KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 0,9 м/с, В
479.71 533.77 5.16

Бүлдіршіндер өнерімен тәнті етті

12.04.2012, 18:00 162


Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл тек қазақтарға ғана емес, бүкіл қазақстандықтарға қажет бола бастаған сыңайлы. Мұндай ойды біз Өскемен қалалық әкімдігіне қарасты №9 «Арман» балабақшасында өткен «Біз қазақша сөйлейміз» атты байқаудан түйіп қайттық.

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйтқы болуымен өткен бұл сайысқа 4-6 жас аралығындағы өзге ұлт өкілдерінің бүлдіршіндері келіпті. Мемлекеттік тілді меңгере бастаған өнерлі балалардың балдай тәтті тілі мен қызықты қылықтары көрермендерді де, қазыларды да қарқ қылды. Қарқ қылды дегеніміз, қазақ тілін «қатырып» сөйледі дегендік емес. Десе де, олардың құлшыныстарының қуантқаны бар.

Сайысқа облыстағы өзге ұлттар көбірек шоғырланған Курчатов, Бесқарағай, Зырян, Глубокое, Шемонайха, Бородулиха, Ұлан, Риддер, Семей, Өскемен сынды қалалар мен аудандардан он бала қатысты. Бүлдіршіндер қазақтың ұлттық киімдерін киіп, мемлекеттік тілде туған жерді, Отанды сүюге арналған тақпақтары мен таныстыруларын айтқанда, көрермендер олардың біреуін де қошаметсіз қалдырған жоқ.

«Мен бақытты баламын», «Әнші балапан», «Мен айтайын тақпақ», «Ол кім, бұл не?» сынды төрт кезеңнен құралған сайыста оза шауып, бәйгелі болған жеңімпаздар анықталған жоқ. Есесіне қазылар алқасының шешімімен он бүлдіршінге де он аталым бойынша мақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

– Біз үміткерлерді бірінші, екінші деп бағалаған жоқпыз. Себебі, шынын айту керек, үміткерлердің дайындығы ол деңгейге жетпейді. Бірақ олардың әрқайсысының өздеріне шап-шақ және өте әдемі киімдері мен мемлекеттік тілге деген құлшыныстары қызықтырып отыр, – деді қазылар алқасының мүшесі, облыстық білім басқармасының бас маманы Алмагүл Сейілханова. Оның айтуынша, дәл осындай сайыс бұдан бұрын да бір рет өткен көрінеді. Алғашқы өткен сайыспен салыстырғанда бұл жолғы балалардың аяқалысы анағұрлық жақсы екенін де жасырмады білім саласының бас маманы.

Сонымен Өскемен қаласының үмітін арқалаған Влада Тараданова «Зерек бала», семейлік София Белякина «Ақылды бала», риддерлік Влада Красикова «Өнерлі бала», Курчатовтан келген Александра Бурнашова «Дарынды бала», Бесқарағайдың үкілі үмітін арқалаған Розалия Колесникова «Ақжарқын бала», бородулихалық София Журба «Әнші бала», Глубокое ауданынан келген Александр Латыш «Білімді бала», Зыряннан келген Иван Чураков «Тапқыр бала», ұландық Татьяна Гладышева «Көңілді бала», ал Шемонаиха ауданынан келген София Салова «Сүйкімді бала» аталымдарын еншіледі.

Мәлімет көзі Altaynews




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив