KZ
Өскемен
+12°
ясно жел 2 м/с, С
443.35 475.54 4.82

Болат АТАБАЕВ, «Ақсарай» мюзикл театрының жетекшісі, режиссер: – Мен үшін саптама етік киіп, қамшы ұстап жүру ұлттық құндылық емес

21.02.2012, 18:00 128


Жамбыл атындағы облыстық драма театрында белгілі жаңашыл режиссер, Орта Азиядағы тұңғыш «Ақсарай» атты мюзикл театрының жетекшісі Болат Атабаев жергілікті артистерге бір апта бойы шеберлік сыныбын өткізіп, сахна өнерінің қыр-сырын үйреткен болатын. Режиссураның жілігін шағып, майын ішкен, спектакльдері Германияның театрларында сахналанған, эксперимент жасаудың шебері атанған режиссердің айтқан ақылы біздің актерлеріміз үшін баға жетпес тағылым болды. Қазақ труппасының маусымды ашқан қойылымынан кейін қазақ театрының мэтрімен жүздесіп, ой бөлісуге мүмкіндік туған еді.

Қазақ театрына кәсібилік жетіспейді
– Болат аға, біздің артистердің ойнына қандай баға бересіз? Жалпы марқұм Рүстем Есдәулетовтің шығармашылығымен таныс па едіңіз?
– Рүстеммен етене араласпасам да, бір-бірімізбен ой бөлісетінбіз, пьесалар сұрайтынбыз. Менен Т.Жүженоғлының «Көшкін» пьесасын алып, әзірлеп жүрген еді, амал нешік, үлгермеді... «Толғақтан» басқа дүниесін көрудің сәті түспеді. Труппасына келетін болсақ, әрине олар қазір жетімсіреп қалған бала секілді. Рүстемсіз өткен бір жылда көп нәрселерінен айырылып қалған да шығар. Бірақ мен оларды кінәлағым келмейді. Алдағы уақытта кәсібиліктерін шыңдайтын семинарлар, курстар қажет. Барлығына бірдей Жүргенов академиясына оқуға түсу міндет емес. Труппаны жұмылдырып, бір шығарманың режиссурасын талдап, соның негізінде сахна тілін, актерлік шеберлігін ұштайтын лекциялар оқыса, ой-өрістері, дүниетанымдарының көкжиегі кеңіп, өсіп-өркендеулеріне жол ашылар еді.
– Қазақ театрына дәл бүгін не жетіспейді?
– Қазақ театрына кәсібилік жетіспейді. Кәсіби деңгейді көтеретін мықты режиссерлер жұмыс істеуі керек. Театр дегеніміз тек ғимарат емес, театр дегеніміз – режиссер мен труппа. Театрдың негізгі шарты осы. Мысалы, Ашхабадта мәрмәрден соғылған бес бірдей театр болғанымен, не дұрыс режиссурасы, не әртістері жоқ, одан пайда қанша? Адамдардың рухани баюына жол ашатын да өнер. Мен осы жердегі көп әртістермен тілдестім, көбі баспанаға зәру, жалақылары төмен. Күні-түні пәтерге төлейтін ақшаны қайдан табамын деп ұйқысы бұзылып, шақшадай басы шарадай болып жүрген әртістер кешке сахнаға қалай шықпақ? Басы басқа оймен толып тұрғасын оларда ішкі еркіндік те жоқ, жан-тәнімен ойынға беріле де алмайды. Алдымен әлеуметтік жағдайларын көтеріп, содан кейін барып талап қоюға болады.
– Спектакль кезінде режиссер мен актердің қарым-қатынасы қалай қалыптасуы керек, кімге кім тәуелді?
– Актер тәуелді, оны олар мамандықты таңдаған кезде-ақ білген. Бірақ режиссердің актердің алдына шығуға қақысы болу керек, жақсы режиссура болмаса ол қалай театрды алға сүйрейді? Менің басты талабым – актердің кәсіби деңгейі жоғары болсын, мен үшін талантты болу шарт емес. Талантты журналист, талантты экономист деген өлшем жоқ мен үшін. Талант деген не ол? Бұл бар болғаны кәсібиліктің шарты ғана, құдайдың берген сыйы. Соны кәсіби деңгейге айналдыра білу керек қой. Шеберлігі мықты артист қызметіне мығым, жұмысқа кешікпейді, рөлді жаман ойнамайды. Ал талант деген шабыты келсе бар, келмесе жоқ, нағыз сорлы, сосын ішеді. Ішіп кеткен өнер адамдарын қалай түсіндіреміз? «Шабытын іздеді» деп ақтаймыз. Ал кәсібилігі терең болса, екі қолын қусырып, көктен шабыт тосып отырмас еді. Режиссер қашанғы күтіп отырады, театрда күнде қойылым, күнде сахнаға шығу керек.

«Ақсарай» – Орта Азиядағы бірден-бір мюзикл театр
– Сізді қалыпты, жаттанды сүрлеуден қашқақтап, жолсыздан жол табатын, серпіліс тудыруға бейім режиссер ретінде білеміз. 2005 жылы мемлекеттік театрлармен ат-құйрығын үзісіп, өзіңіздің жеке «Ақсарай» мюзикл театрыңызды аштыңыз. Бүгінге дейін көрерменді қандай тың дүниелермен таңғалдырдыңыз? Сезімдерін селт еткізер әдістер таптыңыз ба?
– Мюзикл жанры – Шығыстың төл өнері, бастауын Қытайдан, Үндістаннан алады, кейін Батысқа барып, одан бізге өңін айналдырып қайта келген ғой. Күләш Байсейітованың, Құрманбек Жандарбековтың, Қанабек Байсейітовтың, Үрия Тұрдықұлованың үндері жастайымнан құлағымда қалды, радиодан тыңдап өскен ұрпақтың өкілімін. Батырлар жырларын, ертегі-дастандарды әке-шешем де оқып беретін. Содан болар, алғашқы қолға алған дүнием – «Қыз Жібектің» Е.Брусиловский жазған нұсқасы. Осы уақытқа дейін сахнада Қыз Жібекті 50-60-ты алқымдап қалған примадонналар, Төлегенді міндетті түрде сырықтай жіңішке жігіт ағасы, ал Бекежанды дене-бітімі мол пішілген актер ойнау қалыптасты. Менің қойылымымның ерекшелігі – Жібекті, Төлегенді, Бекежанды жастары өздерімен шамалас, 20-21-дегі қыз-бозбалалар сомдады. Кейіпкерлердің ішкі сезімдері, іс-әрекеттері де оларға түсініктірек болғандықтан, нанымды шығарған сияқты. Бұл актерлерді Жүргенов академиясында сабақ бере жүріп, өзіме арнайы дайындадым. Оның үстіне Қыз Жібек біздің санамызға әбден сіңісті болған үлде мен бүлдеге малынбай, кәдімгі қарапайым көйлекпен шықты. Қыз Жібек соңында өледі, өзіне-өзі қол жұмсау ешбір дінде мақұлданбаса да, біз кейіпкердің махаббатқа беріктігін, сол үшін жанын қиғанын осылайша көрсеттік. Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясын қойдық. «Муха-цокатуханы» орысша мюзикл ретінде сахналадық. Т.Жүженоғлының «Көшкінінде» апатты аймақта тұратын адамдардың өмірі суреттеледі, олар жылдың тоғыз айында өзара сыбырласып қана сөйлесуге мәжбүр. Бұл туындыны менің актерлерім де сыбырлап жүріп ойнады. Кезінде мен Әуезов атындағы драма театрында жүргенімде «Қарагөз» спектаклінде Қарагөздің мүрдесін киіз үйдің табалдырығына тастадым, адамдар одан аттап жүрді. Алғашында маңайымдағылардың «ойбай, мәйітті байқамай қалды» дегендерін естіп қалдым. Артынан «Сұмдық-ай, о заманда бұ заман, қазақта мәйітті кісі аттағаннан өткен қорлық бар ма?» деген пікірлер айтылды. Осы біз өлім-жітімге барғанда өзімізді қалай ұстаймыз? «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» демекші, алдымен қаралы адамға барып көңіл айтамыз, сосын көптен көрмеген бір танысымызды байқап қалсақ, бас салып құшақтап, өткен-кеткенді еске алып, күліп, мәре-сәре болатынымыз өтірік пе? Бұл қара жамылып отырған шаңырақты қорлау емес пе? Ендеше осы екіжүзділікті сахнада боямасыз бейнелеген режиссердің кінәсі қанша? Біз астарлы ой, тұспалды тағылым айтатын спектакльдер қоюымыз керек, эксперимент жасаудан қорықпаған жөн. Әділбек Тауасаровтың «Махаббат аралын» қойдық. Драмада бүгінгі күннің мәселесі сөз болады. Махаббат аралындағы орманшының өмірі бейнеленген. Бір дәрігер өзінің ашынасымен осы жерге демалуға келеді. Кезінде осы дәрігер орманшының ауырып жатқан әйеліне жәрдемдесуден бас тартып, өліміне себепші болған екен. Көп ақша сұраған ғой. Сол істеген қылықтарының бәрін алдына келтіреді. Аяғы ашынасының көзі ашылып, қандай нашар адаммен жүргенін түсінеді. Драма артистердің психологиялық өсуіне өте қажетті жанр.
– Кезінде ақсарайлықтарды ТұранӘлембанкі қаржыландырғанын білеміз. Бүгінгі күн көрістеріңіз қалай?
– Нарықтың заңына бағынамыз да. Күн көру қиындағанымен қуатымыз жеткілікті. Гастрольдерге шығамыз, өзіміздің басыбайлы ғимаратымыз болмаса да көрерменнен көп жазып қалмаспыз. Оның үстіне менің актерлерім әрі әнші, әрі биші, әрі акробат. Осындай әмбебап артистердің өнері сұраныссыз қалмайтынына сенімдімін. Біз Қазақстанның Өскемен мен Семейден басқа барлық қалаларында өнер көрсетіппіз.
– Бізді қалайша ұмытып кеттіңіздер? Әлде арнайы шақыртумен ғана келесіздер ме?
– Жо-жоқ, шақырту іздемейміз. Кім білсін, дәм тартпаған ғой...Алдағы уақытта келіп те қалармыз.

Өнер сахнасынан уақытында кету де талантқа тән
– Сіз өзі үнемі оппозицияда жүретін адамсыз. Ішкі- сыртқы дүниелеріңіздің үйлесімін таба алдыңыз ба?
– Мәдениеттің өзі табиғатқа мәңгі оппозиция, «культура всегда в оппозиции к натуре». Өнер адамының көңілі өз-өзіне қашан да толмай жүреді. Тоқмейілсуге болмайды, менің жұмысым сол. Содан кейін барып жаңа ойлар, идеялар туады. Мен тура айтатын адаммын, онымды кейбіреулер оппозиция деп түсінеді. Әйтпесе, саясатқа араласып, оппозиционер болып жүргенім шамалы.
– Абай атамыз «мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» деп айтқан ғой. Сіз өзіңізге мінездеме бере аласыз ба, Сіз қандайсыз?
– Білмеймін. Мен өзімді әлі толық түсініп болған жоқпын. Бірақ, бір білетінім – көзім тіріде кешегі күнге айналмау. Алладан жатсам-тұрсам сұрайтыным – бір белгі бере көр, «әй, сен осы қайталанып бара жатырсың» дегендей. «Атабаев, жол бер» деп жастар өкшелеп кеп қалса кетесің ғой, бірақ пендешілікпен соны ұқпай қалмасам болды. Өнер сахнасынан уақытында кету де талантқа тән. Дер кезінде кете алмай, жексұрын болып жүргендер қаншама?! Сондай болғым келмейді. «Сахнадан өлсем кетпеймін» деген не сөз? Сол да арман болып па? Әрине, ажал кенеттен сахнада келіп жатса, не шара? Адам болғасын, адам құсап туған-туысқаныңмен бақұлдасып, солардың ортасында аһар да шаһар кеткен жөн ғой.
– Қазақстанда жеке меншік театрлар көп пе?
– Өкінішке қарай өте аз. Идеясы барлардың қаржысы жоқ, қаражаты болса, керісінше, ой жоқ. Мен тоқсаныншы жылдары немістің «Бурда» атты сән журналының аудармашысы болып істедім. Қазақстанға Бурда ханымның өзі келіп Алматы облысының, Қарағанды өңірінің әйелдерімен кездесіп, олардан өздері қандай киім үлгілерін қалайтынын сызып берулерін өтінді. Қолдарына журналдың бір-бір жаңа санын ұстатты. Біздің қыз-келіншектер қолдарына түсе бермейтін басылымға ие болғандарына мәз. Шеттерінен жазып-сызып жатыр. Қазір ойласам, Бурда ханым идея ұрлап жүріпті ғой. Мәдениет саласында мемлекеттік емес ұйымдар неғұрлым көп болса, азаматтық қоғамның соншалықты дамығанының көрінісі. Кішкентай Германияның өзінде бес мыңнан астам жеке меншік театр бар.Тіл білсең, көп жерде жол ашық екеніне көзім жетті. Мен Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанаста немістердің ортасында өстім, бала кезімнен солардың тілін қатар үйрендім. Кейін шет тілдері институтының неміс тілі факультетін тәмамдадым. Неміс театрында режиссер болдым, осы тілде драма теориясы бойынша монография, пьеса жаздым, шетелге шықтым. Қазақ, орыс, неміс тілдерінде еркін ойлап, еркін сөйлеймін. Ағылшынша сөйлейтінім де бар. Тіл демекші, бірде Алматы қаласындағы қазақ мектептерінің біріне кездесуге шақырды. Оқушылардан қазақ және ағылшын тілдеріне қатысты қандай ой келетінін екі бағанаға жазып берулерін өтіндім. Үйге келіп, отыз бес парақты талдайын. Қазақ тілі деген бағананың астына барлығы дерлік Абай, киіз үй, ауыл, қымыз, алаша, шапан десе, ағылшын тілі бағанасына Оксфорд университеті, Кэмбридж университеті, Лондон, джинсі сияқты сөздер жазыпты. Сонда біздің жастарымыз ана тілімен өткенді, архаизмді байланыстырады да болашақты, жоғары білім алуды ағылшын тілінсіз елестете алмайды екен.

Ұлтжандылық пен неофашизмнің аражігін қалай ажыратамыз?
– Сіз үшін ұлттық құндылықтар деген не?
– Мен үшін саптама етік, бөрік киіп, қамшы ұстап жүру ұлттық құндылық емес. Ұлттық мүддені қорғау керек, адам болу керек. Өз басым «Қазақстан – тек қазақтар үшін» деген ұранмен келіспеймін. Ұлттық құндылық, ұлттық мүдде дегеніміз ұлттық мәдениеттің өрісін кеңейту. Өнер екі тенденция бойынша дамиды. Біріншісі – қолда барымызды қызғыштай қорып, консервативті дәстүрде даму болса, екіншісі – жаңашыл ізденіс. Мен үшін бұл екеуі бір-біріне жау емес. Өкінішке қарай біздің Қазақстанда сондай жаңсақ пікір қалыптасқан. Егер сен ізденіс тенденциясын қолдасаң, ұлттық төл өнерге қарсысың. Олай емес. Абайдың шығармашылығын зерттей жүріп, түйсінгенім – интеллигенцияның үш функциясы бар. Бірінші қызметі – ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұраны келер ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу. Екінші қызметі – инновация, яғни, кейбір адамдарға өткенді сақтап қана қою аздық етеді. Сондықтан өнерді түрлендіре түседі, жаңасын ойлап табады. Мысалы, Абай жыраулар деңгейінде қалып қоймады, сегізаяқ өлеңді қалыптастырды. Байроннан, Гетеден орыс тілі арқылы аудармалар жасады. Ал осы жаңашыл адамдар мен халықтың арасында ор болып түсінбестік жатыр. Екеуінің арасын жалғастыратын, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ағартушылардың қызметі бар. Олар – мұғалімдер, сыншылар, мұражай қызметкерлері. Аталмыш үш функцияны қатар алып жүргенде ғана мәдени мұрамыз сақталып қана қоймай, өнеріміз өркендей бермек.
– Сіз неге мен қазақпын деп айтқанды жақтырмайсыз, әлде ұяласыз ба?
– Қорықпаймын да, ұялмаймын да. Өз басым « мен қазақ болып туғаныма мақтанамын» деп лепіргендерді ұқпаймын. Оның несі мақтан, сол да мақтан болып па?
– Абайды түпнұсқасында оқи алатындығым үшін де қазақ боп туғаныма қуанар едім...
– Оған неменеге қуанасың? Қазақ боп жаралғасын, ол сенің міндетің әрі-беріден соң. Ал егер оқи алмасаң, нағыз сорлылығың. Германияда болғанымда Александр платц алаңынан жас немістерді көргенім бар. Бойлары екі метр, сымбатты жастар, білектеріне фашистердің крест белгісі соғылған, астында «мен неміс болғаныма мақтанамын» деген жазуы бар қызыл шүберек байлап алған. Бірақ олар өздерін неофашистерміз деп атайды. Ал осында бір телебағдарламаға қатыстым. Қазақтың өрімдей қыз-жігіттері отыр. Шетінен «қазақ боп туғаныма мақтанамын, мен патриотпын» деп қояды. Қарағым-ау, сонда бұл екеуінің айырмашылығы неде? Біз жастарды шатастыратын, олардың басын қатыратын осындай әсіре қызыл ұрандардан сақ болуымыз керек. Сен қазаққа не жақсылық істедің, оның өсіп-жетілуіне қандай үлес қостың, соны мақтан ет. Әйтпесе, отырып алып, ит жылы туғанымды мақтан етем, таңғы сегізде туғанымды мақтан етем деген немене мақтан ол? Бұл нағыз дарақылық, түкке тұрмайтын популизм. «Абай кришнаит» деген кітап шыққаны есіңізде ме? Ал кеп бүкіл қазақ ойбайға бассын. « Ойбай, бұл не сұмдық, біздің ұлттық мақтанышымызды кришнаит қылды мыналар, не деген басынғандық» деп бастарын тасқа ұрды. Мен қайта қуандым. Демек, Абай басқа орбитаға шықты. Абайдан гуманист болсын, кришнаит болсын, әркім өзіне қажеттісін тауып алып жатса, оның несі жаман? Болмаса біз Абайды «Сен, бәлем, осыдан киіз үйден шығып көрші, көрсетейін саған, отыр осында! » деп қамап ұстайық енді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абай содан кришнаит болып кетті ме? Жоқ. Мәселе Абайда емес, бізде. Біздің таяздығымызда. Оған жансыз ескерткіш орнатып, бетіне телміріп отырғанша, әрбір қазақ Абаймен достасса ғой, шіркін! Абаймен шәй ішсін, шүйіркелессін, ақылдассын. Мен үшін дос, кейде келісем, кейде келіспеймін, кейде жынданам, бірде қанымды ішеді. Мысалы үшінші қара сөзінде «қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірінің тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» дейді. Қалай жынданбайсың?! Кітапты лақтырасың келіп! Сосын қайтып аламын, өйткені шындықты жазып отыр, жаны ашығасын айтады.

Баян Сұлу сахнаға кенеп көйлекпен шықты
– Жаңаша ойлайтын режиссерлер бар ма?
– Әр жерден жылт етіп шығып жатыр. Бірақ елімізде режиссерсіз жұмыс істеп келе жатқан театрлар қаншама? Алысқа бармай-ақ, Семейдегі театрды айтсақ та жеткілікті. Жезқазғандық Жанат Хаджиев қазір Алматыдағы жасөспірімдер театрына ауысқан, алайда басқа ұжыммен бірден қоян-қолтық араласып, ойыңдағыдай дүние шығару да бір қиямет-қайым. Нұрқанат Жақыпбай, Әлібек Оразбеков сынды әріптестерімнің қойылымдарын жібермеуге тырысамын. Осы Жанаттың «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуын» көргенде толқығаным соншалықты, тебіреніс үстінде Алматының қақ ортасында орналасқан жасөспірімдер театрынан Ақсайдағы үйіме дейін қалай жаяу жеткенімді аңғармадым. «Құдай-ау, мен не бітіріп жүрмін, мынадай дүние сахналамағасын режиссермін деп лепірудің қажеті қанша?» деген ойлар тәуір-ақ мазалады. Керемет дүние!
– Сонда нақты несімен соншалықты қобалжытты?
– Бұл шығарма біздің дәуірімізге дейінгі 2-3 ғасырлардан жеткен, ал біз болсақ Баянның басына үкі тағып, төгілдіріп қос етек көйлек кигізіп қоямыз. Қодар бір жексұрын да, Қозыны бір тазалықтың, пәктіктің символы дерсің. Көрермен жылдар бойы осылай қабылдап үйренген. Ал Жанаттың қойылымында Баяны бар, басқасы бар, барлығы ұсқынсыз кенеп көйлекпен шықты. Баянға деген махаббатын дәлелдеп, шөл далада қырық құдық қазып, жанталасып жүрген Қодар колоритті образ да, Сұлуымыздың ғашық болып жүрген Қозысы беті жылтырағанымен, аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен біреу. Қыздар деген сол Қодар сияқты арсын-күрсін жігіттерге ғашық болушы еді.
– Мен түсінсем, Сізге осы «Келін» фильмі де ұнау керек.
– Ал сізге неге ұнамайды?
– Ұнады. Мен Сіздің пікіріңізді білгім келеді.
– Маған қызықты. Біз табиғатпен үндестігімізді жоғалтып алдық. Табиғатты түсінбегесін адамдар бір-бірін түсінбейді. Ана – Праматерь деген ұлы ұғым. Табиғаттың түсіндіруге келмейтін тылсым құпияларының бірі – нәрестенің дүниеге келуі ғой. Фильм осы жайында. Ал сын айтқандардың басты ұққандары – «сұмдық-ай, ана әйел үш еркекпен жатты!» Бітпейтін бір дау, мін айту, сандырақ...
– Сіз спектакльдеріңізді Батыстың сахналарында сомдап, шетелдің көрермендеріне етіңіз үйренген режиссерсіз. Олар мен біздің көрермен арасында айырмашылық бар ма?
– Біздің көрерменде өре жоқ... Бірақ олардың театр өнері туралы пайымдары мүлде төмен, ешнәрсенің байыбына бармайды деуге тағы келмес.
– Бәлкім театрға келушілерді де дайындау керек шығар?
– Дайындау керек. Тобырдан өнерді түсінетін адамды қалыптастыратын – мәдениет. Мен жоғары оқу орындарында өнерді қабылдау психологиясы жөнінен лекциялар оқып жүрмін. Осы жерде театр, өнер жайында қалам тербейтін журналистерге де театр мен мәдениеттің функциялары туралы түсінік беру, қалай жазу қажеттігі жөнінде тренингтер жүргізу артық болмас дер едім. Әйтпесе, кейбір тілшілердің театр жөнінде берген мақаласын оқып отырып жынданасың, кейде күлесің.
– Бақыт жайында не айтар едіңіз?
– Мен бақытымды шығармашылықтан ғана тапқан жанмын. Арсен атты ұлым, Әлішер және Ілияс деген екі немерем бар. Соларды көргенде бәрін ұмытамын. Мені алға жылжытушы күш те осы екі немерем. Олар барда шығармашылық тоқырауға ұшырауым мүмкін емес.

Сұхбаттасқан - Айнаш Ескенқызы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив