KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 5 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Нұрбұлан ӨТЕПБАЕВ, суретші: – Менің кредом – шексіз даланың еркін тынысын бейнелеу

6.03.2012, 18:00 214


Бүгінге дейінгі көрген-білгенін, жиған-тергенін, оқып-тоқығанын ішінде қорытып, сол қорытқанын қазақ баласының пайымын байытуға жұмсаған тума таланттың қолынан туған туындыларының барлығының да шоқтығы биік. Әуеде ұшып бара жатқан құс қанатының тең қағылғанындай, Нұрбұлан суретшінің де ой жылдамдығы мен қол жылдамдығы сиқырлы әмірмен жымы білінбей тең түсіп жымдаса қалуымен таңғалдырады. Жақында көзге көрінбейтін бір сиқыр детальды қарындаш ұшымен кереметке айналдырып жіберетін суретші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, “Бейнелеу өнері” саласы бойынша арнайы сыйлықтың лауреаты Нұрбұлан Өтепбаевпен сұхбаттасқан болатынбыз.

Әкесі мұражайға Ділдәнің төсегін тапсырған

– Әр жұмысыңыз Ұлы қазақ даласының әуенімен, рухымен байланысты. Кескіндемелеріңіз қазақ тұрмысын нақты суреттейді. Балалық шақта басталды-ау бәрі...


– Қай тұлғаның да өмірі балалық шақтан бастау алады. Он жыл Ақши деген жерде тұрдық. Ақши деген Бұлақтың арғы жағындағы, Шардың Ертіске құятын жеріндегі шағын ауыл болды. Қазір жалғыз ағаш өсіп тұр, бәрі көшіп кеткен ол ауылдан. Әкем 1895 жылы туып, 1989 жылы өмірден қайтты. Тоғыз жасында Абайды көріпті. «Бойшаң, толық, сұрлау, көз жанары өңменіңнен өтетін өткір көзді адам еді» деп отыратыны есімде қалыпты. Менің бір таңғалғаным, әкем мен ес білгеннен Абайдың кітаптарын үнемі оқып жүрді. Сырты майланып кеткен көне кітап еді ол. Қазір үйде сақтаулы. Сол кітапты жатса да, тұрса да жанынан тастамайтын. Менен оқта-текте «Әй, осы сен не оқып жүрсің?!» деп сұрайтын. «Сен ештеңе оқымай-ақ қой, Абайды оқысаң болды» дейтін. Кезінде Көкбайдың «Сабалақ» дастанын жатқа айтып отырып жаздырды. Бала кезімізде, апайым жазып, одан мен жалғастырып қағазға түсіретінбіз. Бұл 1960-шы жылдардың басы болатын.
Кезінде әкемнің айтуымен жазылған «Сабалақты» семейлік қаламгер, марқұм Мерғали Ибраев ағамызға апарып бердім. Халыққа белгілі түпнұсқамен дәлме-дәл болып шықты. Әкем сырбаз, әңгімешіл адам еді. Осы заманның шежіре-шешені Бекен Исабаев секілді бүгінгінің ақсақалдарынан жоғары баға алған. Әкем 1940 жылы мұражайға Абайдың бәйбішесі Ділдәнің төсегін тапсырған. Қолындағы актісінде бәрі жазылған. Бұл туралы дерек Кеңес энциклопедиясына да енгізілген.
Ал шешем Тобықты ішіндегі Көтібақ Имахан ақсақалдың кенже қарындасы Күнімбала деген кісі. Алаша тоқу, сырмақ, түскиіз басудың асқан шебері еді. Күләзия деген апайымыз бар, тағы бір апайымыз бар, үшеуі 1945 жылы Абайдың бейнесін кілемге тоқыған екен.
1959 жылы шешеміз қайтқан соң әкем мені Семейдің №1 мектеп-ин-тернатына әкелді. Домбыра үйірмесі-не жазылдым. Кейін «Семей таңында» қызмет жасаған Бекмұқан Елеуғожин домбыраға үйретіп шығарды. Бенжинская Вера Иосифовна деген кісі суреттен сабақ берді, бейнелеу тәсілдері мен құпияларын үйретті. Кейін Төлеу Көсемов деген ұстаздан сабақ алдым. Алғашқы суреттерімді шақпақ дәптерге салып жүретінмін.

– Институтты Семейде бітірдіңіз ғой?


– Иә, реті келгенде айту парыз, Семейдің педагогикалық инсти-тутының көркем-графика факультеті құрылған жылы Алматыдан бір топ жас мамандар келді. Я.Бамбах, В.Власюк, И.Лихачев, А.Лихачева, В.Громов, И.Цхай және т.б. Факультет деканы болып В.Маслов қызмет атқарды. Факультеттің материалдық жағдайының жақсарып, оқу-тәрбие жұмысының қалыптасуына, өркендеуіне бүгінгі күні есімі елге белгілі ғалымдар Ғ.Есім, профессорлар Л.Медведев, Қ.Әмірғазин, Е.Асылханов өлшеусіз еңбек сіңірді. Сол жылдары факультет ішінде ма-мандандырылған «Сурет», «Кескін-деме», «Сәндік-қолданбалы өнер» кафедралары жұмыс істеді.
Осындай мықты ұстаздар сабақ берген факультетті аяқтап шықтым. Қазір де өзімнің туған оқу орнымда қызметімді жалғастырып жатырмын.

Қой өргізген қария талай ақиқаттың сырын ашады...

– “Кең қоныс”, “Қасқабұлақ”, «Менің атам”,“Салт атты”, “Соңғы жаңалық¬тар”, “Тойға ба¬рар¬да”, “Қарттар сыры” картиналары бәйгемді шаппай бер деп сұранып тұрған суреттер екен. Осылардағы қазақы мінез-құлықтың жүрекке жылы тиер сыры неде жатыр?
– Бұрынғы ақсақалдар қандай еді?! Тымақтың түрі анау, желбегей жамылған шапаның анау, елтірі етігі қандай?! Жүріс-тұрысы, қимылы кешегі көшпенділердің жұрнағы екендігін айқын, анық көрсетіп тұрған жоқ па! Жазирадағы жалғыз киіз үйге немесе жайылымдағы қой өргізген қарияға зер салып қараңыз, талай ақиқаттың сыры ашылады. Сол аяулы ақсақалдарды тыңдағандардың талайы дөкей болып өскен жоқ па!
Мен жалпы портреттер мен тұрмыстық бейнелеуді суретке түсіргенде кейіпкерімнің тек сыртқы пошым-кейпін ғана алмай, олардың ішкі жан-дүниесін, нәзік сезімін, ой-армандарының рухтандырғыш күшін жіті байқауға тырысамын да, соның романтикалық кілтін іздестіруді мақсат етемін. Өмір құбылысының жасырын сырлары шексіз ғой, мені дәл осы жәйт шабыттандырады да қызықтырады.

– Тушьпен, қаламмен, акварельмен жұмыс істейсіз, қайсысы жаныңызға жақын?


– Майлы бояуды қайта түзетуге болады. Компонентін қайта жазуға болады. Акварельде олай жасай алмайсың, бір жақтың болды, көңілдегі дүниені қайта түзей алмайсың. Қырға барсам, бір нәрсе көре қалсам, акварель бояумен қыр табиғатын дәл түсіруге тырысамын. Акварель жалпы жаныма жақын. Акварель тегінде шығыстық рухқа жақын. Акварель – даланың еркіндігі, бұлыңғырлығы. Үкі Әжиев немесе Әбілхан Қастеев қазақ даласын қалай бейнеледі? Бірақ Қастеевке мәнер мен техника жетіспеді. Ол кісі өзі үйренген адам ғой. «Поздух, поздух жетпейді!» дейді екен шәкірттерінің салған суретіне қарап тұрып. Суретіңе даланың ауасы жетпей тұр дегені ғой. һас суретші сол ауаны акварельмен жасайды. Картинаны тапжылмай отырып жазады. Менде сол шыдам жоқ. Бірақ әйтеуір бір қағазға түсіремін. Бояуды жағасың, ақын төрт шумақ өлеңді қолма-қол қалай шығарады, бұл да сол сияқты.

Картинасын аттай қалап алып жатса, суретшінің мойындалғаны

– Суретші болмысы деген не осы?


– Суретші болмысы оның ата-тегіне, қабілетіне, ортасына, дүнета-нымына тікелей байланысты. Жан-жақты болуы, айтар ойын меңзей білуі тиіс. Егер сіз суретшімен дұрыс сөйлесе білсеңіз, оның философиядан, архитектурадан молынан хабардар екенін байқайсыз. Бір-ақ мысал келтірейін. Леонардо де Винчи. Қаншама ғылымды білген. Өнердің бар саласынан мағлұматы мол болған: медицина, биология, сәулет... Қазір оның жазып кеткен трактаттары бойынша ғылыми зерттеулер әлі жалғасып жатыр. Бір өзін-де қаншама қасиет болған. Сонша-лықты көп сурет салмаса да. «Мадонна», «Мона Лизасы» жетіп жатыр. Шығармашылығы бүкіл өмірінің жиынтығы болып шыққан. «Те, которые отдаются практике без знания, похожи на моряка, отправляющегося в дорогу без руля и компаса… практика всегда должна быть основана на хорошем знании теории» деген де сол емес пе еді. Орыс-еврейдің атақты суретшісі Роберт Фальк (1886-1958) «Беседа об искусстве. Письма. Воспоминания о художнике» деген еңбегінде
«...ұсқаны сезінбеген кісі өз кәсібінің нюанстарын, оның тілін жете меңгеріп кете алмайды, меңіреу кісінің музыкант бола алмайтыны секілді түстердің гармониясын сезіне алмаған талантты суретші бола алмайды» дейді. Ал қытай бейнелеу өнерінің төресі Ци Байшидің (1863-1957) «Бейнеленетін зат ұқсау мен ұқсамаудың ортасынан шығуы керек. Тым ұқсас болу – табиғатты келемеждеу, ал ұқсамау – оған деген құрметтің жоқтығы» деген қағидасын өз шығармашылығымда ұстанғанды жөн көремін. Ғажайып сәтті бейнелей отырып, оны әдеттегі шектелуден, тұйықталудан арылтып, шексіз даму идеясымен толықтыруды әдетке айналдырғым келеді. Менің кредом – шексіз даланың еркін тынысын құмарлықпен бейнелеу.
Дала тынысы, оның көркі, мұңы осы далада тұрып жатқан адамдардың рухы мен мінезін қалыптастырады. Ой мен сезімімді көрерменге жеткізе алсам, содан нақ, шын ләззат аламын. Жалпы, менде әуелден ұлтжандылық басым болды. Біз өнерде ең алдымен өз болмысымызға жүгінуіміз керек. Бү-гінгі толассыз тіршілік аясында салт-дәстүр, ата жұрт тарихы деген дүниелерден қапыда көз жазып қалмауымыз керек. Қарапайым бейненің өзінен ел-жұртыңның тынысы, табиғаты сезіліп тұрар болса, сол өнер. Былайша айтқанда, картиналарымызда қазақы болмысты шынайы бейнелуге ұмтылғанымыз абзал.

– Қазан айының ортасында Семейде арнайы жеке көрмеңіз өтті. Көрменің атын «Дала Мен» деп қойыпсыз...


– Менің бойымда тұрған дала дегенім ғой. Мені әлі күнге Қасқабұлақтың қияқты қыры сағындырады. Осы күнге дейін не хикметі бар екенін білмеймін, сол Қасқабұлақтың басқа біреуге жұтаң көрінер жоталарын қатты ұнатамын. Абайдың Қасқабұлағы ғой бұл. Жылқының маңдайындағы ағы сықылды сүйкімді көрінеді де тұрады. Осы Қасқабұлақ маған Швейцарияңнан да артық. Суретшінің қасиеті сол, ол көп таңғалмайды. Сол Қасқабұлаққа барсам анау биік-биік жота, күннің атысы, күннің батысына қарап таңғаламын, бұл дүниеде жоқ көрініс қой шіркін! Мына Қасқабұлағың тап-тақыр ғой дейді біреулер, оның ғажаптығын түсінбейді. Түсіну үшін ішкі дүниеңде зерек зерде болуы қажет. Қазақ мұндайда «кіндігінен байланған» дейді. Ертіс бойында туып-өстім, оның да қияғы бар, құмы бар. Бірақ бір зат жетпейді. Не екенін өзім де түсінбеймін. Ата-қоныс жеріңді еш нәрсеге айырбастауға болмайды екен. Неге қазақ жер үшін бір-бірімен жағаласқан, жауласқан?! Жаңағы жұмбақ. Үйінің шатыры жоқ, қыстағы құлағалы тұр, бірақ ол жерден оны қозғап көр сен, кетпейді ол жерден. Оны бұл жердің топырағынан ажыратуға болмайды. Басқа жерге барса, сырқатқа ұшырайды. Неге туған жер дейміз? Өйткені ол мұнда кіндігінен байланған.

– «Бөрілі”, “Қа¬рауылтөбе”, “Тоғжан туған», “Қырғыз шаты”, “Шыңғыстау”, т.б. секілді графи-калық жұмыстарыңыздың тууына осы жұмбақ сезім себеп болған ғой...

– Шыңғыстауға барғанда менің бойыма бір хикмет қасиет бітеді. Қазақ неге «елге барам...» дейді. Туған жердің тартылыс күшінің сыры неде? Бұл не хикмет? Осыны өзім де түсіндіре алмаймын. Неге осылай? Қырға шығып, жан-жағыңа қарайсың ғой. Көз алдыңа қолында найзасы бар көне қазақтар келе жатқан сияқты болып көрініп тұрады. Жан-жақта қалмақтар толып отырған сияқты болып сезіледі. Бұл бәлкім суретшінің түйсігі секілді бірдеме де шығар. Кез келген суретшінің өз «Мені» болады. Мен Абайды салып отырып кейде оны өзіме ұқсатып жіберемін. Кейде әкемнің ескі, май-май кітабын аламын да, Абайдың бір-екі өлеңін ежіктеп оқимын, әр жолының сырына үңілемін. Екі жолын оқимын да, таңғаламын. Әр шумақтарын қайтадан қорытып, ойлаймын да, су-ретіме солай келтіремін. Абай толық зерттелмеген деген содан шығады.
Жалпы суретшіде ой-толғақ болмаса, ол несіне суретші болады? Мен өзімнің суреттерімнің жалпы рухына аса риза емеспін. Кейде техникам жетпей қалады. Е.Сидоркинің техникасы қандай ғажап?! Оның суретіндегі ауыл шалының ет мүжіп отырған түрін көрсең. Суықтан ісініп кеткен саусақтарының бедеріне дейін байқалады ғой шіркін.

– Нүке, сөз арасында хикмет деген сөзді жиі қайталайды екенсіз...


– Хикмет деген таңғалу деген сөзбен бірдей. «Адамның хикмет кеудесі» дейді Абай. Ойға келмейтін дүние деген мағынада. Осы жетпейді көп адамда. Суретші бір керемет картина салды дейік. Дүниенің хикметін сондай бір-екі дүниемен ғана беруге болады.
Суретшілік – ішкі бір тылсым дүние. Іштегі дерт сезімі. Бала кезіңнен қалай өстің, не көрдің, не естідің, сол дүние жүректі жарып шығады. Байқау қасиетің – тектен. Шешеден ерте қалып, мұңлы ойға көп батқаннан кейін, оның жанды-жансыз бейнесі жүректе қалып қойған. Шешем ертерек кетпесе, қазір қасымда жүрсе, мен бір ақымақтау, тентектеу болып өсер ме ем деп те кейде ойлаймын.

«Саятқора» көңілімнен шыққан жоқ

– «Шәкерімнің Саятқорасын» салуға ірі дайындықпен кірістіңіз бе?

– Мен оны арнайылап салған жоқпын. Бір дүниеге иллюстрация жасауым керек болды. Содан болар, «Саятқора» өз көңілімнен шыққан жоқ. Қасқабұлақта жүргенде ондай саятқораға ұқсас қораларды көп көрдім. Қарлығаш ұя салып, төбесіндегі сырғауылы сойдиып шығып тұрған қора ғой кәдімгі. Май сіңіп кеткен, бұтағы шабылмаған діңгек, сол діңгекке жай ғана іле салған жүген. Сол кездері наброска жасай беруім керек еді. Бірақ мен «Саятқораны» салғанда бір ғана нәрсені ойладым: Шыңғыстаудың шоқ-шоқ шиі, сол жерде шоқиып жалғыз отырған Шәкерім. Неге ол елден қашты? Бойындағы бар нәрсесін шығару үшін жалғыздық керек болды. Күнұзақ жалғыз жанның бойындағы құса сарынын бергім келді. Кейде суретші де солай. Бәрі кедергі. Сөйлеп тұрған телевизор, бір нәрсені ұнатпаған әйеліңнің сөзі, т.т. Басыңнан бұлт етіп шығып кетіп бара жатады жаңағы ойлар, міне, хикмет деген осы. Көрген түс секілді дәл көз алдыңа келіп тұр, жартысын ұмытып қаласың кейде.

– Шығармашылық жұмыста-рыңыз шеберханада туып, шеберханада өлген талайсыз картиналардай емес, АҚШ, Жапония, Қытай, Латвия, Ресей, Түркия аза-маттарының жеке меншік коллекцияларында сақтаулы екен...


– Кез келген суретші өз туындыларын тек өзінде сақтап отыра алмайды. Бұл тіршіліктің «диктовкасы». Бірақ бір анық нәрсе, салонға қойсаңыз да, үйіңіздің төрінде тұрса да, біреуден-біреу естіп келіп картинаңызды аттай қалап алып жатса, суретшінің мойындалғаны. Суреттерімді Түркиядан келіп алып кеткендер бар. Жапониядан келген мейман өзіне ұқсатты ма, қайдам, кәдуескі, мал жайып бара жатқан ақсақалдың суретін таңдап алды. Американдықтар келді, алаша, текемет, сырмаққа салынатын ою-өрнекті көріп «ах» ұрып таңдап алды. Акварель жұмыстарым да жерде қалмады...

– Таланттың танылуы хақында бірер сөз.

– Жалпы, қазақ бейнелеу өнерінің алғашқы ұшқындары өткен ғасырда пайда болды. Өркендеуі 20 ғасырға тұспа-тұс келді. Өзіндік жол іздеді. Қытай, Жапон, Кореяда өз бейнелеу тәсілдері бар. Оны ешкіммен ұқсастыра алмайсың. Біздікілер де сол сияқты бағыт ұстанып көріп еді, бірақ басым көпшілігі Мәскеуде сабақ алған соң ба, еуропашаланып кетті. Мысалы, Телжановтың атақты «Көкпар» картинасын қараңыз, сурет салу техникасы еуропаша.
Біз еуроазиялық халықпыз. Біздің ойлау, көру, қабылдау қасиетіміз еуразиялық. Сондықтан өз өнерімізде еуразиялық үлгіде қалуымыз керек. Бейнелеу өнерінде бейнелеу техникасы мен мәнер деген ұғымдар бар. Суретші қандай мәнерде не техникада бейнелесе де, түптеп келгенде ол ұлттық болмысымыздың шындығы болуы тиіс. Суретші туындысынан көрермен өз болмысына келетін бейнені таныса, ол да суретшінің жетістігі.

Ою-өрнекке қатысты ойларымды қағазға түсірдім

– Чепелев деген орыс ғалымы қазақ мәдениетімен танысып, далалықтардың өрнек әлемінде өмір сүретініне таңғалған екен. Ал Әлкей Марғұлан болса, қазақтың ою-өрнекке түскен есеп-ақпаратты (ою-өрнектегі жүздеген-мыңдаған өрнектерді) оп-оңай санап шығатындығын жазған. «Қобыз сарыны», «Тұлпарлар», «Сырмақ» секілді дүниелеріңіз ою-өрнектің жаңаша түрін іздегеніңізді білдіре ме?


– Кейінгі жылдары да бұл бағытта тынбай жұмыс істеп, “Композиция орнамента” (2003), “Қазақ ою-өрнегі, дәстүр және қазіргі заман” альбомы (2006), “Ою-өрнек – мәдени мұра” (2007), “Сурет материалдары және оның тех¬никасы” (2008) атты оқу құралдары мен қолданбалы өнер туындылары жинағын баспадан шығарыппын.
Голландиялық Морис Фешель деген шебер өткен ғасырдың ортасында ою нұсқаларын жасап шығарған. Францияның Альгамбра қаласында арабтардың салған мешіттерінен қайта-қайта қайталана беретін бейнелерді көреді, соны қайталайды. Маған ой келді, – мұны студент кезімде-ақ ойлап жүретінмін, – ақ сырмақтың оюын қара сырмақтың үстіне салатын болсаңыз, дөп, тұспа-тұс шығады екен, неге осыған төрт түлік малдың кескінін келтірмеске?!. Менікі шахматтағы кескін секілді. Алматының Дизайнерлер одағы осы ою-кескіндеріме өзінің жоғары бағасын беріп, арнайы сыйлығын тапсырды. Қай өнерде де мен тыңнан шығардым деп кеуде қағуға болмайды. Міндетті түрде сабақтастық болады. Ежелгі түркілердің Алтайдағы суреттерін көріп отырып, ойладым, бізде көп өзгерістер жоқ екен-ау деп. Оюдың ашылмаған ішкі сыры бар екенін Әлкей Марғұлан айтып кеткен. Ол сырды қалай ашу керек.? Міне, мәселе!
Ою дегеннен шығады, бабаларымыз бұғының, маралдың, бұланның мүйізін өте қасиетті санаған. Мал асырамай тұрған бағзы заманда береке көзі деп білген. Аштықтан өлуге айналғанда бұғыға тап болып, аман қалған. Мүйіздің жаман көзден қорғайтын қасиетін білген. Бірақ бұл туралы ғылыми зерттеулер аз. Міне, осыны зерттеп жазғың келеді.

– Оқу құралдары хақында сөз болған екен, жалпы, оқулықтар жайына тоқталсақ қайтеді ?

– Өзім қазақ кафедрасына кел-геннен кейін сурет өнерін қазақ тілінде оқытса деп оқу құралын қазақ тілді мұғалімдерге арнап жаздым. Бара-бара тағы да ою-өрнекке қатысты ойларымды қағазға түсірдім. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра беруге болар еді. Бірақ меценат тауып шығара алмадым. Қолдайтын адам болмады. Сондықтан алты түрлі оқу құралы сарғайып, кезегін күтіп үйде жатыр. Тегінде бейнелеу өнерін оқыту өте қиын нәрсе.

– Сіздің бір әріптесіңіз айт-қандай, суреттің ішкі динамикасын соншама шарықтау шегіне жеткізетін жалғыз ым, жарым ишара сыры неде?

– Әр суретші өз шығармашы-лығында ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасын табуға, дүбірлі ішкі сезімдерді тыңдай білуге ұмтылады. Бұл көңіл күйді суретшінің білімі, дүниетанымы, табиғаттың тылсым сырын жете ұғынуы анықтап жатады. Картинаның үлкен-кішісі болмайды. Мәселе – оның шынайылығында, суретшінің ішкі сырында, философиясы мен ұлтжандылығында.
Ұлы Абайдың өлеңдерінде «көңіл» деген сөз көп қолданылады. Көңіл ұшып-қонған құс не көбелек сияқты, осы көркем көріністі ой-санада сақтап қалып, ізін суытпай қағаз бен кенепте әсерлі бейнелеп үлгеру аса маңызды. Картина композициясын құрастыру суретшінің өміртану, өнертану қасиетіне тіке байланысты. Бұл бір композициялық бейнедегі қозғалыс, ырғақ. Осы ырғақты композициялық тұрғыдан үйлестіріп дәл келтіру қажет. Сурет үнсіз тұрмауы керек. Бір нүктесіне қарасаңыз, бар картинаны түсінесіз. Динамика-қозғалыс. Бірақ оны түсіну қиын. Ол үшін оқу керек. Неге біз көзбен көрген құбылысты жақсы танимыз да, ол картинаға айналғанда танымай қаламыз? Мұның көп заңдылықтары бар.

– Ғажабы да, қиыны да сол десеңізші...

– Образ болмаса оған жету қиын. Оны тану қазақта кенже қалған. Қазақ өнерінде жалпы дәстүр де бар, әлем өнеріне еліктеушілік те бар. Бірақ еліктеушілік салт-дәстүр шеңберінде болғаны абзал. Өйткені ол біздің болмысымыз. Әрине, әлем өнерінен үйрену керек, біліктілігіңді, шеберлігіңді шыңдау қажет. Түбінде ең маңыздысы – өз дәстүріңнен күш алған бейнелік көркем еңбектер жасауға ұмтылу.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив