KZ
Өскемен
+13°
пасмурно жел 3 м/с, В
441.66 475.14 4.86

Екі ел арасындағы ынтымақтастық көкжиегі кеңейе түспек

26.04.2012, 18:00 104


Кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ осыдан екі күн бұрын ғана Ақордада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қабылдауында болып, салтанатты түрде сенім грамотасын алған Корея Республикасының еліміздегі жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чухёнмен кездесті.

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ең алдымен корейлік елшіге өзінің өңірлерге сапарын біздің облыстан бастағаны үшін үлкен алғысын жеткізді.
– Бұл сіздің ел үшін Қазақстанмен ғана емес, оның өңірлерімен де достық байланыстың аса маңыздылығын көр-сетсе керек. Өзіңіздің әріптестеріңізден де естіп біліп жатқан боларсыз, біздің өңір мен Кореяның арасында берік қарым-қатынас орнаған. Әсіресе, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, туризм, ауыл шаруашылығы салаларында қолға алынған бірлескен жобалар көп. Солардың бірі де бірегейі ретінде «Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ мен кореялық РОSСО компаниясының арасындағы титан құймасының тағы бір түрін өндіретін жаңа зауытты атауға болады, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Құны 53 миллион АҚШ доллары тұратын инновациялық жоба жүзеге асатын болса, жылына 5 мың тоннаға жуық титан құймалары шығарылмақ. Сондай-ақ, облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жыл сайын арадағы тауар айналымының да артып келе жатқанын атап айтты. Қарап отырсақ, Шығыс Қазақстан мен Корея арасындағы тауар айналымы өткен жылы 2010 жылмен салыстырғанда төрт есеге өсіп, 137 млн. долларды құрапты. Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ әңгіме барысында жаңа елшіге осындағы «Азия Авто» кәсіпорнының кореялық «KIA» автокөлігін құрастыруды да қолға алғанына біраз уақыт болғанын құлаққағыс етті. Енді Қазақстан халқы сапалы да арзан автокөліктерге қол жеткізетін болады.
Сонымен қатар өңірдің Кореяның Кангвон провинциясымен байланысы ерекше. Өткен жылы Кангвон провинциясы мен Шығыс Қазақстан облысы арасында өзара достық пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған-ды. Содан бері екі аймақтың арасындағы ынтымақтастық тереңдеп дамып, барыс-келіс те көбейіп келе жатқан көрінеді. Таяуда ғана Өскеменнің бір топ денсаулық сақтау саласының мамандары Кангвонға барып, білімдері мен біліктіліктерін жетілдіріп келген екен.
– Әлі таныса жатарсыз, өңірде корей диаспорасы бар, – деді облыс Әкімі.
– Жоғары оқу орындары арасында да өзара әріптестік жақсы жолға қойылған. Екі елдің ғалымдарының көп күш салуының арқасында әртүрлі ғылыми шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады.
Өз кезегінде Кореяның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чухён облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА осынау жылы қабылдауы үшін үлкен ризашылығын білдірді.
Қазіргі күні Қазақстан мен Корея Республикасының арасындағы достық қарым-қатынастың өте жоғары деңгейде дамып келе жатқанын, өзінің де алдағы уақытта осынау байланысты әрі қарай дамытуға барлық күш-жігерін жұмсайтынын тілге тиек етті. Бір атап айтарлығы, біраз уақыт Мәскеуде қызмет істеген жаңа елші Пэк Чухён ресми тілде аудармашысыз таза сөйлейді екен.
Сондай-ақ, екі жақты кездесуде туризмді дамыту мүмкіндіктері де сөз болды. Шығыста шырайлы жерлер көп. Бұл жер асқақ тауымен де, сарқыраған өзен-көлімен де, кең де жазық жазиралы даласымен де мақтана алады. Мұнда туризмді дамытуға тілек білдірген корейлік кәсіпкерлерді де ешкім өзекке теппейді. Осы кездесуде Корея Республикасының еліміздегі бұрынғы төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған Ли Бен Хва мырза таяуда бір топ кәсіпкерлерді бастап, аймаққа келуді жоспарлап отырғаны да белгілі болды.
– Біз мұндай кездесулерді қуана құптаймыз. Өйткені, жиі кездесіп, бас қосқан сайын екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың да көкжиегі кеңейе түседі, – деді облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.
Кездесу соңында тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етті.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив