KZ
Өскемен
+14°
переменная облачность жел 2 м/с, З
443.72 482.28 4.9

Жүз мыңнан миллионға жетуді көздеп отыр

20.02.2012, 18:00 240


Қала мен ауыл халқының арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою үшін осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Астанада Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қатысуымен ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған-ды. Осы уақыт аралығында абоненттер саны 6500-ден 100 мыңға жетті. Мұндай қарқынды халықтың соңғы жаңалықтан хабардар болсақ деген талпынысымен түсіндіруге болады.

Өйткені «OTAU TV» желісін бір рет қосқан адам қазақстандық барлық телеарналарды сандық сапада тегін көреді. Әрі орталықтан арнайы сым тартудың қажеті жоқ. Желі жерсеріктік болған соң, жайлауда отырып-ақ телеарналарды арнайы қалқанның көмегімен қабылдауға мүмкіндік бар.
Жобаның басты мақсаты – ауыл мен қала тұрғындары арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою. Бұл тапсырма біздің облыста қалай орындалуда және өңірде телерадиохабар тарату саласында қандай жетістіктерге қол жеткізілді деген сұрақтарға «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Орал Жамакишев жауап берген еді.
– «OTAU TV» желісі бір жыл ішінде ауыз толтырып айтарлық нәтижеге жетіп, республика бойынша 100 мың абонент қосылды. Бұл көрсеткіштегі біздің облыстың үлесі қаншалықты? Оған қалай қол жеткіздіңіздер?
– Шынымен де бұл – өте маңызды жеңіс, мұндай белесті еңсеру оңай болған жоқ. Өйткені, жоқ жерден, аздаған уақыт ішінде тұтынушылармен арада қарым-қатынас орнату, нарықты қабылдауыштармен (ресиверлер) қамтамасыз етіп, делдалдармен арадағы әріптестік үрдістерді ұйымдастыру, қоғамның ішкі процестерін қайта құру керек болды. Өйткені, «Қазтелерадио» үшін тұрғындармен жұмыс істеу, бөлшек қызмет түрін ұсыну дамудағы мүлде тың, жаңа бағыт еді. Біз шынымен де мұндай нәтижеге жеткенімізді мақтан тұтамыз. Елімізде бір жылда 100 мың абонент қосуды «Қазтелерадио» 2011 жылдың басында жоба іске қосылған кезде алдына мақсат етіп қойған болатын. Біздің облыста осы уақыт ішінде 5 661 абоненттің үйіне «OTAU TV» жерсеріктік желісі орнатылды. Ауыл тұрғындарын желімен қамтамасыз ету облыстық маңызға ие қалалардағы жағдайдан өзгеше екені түсінікті. Өйткені, біз үшін басты сегмент – ауыл, себебі қалаларда кабельдік болсын, эфирлік телекөрсетілімге болсын тұрғындардың қолы жетімді. Ал ауылдағы ағайындардың басым бөлігі ары кетсе қазақстандық 4 арнаны ғана тамашалайды. Сонымен қатар ауылда жұмыс істегенде қала халқына қарағанда қалтаның жұқалығы, елді мекендердің тым шалғай орналасуы секілді қиындықтар туады. Ал бұл –делдалдар желісінің дамуы мен қабылдауыш құралдармен қамтамасыз етуде өз ықпалын тигізеді.
– Облыс аумағының шағын емес екендігін ескерсек, желіге қосуды ұйымдастыру жұмысында қандай айла-тәсілдер қолдандыңыздар?
– Тек өз күшімізге сеніп, бүкіл облыс аумағына қондырғыларды орнатып шығуға шамамыздың келмейтінін жақсы түсіндік. Сондықтан делдалдық желі арқылы жұмыс істеу стратегиясы таңдап алынды. Қазір аймақта қабылдау қондырғысымен (қабылдауыш, антенна, ковертер) жабдықтауға, монтаж жасап, құралды оңдатуға құзырлы 55 авторлы дилер жұмыс істейді. Қазтелерадио өз тарапынан делдалдардың жұмыс сапасын қадағалап, тұрғындардан арыз-шағымдар түскен жағдайда шара қолданады. Абоненттер мен делдалдар арасындағы жұмысты үйлестіру үшін арнайы орталық құрылған. Орталықтың міндеті – тұрғындардан тапсырыс қабылдау, тапсырыстарды делдалдарға үлестіріп беру, ұлттық телехабар таратылымын дәріптеу мақсатында жергілікті атқарушы органдармен әріптестік орнату, арыз-шағымдарды қабылдау, оларды шешу болып табылады. Қазір авторлы делдалдар саны республика бойынша 400-ден асты.
– Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» желісі жобасының тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз?
– 2002 жылдан бастап отандық оператор «Қазақстан телекоммуникациясы» АҚ «Кателко Плюс» сауда белгісімен ақылы 60 телеарнадан тұратын топтама ұсына бастаған. Алайда 2010 жылдан бері ескірген стандарт негізіндегі қызметтің халық арасында сұранысы азайып, тиісті деңгейде дамымаған соң жұрт жерсеріктік телехабар тарататын шетелдік операторларға қосыла бастады. Әрі бұл құбылыс нарықта кең етек алды. Сондықтан біз шетелдік операторлардың еліміздегі абоненттері отандық жерсеріктік телекөрсетіліміне қосылуға мүдделі болатындай бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат еттік. Осыны ескере отырып, 2010 жылдың желтоқсан айынан бері «Кателко Плюс» жерсеріктік телехабар тарату желісі модернизациядан өтіп, жаңа DVB-S2, MPEG-4 стандартына көшірілді, сауда белгісі «OTAU TV» деп өзгертілді.
– Бұл шара қандай нәтиже берді?
– Бұл – жерсеріктік ресурсты оңтайлы пайдаланып, стандартты сападағы телеарналар санын 60-тан 84-ке дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар 9 радио арна мен 3 «HD» арна көрсетіледі. Әрине, «OTAU TV»-ның ерекшелігі сол – 38 отандық телерадиоарнадан тұратын тегін топтамасының болуы. Оның ішінде мемлекеттік 8 телеарна, 2 радиоарна, 14 облыстық телеарна, 11 коммерциялық телеарна мен 3 радиостанса бар. Радиоарналарға тоқталатын болсақ, абонент мәзірдегі арналар тізімінен таңдап, теледидар арқылы радиоарналарды тыңдай алады.
– Жобаның басты мақсаты не?
– Басты мақсат – қала мен ауыл халқы арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою. Өйткені, тұрғындардың басым бөлігі эфирлік телехабар таратылым арқылы небәрі 4 телеарна көруге мәжбүр. Бұл, әсіресе, шалғай жатқан ауылдарда кең алған көрініс. Өйткені ауылдарда кабельдік немесе өзге де желілер арқылы отандық телеарналарға қол жеткізетін қосымша жолдар жоқ. Сондықтан «OTAU TV» желісін қашықта жатқан ауылға жерсеріктік антенна орнатып, 33 теле және 5 радиоарнаны тегін көруге мүмкіндік беретін ақпарат тасушы деуге болады.
– Абонент бұл қызмет үшін қанша төлеуі керек?
– Абонент бір рет қана шығындалады, оның көлемі орта есеппен 0,9 м. антенна үшін 28 мың теңгені құрайды. Бұл ақшаға қабылдауыш жерсеріктік антенна, ковертор, сандық қабылдауыш (ресивер) мен қондырғыны орнату жұмыстары енеді. Әрине, әрбір жағдайда қондырғының өндірушісі, монтаж жұмыстарының шарттары, абоненттің қосымша тілектеріне байланысты баға көлемі өзгеруі мүмкін. Әрі бұл баға шетелдік жерсеріктік телехабар таратылым желілеріне қосылумен салыстырғанда бәсекеге қабілетті деп айтуға болады. Ол желілердің құны 35000-80 000 теңге аралығында. Жоғарыда аталып өткен «Кателко плюс» қызметі де отандық телеарналарға қосу үшін 2010 жылдың өзінде 60 мың теңгенің үстінде болған еді.
– Төлемдерді қай жерлерде жасауға болады
– Төлем халықты қондырғылармен жабдықтап, ел арасына таратып, орнатумен айналысатын делдалдарға төленеді. Алайда «Қазтелерадио» өз тарапынан атқарған жұмыстарының сапасы, абонент алдындағы міндеттемелерін орындауы, қызмет көрсетуі секілді талаптар бойынша делдалдардың еңбегін бақылап отырады. «OTAU TV» желісіне қосылуға өкілет алған дилерлер «Қазтелерадиода» тіркеуден өтеді. Бүгінде Қазақстан бойынша авторлы дилерлердің саны 400-ден асты. «Қазтелерадиода» абонент тегін топтамаға қосымша ретінде ақылы топтамаларды таңдаған жағдайда тек абоненттік төлем жасайды.
– Ақылы топтамаларға тоқталып өтсеңіз, тұрғындар үшін бұл қаншалықты қолжетімді?
– Абоненттерге ақылы негізде: ойын-сауық, фильмдік, ақпараттық-жаңалықтар, тарихи-географиялық, балаларға арналған сынды түрлі тақырыптағы 50-ден астам танымал шетелдік телеарна ұсынылады. Әрі абоненттік төлем таңдап алынған топтамаға байланысты, айына 540 теңгеден 2200 теңге аралығында. Сондай-ақ, қосылған топтаманың түріне қарамастан 1900 теңге тұратын «HD» топтамасын қосып алуға болады. Былтыр 2010 жылмен салыстырғанда ақылы топтамалар құнын екі есеге арзандатуға қол жеткізілді. Естеріңізде болса, «Кателко плюс» абоненті ол кезде айына 5500 теңге төлеуі керек болатын.
– Ағымдағы жылға белгілеген жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Біздің филиал 2013 жылдың басына қарай абоненттер санын 11050 жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл тапсырманы филиал дер кезінде орындайтынына сенімдімін. Өйткені, ол үшін кәсіби мамандардан құралған командамыз бар. Өткен жылы жинаған тәжірибеміз, делдалдармен арадағы ысылып қалған серіктестік қарым-қатынасымыз, ең бастысы, ұжымның алға қойған мақсатты орындауға деген зор ынтасы бар. Ал республика бойынша «Қазтелерадио» 250 мың абонентке жетуді көздейді. Өйткені, телевизиялық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, әсіресе облыстың шалғай орналасқан елді мекендерін отандық ақпаратпен қамтамасыз етуге, қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті азайтып, халыққа еліміз бен облысымыздағы жаңалықтардан толыққанды хабар таратуға мүмкіндік береді.

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив