KZ
Өскемен
+20°
ясно жел 4 м/с, З
439.43 473.31 4.82

Ардагердің ұрпақтары көшені жөндеуге 10 миллион бөлді

14.05.2012, 18:00 124


Күршім ауылындағы Черкасов көшесіне Ұлы Отан соғысының ардагері, Күршім ауданының Құрметті азаматы, білім саласына ерен еңбек сіңірген Мұхаметқалым Шаяхметовтің есімін беруге арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Altaynes.kz тілшісі.

Көше тұрғындарымен бірге аудан орталығындағы еңбек ұжымдарының өкілдері, Күршім мектеп-гимназиясының ұстаздары мен оқушылары, марқұм М.Шаяхметовтің туған-туысқандары және Өскемен қаласынан арнайы келген ұлы қатысқан салтанатты жиында ұлағатты ұстаздың қандай құрметке де лайықты екендігі айтылды.

1922 жылы Семей губерниясы, Күршім-Алтай болысының 6-шы ауылында шаруа отбасында дүниеге келген Мұхаметқалым Шаяхметұлының Ұлы Отан соғысында атқыштар полкының барлаушылары қатарында соғысқандығы, ерлігі үшін «Отан соғысы» орденімен, көптеген медальдармен марапатталып, Сталинград түбіндегі қиян-кескі шайқаста ауыр жарақат алып, туған жеріне қос балдақпен оралғандығы бүгінгі жас ұрпаққа өнеге.

Мектепте мұғалім бола жүріп, сырттай оқып, жоғары білім алған. Парасаттылығы мен іскерлігінің арқасында қатардағы мұғалімдіктен аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне дейін көтерілген М.Шаяхметұлының шәкірттері тәлімгер ұстаздың үмітін молынан ақтауда.

Жиында Күршім ауылдық округінің әкімі Е.Тоқаев ардагер ұстаздың үлкен ұлы, «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ-ның президенті Бағдат Шаяхметовке құрылысы көп жыл бойы алға жылжымай тұрған мектептің салынып бітуіне қаржылай көмек көрсеткені үшін барша Топтерек ауылы тұрғындарының атынан алғыс айтты. Көше атауының ресми өзгертілуі туралы шешім салтанатты түрде Құмарбек Мұхаметқалымұлына табысталды.

Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы әрі осы көшенің тұрғыны Е.Ақтекенов бұл көшедегі 48-ші үйде көп ұлттың 188 адамы тұрып жатқанын, олардың бәрі де көшеге Мұхаметқалым Шаяхметұлының есімі берілетіндігін бірауыздан қолдағандығын жеткізді.

Ардагер ұстаз Қуанышбай Сембаев алдағы уақытта ардагер атындағы көше күрделі жөндеуден өткізіліп, жаяу жүргіншілерге арналған табанжол төселетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, аудандағы бетке ұстар білім ордасы – Күршім мектеп-гимназиясына ұстаз ағаның есімін беру туралы ұсыныс жасады.

Марқұм әкесінің құрметіне ұйымдастырылған айтулы шараға Өскеменнен арнайы келген Құмарбек Мұхаметқалымұлы ауылдастарына шынайы ризашылығын білдіріп, ардагердің ұрпақтары осы көшенің жөнделуі үшін 10 миллион теңге ақша бөлгенін жеткізді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив