KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Өз теріңмен тапқан ас дәмді емес пе?..

10.05.2012, 18:00 116


Несін жасырайық, орыс ауылдарының тұсынан өткенде жайқалған ағаш пен бейне бір сызғышпен сызып қойғандай жеміс көшеттері кәдімгідей қызықтырса, қазақ ауылдарының үйлері қалың арамшөптен көрінбей, қарадай құлазытатыны бар. Мұнымызға елдегі ағайын өкпелемесін, сол жерлерді жетімсіретпей, жайқалтып қоюға біздің қанымызда бар жалқаулық жібермейтін секілді. Оны ондағылар «арықтың суы жетпейді» немесе «тасып, суару қиын» деген уәжбен «атқара алмай» жүр.

Бұрынырақта біздің ауылда Степан деген жалғыз орыс тұрды. Көктем туысымен үйінің айналасын тырмалап, жер қопарып, жеміс егетін сол шалдың шілде айы орталағанда бақшасы жайқалып шыға келетін. Содан соң-ақ үйіне қонақ кеп қалған, әйтпесе баласы қияр мен қызанақ жегісі келген қазақтар соның үйін бетке алушы еді. Әрине, ауылдастары Степан шалдың жемістерін сатып алатын.

Бірде біраз жыл көрші тұрып, көшіп кеткелі бірсыпыра болған Валентина атты танысыммен кездесіп қалдым. Оны-мұны әңгіме қылған ол саяжайға бара жатқанын айтты. Мен «жалғыз басыңа не жетпей жүр, жұмысың тағы бар, жатпайсың ба, тегі» десем, «маған айлығым да жетеді ғой, тек қысқа біраз ақшалай қор жасап алу үшін қамданамын да» деді ол әлдененің ұшығын шығарып. Сөйтсек, «қамданатыны» көрші қазақтардың қамы екен. Валямыз жаз бойы, яғни, демалыс күндері жатпай-тұрмай бақшасын өсіріп, оның жемісін көрші тұратын қазақтарға сатып, әжептәуір ақша жинап алатын көрінеді. Қазекемдер алыстан арбаламай, жанынан табылған жеміс-жидекті сатып алып мәз, орекем ақшалы болғанына мәз! Міне, қаладағы кей қазақтардың тірлігі...

Тағы бірде біраздан бері көрінбей кеткен Лидияның балаларын еңбекке баулу үшін көпқабатты үйдегі пәтерін жер үйге айырбастағанын естідім. Оның сонда «Балаға жұмыс істетіп үйретпесең, ертең өмірден бос қалады ғой. Қазір нан мен сүттен басқаның бәрі өзімізден, біріншіден, балалар бақша өсіруге әбден төселіп алды, екіншіден, олардың жеке есепшотын ашып, күнделікті қажеттіліктен артылғанды салып жатырмын» деген сөзі көпке дейін санамда жүріп алған еді.
Біз бұл жерде бар қандасымыз қол қусырып, бос отыр деуден аулақпыз. Десек те, біразымыздың сол орыс ағайынның жермен жұмыс істеп, пайда тауып жатқанынан бір сабақ алар кезіміз болды ғой. Қашанда өз теріңмен тапқан ас дәмді екенін кім жоққа шығармақ?..

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив