KZ
Өскемен
-8°
ясно жел 1 м/с, СБ
479.23 534.96 5.16

Мұражай қоры құнды еңбекпен толықты

27.03.2012, 18:00 223


Абай мұражайында соңғы уақытта 21 ғылыми-зерттеу басылым жарық көрді. Оның ішінде «Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен басылған «Абай мұражайы қорының сипаттамасы» кітабының орны ерекше.

Көлемі 300 беттік бұл кітаптың шығуы – 70 жылдық тарихы бар мұражай өміріндегі елеулі құбылыс. Сөйтіп, мұражай қорында сақтаулы құнды жазба жәдігерлердің сипаттамасы алғаш рет кітап болып басылып отыр.

1940 жылы Семей қаласында Абай мұражайын ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап ұлы ақынға қатысты барлық жәдігерлерді жинастыру жұмысы қолға алынған. Ел ішінен жиналған естеліктер мен шығармалардың қолжазбалары бір төбе болса, ақынның немере інісі Әрхам Кәкітайұлының естеліктері де қазіргі күнде құнды жәдігерлер қатарында.

Ұлы ақынға қатысы бар әрбір затты жинап, ұрпаққа жеткізу мақсатын алға қойған Әрхам Ысқақов, Қайым Мұхамедханов, Ахат Құдайбердиев, Мұздыбай Бейсенбаев сынды абзал ағаларымыз мұражай қорына құнды деректерді жинауға үлкен үлес қосқанын айта кету керек.

Көптеген жылдар бойы жиналған мұражайдың қолжазбалар қорында 800-ден аса дерек көзі сақтаулы. Солардың ішінде Абайдың ұлы Мағауияға жазған хаты, ақынның өз ұрпақтары мен туыс-жақындарының, замандастарының естеліктері мен шығармаларының қолжазбалары, ұлы ойшылдың ақын-шәкірттеріне қатысты деректер, олардың шығармалары, Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмалары, Мағауияның «Медғат–Қасым» шығармаларының қолжазбалары, Абайдың шәкірті әрі досы Көкбай Жанатайұлының өз қолжазбасы сияқты құнды дүниелер бар. Кітапта қорда сақтаулы әр қолжазбаға қысқаша сипаттама (авторы, жазу түрі, көлемі) берілген.

Мұражайдағы араб графикасымен басылған қазақ кітаптарының саны 500-ден асады. Оның жартысы – ұлы ақын оқыған медресенің шатырынан табылған араб, түрік, шағатай, парсы тілдеріндегі кітаптар, оқулықтар мен журналдар. Аталған кітапта медресе кітаптарының қысқаша сипаттамасы жеке бөлімде берілген.

Сондай-ақ, мұражай қорында түпнұсқа болмаса да, соған пара-пар қазақ кітаптарының Мәскеу, Ленинград, Қазан кітапханаларынан әкелінген көшірмелері де сақтаулы. «Айқап» журналының 1911–1915 жылдар аралығында шыққан барлық 88 саны, «Таң» журналының, «Қазақ тілі», «Сана», «Шолпан», «Сәуле» басылымдарының бірнеше номерлері бар. Бұл журналдарда не басылғаны жайында дерек алу мақсатында олардың мазмұндары қазіргі әріпке аударылып, тізбесі жеке берілген. Сонымен қатар ХІХ-ХХ ғасырдың басында жарық көрген, қазіргі уақытта сирек кездесетін қазақ кітаптарының көшірме тізбесі де жасалған.

Мұражайдың кітап қорындағы орыс тіліндегі ескі басылымдар саны 1500-ден асады. Олардың ішінде сирек кездесетін энциклопедиялар, орыс классиктері Пушкиннің, Лермонтовтың, Салтыков-Щедрин мен Толстойдың, сонымен қатар Батыс Еуропа авторларының шығармалары да сақталған. Мұражай қызметкерлерінің арнайы іссапарларының нәтижесінде қор құрамына Мәскеу, Ленинград, Омбы, Том, Қазан, сондай-ақ, ел мұрағаттарынан табылған Өскенбай, Құнанбай, Абай, Халиолла, Әбдірахман, Майбасар, Тінібай Кәукенұлы, Шыңғыс Уәлиханов және Абайдың ақын шәкірттеріне қатысты мұрағат деректерінің көшірмелері де келіп түскен. Солардың ішінде Құнанбай Өскенбайұлына қатысты деректердің өзі 800 беттен асады.

Ал жоғарыдағы кітап Абай Құнан-байұлының өмірі мен өнер ортасын тереңдеп тануға мүдделі зерттеушілер мен әдебиеттанушыларға мол мағлұмат беретін бірден-бір бағалы басылым деуге болады. Және бұл кітаптағы құнды деректер болашақта көптеген ғылыми зерттеулерге негіз болады деген сенімдеміз.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив