KZ
Өскемен
+25°
переменная облачность жел 5 м/с, ОШ
441.66 475.14 4.86

Роза ӘЛҚОЖА: Ана тақырыбына ӘН ЖАЗҒЫМ келіп жүр

6.03.2012, 18:00 173


Байқасаңыз, қазақтың Роза есімді қыздары өнерлі болып келеді. Неге? Мұнда не сыр бар өзі? Роза Жаманова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева… Ұлтымыздың көмейіне бұлбұл ұялаған осынау әншілерінің жолын жалғастырушы қыздар қазір де баршылық. Солардың бірі – жас болса да жалпақ жұртқа танылып үлгерген әнші, сазгер Роза Әлқожа. Таяуда ол облыс орталығы Өскеменде өткен «Жерім менің» атты ән байқауына қатысты. Сахнаға шығып, өзі шығарған «Ертіс жағасында» атты әнін орындады. Байқаудан соң біз Розаға бірнеше сауал қойып үлгерген едік. Төменде сол сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

- Роза, «Ертіс жағасында» атты әніңе қарағанда, сен біздің Шығыс өңіріне жиі келетін секілдісің ғой.

- Иә, жиі келемін. Жиі келетінім сондай, осы жолы Шығысқа нешінші рет жолым түсіп тұрғанынан да шатасып қалдым.

- Байқауға ұсынған «Ертіс жағасында» атты әнді қашан жазып үлгердің?

- Бұл былтыр жазда жазылған ән. Өткен жылы отбасыммен бірге Өскемен мен Семейге келіп, демалған болатынмын. Өскемендегі Азамат деген інім мені Үлбі мен Ертістің тоғысқан жеріне апарды. Семейде Ертістің суына әбден шомылдым. Сол сапарымда ағысы қатты, арнасы кең ерке Ертіс мені өзіне ғашық етті. Көңілімді бір нәзік сезім тербеп, жүрегімнен осы ән туды.

- Бірақ бұл байқауда «Ертіс жағасында» атты әніңнің бағы жанбады. Ешқандай жүлделі орынға іліккен жоқ. Ренжіп тұрған жоқсың ба?

- Жоқ. Егер әділқазылар менің әнімді жүлделі орынға лайық деп таппаса, оның несіне ренжимін.

- Роза, айтыңызшы сізге көктем мезгілі ұнайды ма?

- Негізінде мен күзді көбірек ұнатамын. Күз табиғаттың нағыз шынайы мезгілі ғой. Әр адамның өзіне-өзі іштей есеп беретін де кезі осы.

- Дегенмен алда 8-наурыз – әйелдер мейрамы келе жатыр? Жолдасыңыз бен балаларыңыздан бұл күні қандай сыйлық күтесіз?

- 8-наурыз күні жолдасым да, балаларым да мені қуантуға тырысады. Жолдасым бір жылы фортепиано, тағы бір жылы домбыра, тағы бірде алтын жүзік сыйлады. Балаларым да гүлдің суреттері салынған қағаздарын сыйлап жатады. Әлі кішкентай ғой, олардан қандай сыйлық дәметуге болады? Шын жүрекпен сыйланған кішкене нәрсенің өзі мені шексіз бақытқа бөлейді. Сегізінші наурызды көбіне аналар мейрамы деп айтып жатамыз ғой. Бірақ қарап отырсам, осы менің ана тақырыбына арналған әндерім жоқтың қасы екен. «Анажан» деген бір ғана ортаңқолдау дүнием бар. Бірақ оған өзімнің көңілім толмайды. Жалпы Шәмші Қалдаяқовтың әндері секілді ана тақырыбына керемет бір ән жазғым келеді. Неге екенін білмеймін, бірақ жаза алмаймын. Бәлкім мұның себебі кішкентай кезімнен атам мен әжемнің бауырында өскендіктен болар. Әйтеуір ана жайлы ән жазу маған қиын. Кейде өмір бойы жаза алмаймын ба деп те қорқамын.

- Роза, төрт баланың анасы ретінде бала тәрбиесі жайында да өз ойыңды айтып өтсең...

- Меніңше, баланы еркін өсіру керек. Мынау өмірде жасық адамдар ештеңеге де қол жеткізе алмайды. Өзім атамның қызы болып, еркін өстім. Жетістікке жетсем, ол менің сол еркін де ерке өскендігімнің арқасы. Сондықтан да баланың мінезін сындырмаған дұрыс деп ойлаймын.

- Роза, отбасылы әйелге әнші, сазгер болған қиын емес пе?

- Мен сондай бір керемет ел аралаған әнші емеспін ғой. Көбіне үйде отырамын. Сондықтан да болар маған онша қиын емес. Ал шақырған жерден қалмаймын.

- Жалпы, әнді қалай жазасың?

- Ән жазайын деп арнайы отырмаймын. Өзі келеді. Мүмкін қалаған кезінде құдайдың өзі жіберетін болар. Мен сол әуенді тек диктофонға түсіріп аламын.

- Қазір қазақ әншілерінің күнкөрісінің бір көзі той-томалақ қой. Тойда ән салғаныңыз үшін қанша ақша аласыз?

- Мұның бәрін менің жолдасым шешеді. Продюсерім сол кісі.

- Сұлулығың мен сымбатыңды қалай күтесің?

–Шынымды айтсам, мүлдем күтінбеймін. Бәрі де Алланың бергені. Жалпы мен гламурный әншілердің қатарына жатпаймын.

- Болашақта дүниеге сәби әкеліп, «Алтын алқалы» ана атану ойыңда жоқ па?

- Бәрі де бір Алланың қолында ғой. Тағы да беріп жатса, қуана ала беремін.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив