"Алтай" капитаны: Бізді қарсы алуға осыншама көп адам келеді деп ойлаған жоқпыз
Өскемендіктер мен қала қонақтары облыс орталығының әуежайынан Қытайда өткен клубтық Әлем чемпионатынан оралған «Алтай» волейболшыларын күтіп алды. Жаһандық доп додадасында бесінші орыннан көрініп, кішігірім сенсация жасаған қыздарымыздың құшағы бұл күні гүлге толды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Жерлестерін қарсы алуға келіп, әуежай ғимаратын лық толтырған қалың жанкүйердің ішінде волейболшылардың жақындары, билік өкілдері мен жас спортшылар да болды. «Алтай» арулар мұндай қошеметті еш күтпесе керек. Оны бізге шағын сұхбат берген команда капитаны Сана Анарқұлованың сөзінен де түсіндік.
– Бізді қарсы алуға осыншама көп адам келеді деп ойламаппыз. Командадан қашан да қолдауын аямайтын жанкүйерлерімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осының бәрі тек солар үшін, жеткен жетістіктеріміздің дені солардың арқасы. Жерлестеріміздің үмітін ақтай алғанымызға қуаныштымыз. Әрине, Қытайға аттанар кезде бізге «Әлем біріншілігінен не іздемекшісіңдер?» деп сын айтқандар да көп болды. Бірақ, біз бұл сынның түгеліне ойынымызбен жауап бердік деп есептеймін, – дейді команда капитаны.
[caption id="attachment_46710" align="aligncenter" width="1000"] Сана Анарқұлова[/caption]
Рас, дүбірлі дода алдында «Алтайдың» тым болмағанда бір ойында жеңіске жететініне күмәнмен қарағандар көп еді. Сарапшылардың басым көпшілігі өскемендік ұжымды чемпионатқа қатысатын сегіз команданың ішіндегі ең әлсізіне балап, оған жарыс басталмай тұрып-ақ сегізінші орынды беріп қойған-ды. Волейбол білгірлерінің бұл сенімі топтық кезең ойындарынан кейін тек арта түсті. Біріншіліктегі алғашқы үш матчта жеңіліске ұшыраған алтайлықтар В тобында соңғы орынға тұрақтаған болатын. Дегенмен, бұдан кейін «Алтай» адам танымастай өзгерді. 5-8 орындар үшін ойындарда алдымен Қытай мықтысы «Чжэцзянді» жеңген Юрий Панченконың командасы іле-шала франциялық «Волеро Ле-Каннеден» де айласын асырды.
– Бірінші кездесулерде бізге түсіністік жетіспеді, ойын өрнегіміз де дұрыс болмады. Бұған жарыс алдында команда құрамының едәуір жаңаруы да кері әсерін тигізді. Алайда, жарыс қыза түскен сайын біздің ойын да жүре бастады. Соңғы кездесулердегі қарсыластарымызды, әсіресе франциялықтарды ойнап жүріп жеңдік деуге болады. Соған қарағанда, тағы бір-екі ойын ойнасақ, топтағы қарсыластарымыздан да ұпай тартып алушы едік, – дейді Сана Анарқұлова.
Осылайша, Әлем біріншілігінен абыроймен оралған алтайлықтар енді алдағы ел біріншілігінің ойындарына дайындықтарын бастамақ.