KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 1 м/с, С
465.52 498.2 5.45

Он тілде оңай сөйлейтін қазақ қызы

4.02.2016, 18:00 242



Өткен жылдың күзінде Өскеменге америкалық лингвист ғалым, Индиана университетінің профессоры Уильям Фиерман келген болатын. Бір емес, бірнеше тіл білетін полиглот-ғалым біраз жерлерде кездесу өткізді. Жұрт көп тіл білетін американдыққа ауыздарын ашып, ерекше таңданыс білдірді. Сөйтсек, мұндай полиглоттар өзіміздің арамызда да бар екен. Көп тілді меңгеру американдықтардың ғана емес, қазақтың да қолынан келетін көрінеді. Сондай полиглоттарымыздың бірі - Жұлдызай Назарқызы Форт. Мамандығы бойынша дәрігер әрі психолог болғанымен, Жұлдызай оншақты тілді өздігінен меңгерген полиглот. Жақында ол Шығыс Қазақстан облыстық кітапханада көп тілді қалай меңгеру қажеттігі жайында дәріс оқып, шеберлік сыныбын өткізді.

Зеректігімен профессорларды таңғалдырыпты

Маған ерекше ұнағаны - Жұлдызай ең алдымен өзінің ана тілінде жатық та әдемі сөйлейді екен. Ақын Қадыр Мырзалиевтың «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» дегені де осы шығар. Менің таңданысымды көрген Жұлдызай:

- Мен жүз пайыз қазақпын, - дейді жымиып. Алаш баласына ардақты қасиетті Түркістан топырағында туып өстім. Ата-анам - мұғалімдер еді. Әкем қазақ тілі мен әдебиетінің, анам бастауыш сыныптың мұғалімі болатын. Отбасында менен басқа әпкем мен ағам бар. Бірақ екеуі де орыс мектебінде оқыды. Мен де орыс мектебін медальға бітірдім. Бірақ сенсеңіз, сегіз жасқа келгенше бір ауыз орысша білген емеспін. Түркістандағы Ленин атындағы қазақ мектебінің бірінші сыныбының табалдырығын аттап, оны мақтау қағазымен аяқтадым. Бірақ екінші сыныпқа баратын кезімде өзімнен жеті жас үлкен әпкем ата-анама мені орыс мектебіне беру қажеттігін айтты. Өйткені, өзіңіз білесіз, кеңестік заманда орысша білім алудың өзіндік артықшылығы болғаны рас. Әрі кеңес адамдарының санасына «орысша білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген психология мықтап орнығып алған болатын. Сөйтіп, анам мен әпкем екеуі қаладағы орыс мектептерін аралады. Мен де қастарында еріп жүрмін. Әпкем «сен өзі ең болмаса, орысша бір ауыз сөз білесің бе?» деп сұрап қояды менен. Мен «білемін» деймін. «Қандай сөз білесің? Айтшы» дейді әпкем. «Чичас» деймін мен. Чичасым сейчас дегенім ғой өзімше. Әпкем «Глупая, оказывается ты ни одного слова не знаешь по русски, ну как ты собираешься учиться?» деді маңдайымнан түртіп. Әрине, бойымда бір түрлі қорқыныш болғанын жасырмаймын. Бір жағынан, орысша оқыған қалай болады екен деген қызығушылық та жоқ емес. Сол қызығушылық басым болды ма, білмеймін, әйтеуір орыс мектебінің табалдырығын қорықпай аттадым. Сөйтіп, мен бірінші сыныпты қайта оқыдым, бұл жолы орыс тілінде. Оның үстіне Марина Дмитриевна Жукова деген мұғалімім де өте жақсы кісі болып шықты. Қателігімді бетіме баспай, керісінше «ничего, ничего научишься» деп арқамнан қағып қоятын. Сондағы менің тапқан бір қулығым, балалардың қимыл қозғалысын бақылау еді. Олар не істесе, соны істеймін. Математика жағынан онша қиын болмағанымен, тіл сабақтарынан кәдімгідей қиналдым. Үйге келгенде білмегенімді әпкем мен ағамнан сұрап, олардың мазасын алатынмын. Бірақ үш ай өткеннен кейін-ақ орыс тілінде зырылдап сөйлеп кеттім. Кейін сыныптастарымның алды болдым. Сөйтіп, орыс мектебінің бірінші сыныбын да мақтау қағазына аяқтап, он жыл бойы үздік оқып, мектепті медальға бітірдім. Десе де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғандықтан ба, әкем үнемі үйде қазақша сөйлегенімізді бізден талап ететін. Қазір әкемнің сонысы дұрыс болған деп ойлаймын,- дейді ол әңгімесін әрі сабақтап.

Өзінің айтуынша, Жұлдызай мектепте оқып жүрген кезінде бірнеше салаға қызығушылық білдіріпті. Зерек те зерделі қыз бірде археолог болғысы келсе, енді бірде журналист болуды қалайтын. Кейде көкейінде дәрігер болсам деген арман да бас көтеретін. Бірақ жеме -жемге келгенде соңғысы басым түсіп, ол Мәскеудегі Сеченов атындағы мемлекеттік медициналық университеттің студенті атанады. Орысша таза сөйлейтін, өте білімді қазақ қызына профессорлардың өзі таңғалатын еді. Тіпті олар Жұлдызайға «Сен орысша қалай таза сөйлейсің? Сен арнайы лингвистикалық мектепте оқыдың ба? Сен химия пәнін қалай жетік білесің?» деген сынды сауалдар қоюды да ұмытпайтын. Сондай сәттерде Жұлдызай «Мен неге орысша жақсы сөйлемеуім керек? Мен неге химияны жақсы білмеуім керек? Менің өзгеден қай жерім кем? деп іштей намыстанып та қалатын еді.

Көп тілді меңгеруКөп тілді меңгеру

Кейіннен 1986 жылғы оқиға орын алды.

- Бір күні аудиторияға келсек, бәрі бізге бір түрлі үдірейіп қарайды. Сөйтсек, Алматыда болған желтоқсан оқиғасын студенттер де естіген екен. Орыстардың бізге деген салқын көзқарасын өздері айтпаса да, сездік. Тіпті, кейбір студенттермен Қазақстанды неге өзге ұлт өкілі басқаруы тиіс деп дауласып та қалдық, - дейді ол сол бір жылдарды еске алып.

Осы оқиғадан соң, көп ұзамай қайта құру заманы басталады да, Жұлдызай елге оралуды ойлайды. Бұл ойын оның ата-анасы да құптайды. Сөйтіп, Қазақстанға оралып, оқуын Қарағанды қаласындағы медицина университетінде жалғастырады.

Ағылшын тілін үш айда үйреніп алыпты

Университетті тәмамдаған соң, жолдасы екеуі Шымкент қаласында тұрады. Жолдасы стоматолог болып қызмет істесе, бұл бала тәрбиесімен айналысады.

- Үйде жұмыссыз отырсам да, мен әрқашан бірдеңе үйренуге құштар едім. Осы кезде бала кезден арманым болған ағылшын тілін үйренуді мықтап қолға алдым. Ол уақытта қазіргідей қаптаған тіл орталықтары жоқ. Ағылшын тілін білетін біреуді репититорлыққа жалдағаныммен оның білгені екі айға ғана жетті. Содан соң, қажет кітаптарды сатып алып, тілді өз бетіммен үйрене бастадым. Бір күні газетті қарап отырсам, «Шекарасыз дәрігерлер» деген халықаралық ұйымға қазақ, ағылшын тілдерін білетін дәрігер қажет деген хабарландыруды көзім шалды. Ішкі бір түйсік «саған лайық жұмыс осы» дегендей болды. Газетте көрсетілген мекен-жайға бардым. Жолым болып, жұмысқа орналыстым, - дейді Жұлдызай Назарқызы.

Ағылшын тілінде сөйлеу Жұлдызайға басында қиын болғанымен, екі-үш айда-ақ жүйрік сөйлейтін болып алады. Кейін осы халықаралық ұйымда жұмыс істей жүріп, Жұлдызай неміс, француз тілдерін үйренуді де қолға алады.

Қазіргі күні Жұлдызай қазақ, орыс тілдерін қоспағанда алты тілде жетік сөйлейді. Ал соңғы үйренген швед және грек тіліндерін білу деңгейі өзінің айтуынша нан тауып жей алатындай халде екен.

Кейде біз тілдік орта жоқ дегенді сылтауратып, шет тілдерін үйренуді кейінге шегере береміз. Ал біздің кейіпкеріміз «тілдік ортаны өзіңіз әдейілеп іздеуіңіз керек» деп санайды.

- Шетелдіктерді көрсеңіз, қорықпаңыз. Ұшақта немесе пойызда келе жатып, шетелдіктермен сапарлас болсаңыз, сөйлесіңіз, жөн сұрасыңыз. Содан кейін қазіргі заманауи технологияның дамыған заманында тілдік орта жоқ деу жай ғана сылтау. Ғаламтор арқылы да тілдік ортаны тауып, қалыптастыруға болады, - дейді ол.

Тіл үйрену, әрине, оңай шаруа емес. Десе де Жұлдызай Назарқызы неғұрлым көп тіл білсең, өзге тілді меңгерудің соғұрлым оңайға түсетінін айтады. Себебі, ағылшын тілінің 70, орыс тілінің 60 пайызы өзге тілден енген сөздер екені белгілі. Тіпті, ағылшын тілінде қазақ тіліне де ұқсас сөздер бар. Өйткені кейбір ғалымдардың пікірінше, он сегізінші ұрпақта адамзат баласы бірімен бірі туысқан болып кететін көрінеді. Сол секілді тілдер де бірімен-бірі туысқан. Жұлдызай жақында бір газеттен латыш тілі түрік тіліне ұқсас деген мақаланы оқып, таңданғанын да тілге тиек етті.

Жұлдызай Назарқызы елімізде жүргізіліп отырған үш тұғырлы тіл саясатын өте дұрыс шешім деп санайды. Осы орайда тағы да сөз кезегін Жұлдызайға берсек:

Жұлдызай ФортЖұлдызай Форт

- Адам ең болмаса бір шет тілін үйренсе миында тілді үйрену схемасы пайда болады. Егер үш тіл білсең, өзге тілді үйрену оңайға түседі. Тіл үйренуге ең алдымен қызығу керек. Шын ниетіңмен қызықсаң ғана, қандай да бір жетістікке жете аласың. Байқағаным, өзіне- өзі сенімі аз адамдар маған күмәнмен, қызғанышпен қарайды. Тіпті, олардың мен туралы отбасы жоқ, күні бойы тіл үйренуді ғана ермек еткен кәрі қыз шығар деп те ойлайтынын жақсы білемін. Ал керісінше өзіне өзі сенімді адамдар «Ой, сен осынша тілді қалай үйрендің?» деп шынайы қызығушылық танытады. Көрдіңіз бе, қызғану мен қызығудың арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Сондықтан да қызғанбау керек, қызығу керек. Қызғанатындарда тілді меңгеруге кедергі жасайтын психолгиялық ахуал бар. Ондай адамдарға «Кел, мен саған үйретейін» десең, «қойшы, мен бәрібір үйрене алмаймын» деп кері тартады.

Содан кейін қаншама шетелдік компаниялар мен халықаралық ұйымдарда жұмыс істеп жүріп байқағаным, шетелдіктердің өзінің туған тілін білетін қазақтарға деген құрметі ерекше болады екен. Шетелдік компанияға жұмысқа орналасқанда, олар ең бірінші сенен «ағылшын тілін білесің бе?» деп емес, «ана тіліңді білесің бе?» деген сауал қояды. «Әрине, білемін, ол менің ана тілім ғой» десең, сені ерекше құрметтеп, сыйлайды. Ал «білмеймін» десең, көп жылдар бойы орысқа құл болып, өзінің ана тілін ұмытып қалған деген сыңайда мүсіркей қарайды.

Әрине, Жұлдызай көп тілді меңгеруіне медициналық білімінің де көп көмектескенін жоққа шығармайды. Латын тілін үйренуінің де пайдасы зор болғаны сөзсіз. Алдағы уақытта ол бірнеше шет тілдерін үйрену жолында жинаған тәжірибесін өзгелерге насихаттап, шеберлік сыныптарын өткізуді жоспарлап отыр. Осы орайда айта кетейік, Жұлдызайдың ұлы Арман да алты тілді меңгерген полиглот.

- Тілді, өз бетіңше үйренудің өзіндік артықшылықтары бар. Біріншіден, уақытты, екіншіден, қаржыны үнемдейсің. Әсіресе, қаржылық дағдарыс дендеп тұрған қиын шақта тіл үйрену болашағыңа жаңа жол ашпақ, - дейді ол.

Біз Жұлдызайға тек сәттілік тілейміз.

Мейрамтай Иманғали
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив