіз араласа беруіне қақысы жоқ. Қазақстанның да өзге мемлекеттерде қалып қойған жерлерінің атаулары өзгеріске ұшырады. Бірақ ешкім ештеңе деп жақ ашпады. Енді Қазақстандағы қала атауларын қазақшаласа ешкімнің ештеңе деуіне қақысы жоқ деп ойлаймын. Усть-каменогорск атауын өзгерту үшін қазақ ғалымдары бірнеше атау ұсынуда. 1723 жылы Ресей саяхатшысы К.Миллер осы жерге келгенде сақ қорғандарын тауып, қазба жұмыстарын жүргізген. Бұл қаланың әскери бекініс ретінде салынғаны шындық. Халықтың ауызекі тілінде «Өскемен» деп аталып кеткендіктен, солай өзгертілуі мүмкін. Ал жеке өз басым «Тасқорған» деген атауды ұсынар едім. Қорған – қала деген ұғымды білдірсе, «тас» деп атау себебім – қаланы тау – тас қоршап тұрғаны да ақиқат, - деген жауап алдық.

Жоғарыда аты аталған мақалада автордың:

-Похоже, что название Оскемен сегодня встречается повсеместно: от прогноза погоды до почтовых посылок – Усть-Каменогорск – употребляется все реже и реже. А тут еще письмо президенту. Готовится почва для скорого переименования? - деген сұрағына тілдерді дамыту басқармасының бастығы:
-Если говорить о переименовании городов серьезно, как того хотят авторы письма, нужна народная воля. Чтобы сами горожане собрались и выразили такое желание. А не просто кто-то так сказал или в письме написал. Это долгий процесс,- деп жауап берген. Осы тұста ниет болса қала атауын өзгертудің түрлі себептері табылады, ал ниет жоқ жерде өзгерту мүмкін емес сылтаулар да табыла береді деген түйінге келдік. «Замечу лишь, что существует приказ президента Казахстана, в котором черным по белому написано, что название Оскемен употребляется наравне с Усть-Каменогорском» деген жауапқа қанағаттанбаған журналист:

-Но ведь это бессмыслица. Русскоязычное название -Усть-Каменогорск, казахское – Оскемен. Получается, у нашего города два названия? - деп, бір қаланың екі атауы болуы қисынға келмейтінін тілге тиек етіп еді «Приказ президента имеет силу закона, здесь нечего обсуждать» деп қысқа да нұсқа жауап қайырыпты. Айдын Шаймарданов бұл жауабы арқылы «Если говорить о переименовании городов серьезно, как того хотят авторы письма, нужна народная воля» деген өз сөзін өзі жоққа шығарады. Шынымен де, Елбасының бір-ақ ауыз сөзі көп нәрсе өзгерте алатыны ақиқат...

Мақалада қазақстандық тарихшы Александр Алексеенконың төмендегідей пікірі келтірілген:

-Когда переименовали Семей – там этнически другой состав населения, немного другой жизненный уклад. В Усть-Каменогорске иная картина. К тому же о какой исторической справедливости говорят авторы письма? Какое название «возвращать» городу?

Бұл орайда Семей мен Өскеменнің «тағдыры» ұқсас екенін айта кетпеске болмайды. Екі қала да бекініс ретінде пайда болған. Семей атауы да Семипалатинск сөзінің фонетикалық өзгеріске ұшыраған түрі. Қала атауын өзгерту мәселесіне келгенде ғалымдар сан түрлі нұсқалар ұсынған. Соның бірі - «Жетішатыр» атауы еді, ең ақырында «Семей» деген нұсқасы қабылданды. Өскемен атауын да оы жолмен өзгертуге болады.

Мақала авторының «Қалайша бір қаланың екі атауы болады?» деп байбалам салып, әділетсіздік деп тауып және көз жұма қарау мүмкін емес деген пікірде болса... Дәл осындай көз жұма қарау мүмкін емес мәселе жайлар көптеп кездеседі біздің қалада. Мәселен, онамастикалық заңдылықтарды белден басып, екі тілде аталатын көшелер мен даңғыл атауларын тізіп шығу үшін саусақ саны аздық етеді. «Тәуелсіздік» даңғылының екі тілде аталуының өзі өрескел қате. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «әділеттіліктің» ақ туын желбіреткісі келетін өзге ұлт өкілдері өз мүдделеріне ғана қатысты мәселеде үн қатпай, ауасын жұтып, емін – еркін тұрып жатқан елдің қадірін біліп, оның тіліне, дініне, салт – дәстүрі, заңдар мен заңдылықтарына құрметпен қараса деген ниет қана... Ұлт жанашыры Қажымұқан Ғабдолла айтқандай «Қазақтың қамын жемеген – нанын жемесін!»

Зарина ДОЛАТАЙ

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив