KZ
Өскемен
+3°
ясно жел 1 м/с, ОШ
479.05 534.57 5.17

Ақ лимузин, қызыл кілем...

27.03.2012, 18:00 189


Өнер мен өнерліге аса бай Семей өңірінің мәдени саласында тағы бір тың жаңалық болды. Аймақтағы елге танымал сахна саңлақтары облыстық мәдениет басқармасының бастығы Жақсылық Омардың бастамасымен Театр күніне орай Абай атындағы музыкалық драма театрында бас қосты.

«Театр – халықтар арасындағы өзара түсіністік және бейбітшілікті нығайту» атты басқосуда өнер иелері Абай театрының алдына дейін ақ лимузинмен келіп, одан кейін оларды бейне Голливуд жұлдыздары сияқты қызыл кілем төселген алаңқаймен алып жүрді.
– Бұл жер қазақ өнерінің қара шаңырағы болып саналады. Өнер ордасының аға буын актерлері мен режиссерлерінің озық дәстүрлерін бүгінде де небір таланттар одан әрі жалғастыруда, – деді марапаттау рәсімінде Ж.Омар. – Театрда Қазақстанның үш халық әртісі: Күләш Сәкиева, Әбілқасым Жаңбырбаев, Бекен Имахановпен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шайзат Бахтинова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ноғайбаев тынбай еңбек етіп келеді.
Театрдың симфония оркестрі мен балет артистері классикалық шығармаларды музыкамен көркемдеп, балетпен ұштастыруға ұмтылуда. Сондай-ақ, театр жанында актерлер даярлайтын «Театр студиясы» жұмыс істейді. Студия аз уақытта ондаған жас сахна шеберлерін тәрбиелеп, үлкен өнерге жолдама берді. Театр – Каирде өткен халықаралық және республикалық фестивальдардың лауреаты. Қазақ өнерінің қара шаңырағы делінсе керек, бұл атаулы мерекенің Семейде өткізілуінде де үлкен мән жатқандай.
Басшының сөз саптауына қарағанда, келер жылы бұл игі іс Өскеменде жалғасын таппақ. Өнер иелерін қолдау мақсатында жыл сайын 300 млн. теңге қаражат бөлінеді екен. Сондай-ақ, облыстағы белді актерлерге қаржылай көмек ретінде 25 млн. теңге бөлінгенін сөз еткен басқарма басшысы «Ендігі жерде жаңа қойылымдарға да нақты қаржы берілетін болады» деп, жиналғандарды бір қуантып тастады.
Салтанаттың ресми сәтінен кейін өнер тарландарын түрлі аталымдар бойынша марапаттап, ақшалай сыйлық пен диплом табыстау рәсімі жалғасын тапты. Марапатқа алдымен облыс орталығындағы Жамбыл театрының қазақ және орыс труппалары ие болды. Бұл өнер ордасындағы қазақ труппасының бір ерекшелігі, өз жұмысын еліміз егемендік алғаннан кейін ғана бастаған. Соған қарамастан талай күрделі қойылымдармен облыс пен республиканы былай қойғанда, алыс-жақын шетелдерге танылып үлгерді. Мәселен, 2000 жылы театрдың қазақ труппасы алғаш рет театр маусымын Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклімен ашқан болатын.
– Осындай мерекеде бас қосып, көрерменмен қауышу – біз үшін аса қуанышты жағдай, – деді Жамбыл атындағы театрдың директоры Руслан Қайырсынов. – Қазақ ұжымы құрылғанына біраз ғана болғанына қарамастан, халықтың көңілінен шығып келеді. Мәселен, Иран-Ғайыптың «Махамбет» трагедиясы Махамбеттің 200 жылдығына арналып, Оралда өткен XI республикалық театр фестивалінде, сол сияқты Т.Ахтановтың «Әке мен бала» психологиялық шығармасы Қ.Жандарбеков пен К.Байсейітованың 100 жылдығына арналған XIII республикалық театр фестивалінде лауреат атанды. Ал қазақ труппасының актрисасы Г.Сүлейменова «Үздік эпизодтық рөл» аталымына ие болып, Қызылорда жұртын бір тәнті етіп қайтқан-ды. Актерлеріміздің шеберлігі соншалық, олар кез келген тілді еркін меңгеріп, ойнай алады. Қырғызстанда өткен Орта Азия театрларының «Есіккөл фестивалінде» көрсетілген Ж.Өзубековтің «Толғақ» драмасына қырғыз ағайындар бек риза болып, «Үздік психологиялық спектакль» атағын берді және Қырғыз елінің Президенті жанындағы тіл комиссиясы «Қырғызстанда мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері үшін» атты Құрмет грамотасын табыстады. Балаларға арналған тақырыптар да назардан тыс қалған емес. К.Чуковскийдің «Цокотуха-шыбын» ертегісі Астана қаласында өткен фестивальда «Үздік ертегі» аталымын иемденді. Айта берсе, жетістіктеріміз өте көп. Ең бастысы, талантты режиссер Рүстем Есдәулеттің көзі тірісінде қолға алған Абайдың «Атымды адам қойған соң» спектаклін дайындаған едік. Еліміздің біраз өңірлерінде сахналанып, халықтың ықыласына бөленген бұл спектакль Татарстанда өткен түркі халықтарының «Наурыз» фестивалінде лауреат атанды. Сол кезде Қазанда жүрген түрік ағайындар спектакльді көріп, қатты қызыққаны бар. Енді алдағы уақытта сол ағайындардың шақыртуы бойынша Түркияның Коние қаласының жұртшылығына осы қойылым-ды ұсынбақшымыз.
Мерекеде Семейдегі Достоевский атындағы орыс драма театрының ұжымы да марапатталды. Театр ұжымдарын марапаттау рәсіміне қаладағы жоғары оқу орындарының басшылары мен «Шығыс» аймақтық әскери округінің өкілдері қатысып, өздерінің игі тілектері мен ықылас-ниеттерін білдірді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив