KZ
Өскемен
+19°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
440.9 475.95 4.82

ШҚО спорты: Жыл оқиғасы, сенсация, сәтсіздіктер және жалпы шолу

29.12.2018, 03:09 290

Тарих қойнауына еніп бара жатқан 2018 жыл Шығыс өңірінің спортшылары үшін табысты болды. Саңлақтарымыз жанкүйерлерін құрлықтық, әлемдік додалардағы жарқын жеңістерімен қуантты. Облыста осымен екінші жыл қатарынан құрлықтық доп додасы дүркіреп өтті. Ақ Олимпиадада бағымыз жанды. Ит жылы жаңа чемпиондардың есімдерін паш етті. Төмендегі материалда  жыл көлемінде жарияланған мақалаларды негізге ала отырып, үздіктердің үздігін анықтауға тырыстық. Енді сол спорт әлеміндегі айтулы оқиғалар мен олардың басты кейіпкерлері туралы аз-кем сөз қозғап көрсек.


Жыл оқиғасы



Жылдың басты спорттық оқиғасы деген аталымға облыс орталығында өткен волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатын лайық деп таптық.


Рас, тоғыз елдің чемпиондары Кенді Алтайдың талғамы зор спортқұмар жұртшылығына естен кетпес мереке сыйлады. Осымен екінші жыл қатарынан Азия біріншілігін қабылдап отырған облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары тағы бір мәрте әлемдік деңгейдегі волейболдың куәсі болды. Жапония мен Тайланд, Қытай мен Иран, Тайбэй мен Индонезия, Вьетнам мен Шри-Ланка волейболшыларының шеберліктеріне еріксіз таңдай қағып, қол соқты. Шетелдіктер де үнсіз қалмады. Шығыс Қазақстан халқының қонақжайлығына ризашылықтарын білдіріп, жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді.


Дода, шын мәнінде, есте қаларлықтай ұйымдастырылды. Былтырғы жарыстың алдында күрделі жөндеу жұмыстарын көрген Б.Александров атындағы Спорт сарайына ағылған халықтың легі апта бойы толастаған жоқ, чемпионат ойындарын тамашалауға күн сайын бірнеше мың адам келіп-кетіп отырды.


Чемпионаттың өзіне де айтылар сын, тағылар мін жоқ. Жарысқа қатысушы команданың қай-қайсысы да тамаша өнер көрсетті. Әсіресе тайландтық «Суприм» бабында екен. Финалға іркілмей жеткен Тай елінің арулары ақтық сында турнирдің басты фавориті саналған жапондық «НЕК Ред Рокетс» командасынан 3:2 есебімен басым түсіп, осымен екінші жыл қатарынан құрлық мықтысы атағына қол жеткізді.


Ал Қазақстанның намысын қорғаған «Алтай» волейболшылары бұл жолы да төртінші орынды місе тұтуға мәжбүр болды. Қола жүлде үшін өткен кездесуде жерлестеріміз 2:3 есебімен қытайлық «Цзянсу Чжунтянь Стил» командасына жеңіліп қалды.


Жыл спортшысы



Бұл атаққа, сөзсіз, фристайлшы қызымыз Юлия Галышева сұранып тұр. Аталған спорттың могул түрінен өнер көрсететін Юлия үшін ит жылы спорттық мансабындағы ең табысты жыл болды деуге толық негіз бар. Себебі өскемендік спортшы биыл Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында жалауын желбіреткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдесіне қол жеткізді. Сөйтті де, жалғыз Шығыс өңірінің ғана емес, бүкіл республика жұртының мерейін асырды. Өйткені бұл жүлде жаһандық додада ел құрамасының қоржынына түскен жалғыз медаль болған-ды. Жалпы, бұған дейін қазақстандықтар арасынан мұндай табысқа бірде-бір фристайлшы жетіп көрмегенін айта кеткен орынды.


Юлияның осы бір жетістігі аймақ басшылығы тарапынан да ескерусіз қалмады. Облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынған кезекті, ХХІ халықтық спорт ойындарының ашылу салтанатында Даниал Ахметов Пхенчхан Олимпиадасының қола жүлдегеріне ерекше құрмет көрсетіп, 16 миллион теңгенің сертификаты, бір бөлмелі пәтердің және «Пежо» маркалы су жаңа автокөліктің кілтін тапсырды.

Ал жақында өскемендік фристайлшы Астанада өткен «Ұлттық спорттық жүлде-2018» сыйлығының иегерлерін марапаттау рәсімінде «Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» аталымына ие болды.


Ю.Галышева осы бір жеңісті жолын доңыз жылында да жалғастырады деп сенеміз.


Жыл жетістігі



Жыл жетістігі деп «Әлем барысы» додасында қарсылас шыдатпаған Айбек Нұғымаровтың жеңісін айтуға болар. Абай елінің апайтөс балуаны қазақ күресінен өткен жаһандық додада осымен екінші рет тұғырдың ең биік сатысынан көріне білді.


Айта кетейік, Алматыда өткен байрақты бәсеке барысында қазақ күресінен Әлемнің төрт дүркін чемпионы деген атағы бар жерлесіміз барлығы бес белдесу өткізді. Алдымен камерундық Дидон Долассемді сенімді ұтқан Нұғымаров артынша литвалық Эрик Бизуновичті де еш қиындықсыз тізе бүктірді. Ширек финалда өзбек балуаны Мухсин Хисомиддиновтан басым түскен жерлесіміз жартылай финалда дзюдодан соңғы Әлем чемпионатының жеңімпазы, гүржістандық Гурам Тушишвилидің жамбасын жерге тигізді. Естеріңізде болса, былтыр Астанада өткен «Әлем барысы-2017» додасының финалында да дәл осы екі балуан кездесіп, онда да Айбек Нұғымаровтың мерейі үстем болған-ды. Ал биылғы жарыстың финалында қарсылас, қазақстандық Ерсұлтан Мұзафаровты жеңген Нұғымаров осылайша екінші жыл қатарынан «Әлем барысы» атағына қол жеткізді. Осы ретте, Айбекке жарысты ұйымдастырушылар атынан 10 миллион теңгенің сертификаты қоса берілгенін де айта кеткен жөн.


Жалпы, Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен байрақты бәсекеге әлемнің түкпір-түкпірінен келген 33 балуан қатысқан-ды.


Жыл сәтсіздігі



Пхенчхан Олимпиадасында шаңғы жарысынан өткен 50 шақырымдық классикалық стильдегі масс-стартта сынға түскен жерлесіміз Алексей Полторанин мәреге 15-ші болып келіп, кезекті рет байрақты бәсекенің жүлдесінен құр қалды. Нағыз сәтсіздік деп осыны айтуға болатын шығар.


Бұл биылғы сәуір айында 31 жасқа толған жерлесіміздің төртінші Олимпиадасы болды. Бұған дейін ол 2006 жылы Туринде, 2010 жылы Ванкуверде, 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиадаларға қатысқан еді. Ең үздік нәтижені Полторанин 2010 жылғы додада көрсеткен (бесінші орын).


Осы жолғы жарысты тәп-тәуір бастаған жерлесіміз 50 шақырымдық қашықтықтың басым бөлігінде екінші, әйтпесе үшінші орында келе жатқан. Алайда, жарыстың аяқталуына шамамен 15 шақырымдай қалғанда, риддерлік шаңғышының қарқыны кәдімгідей бәсеңдеп қалды. Мұны байқаған қарсыластары жүрісін жылдамдатып, әбден шаршаған Полторанинді оп-оңай басып озды. Нәтижесінде қазақстандық шаңғышы алғашқы үштікті қойып, ондыққа да ілінбей қалды. Жерлесміз мәре сызығын бар болғаны 15-ші болып кесті.

Жарыстан кейін журналистерге сұхбат берген Алексей Полторанин: «Шынымды айтсам, үздіктер қатарынан көріну үшін барымды салдым. Өйткені бұл мен үшін Олимпиада жүлдесіне ілігудің соңғы мүмкіндігі болатын. Алайда мәреге он шақырымдай қалғанда, күшімнің сарқылғанын сездім. Әрі қарай жылдам жүгіре алмадым. Қайтейін, Олимпиада жүлдесі маған бұйырмаған бақ болды», – деді тауы шағылып.


Жыл сенсациясы



Бұл атаққа екі үміткеріміз бар. Оның біріншісі – дзюдошы Ерлан Серікжанов. Үржарлық татами шебері қыркүйек айында Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Шыны керек, жерлесімізден мұндайды ешкім күтпесе керек. Әлемдік рейтингте 36-шы орында тұрған Серікжанов салмағы 66 келіден аспайтын дзюдошылар бәсекесінің финалында сол рейтингтің екінші сатысында орналасқан жапониялық Хифуми Абеден жеңілді.


Ал оған дейін қазақстандық спортшы рейтингтің бесінші және бірінші орындарында тұрған моңғолиялық Херлен Ганболд пен израильдік Таль Фликерді иппон әдісімен (таза жеңіс) жеңген болатын.


Айта кетейік, осы жетістігінің арқасында жерлесіміз әлемдік доданың вице-чемпионы атанып қана қоймай, қосымша 1 400 ұпайға ие болып, рейтингтегі жағдайын біршама жақсартып алды. 2018 жылы Ерлан сонымен қатар Марокко, Тунис және БАӘ-де өткен халықаралық бәсекелерде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның осы бір жетістіктерін ескерген облыс басшылығы үржарлық дзюдошыға екі бөлмелі пәтер берді.


Тағы бір күтпеген жетістікке «Алтай» волейбол клубының арулары жетті. Шыны керек, жақында ғана Қытай елінде мәресіне жеткен қыздар командалары арасындағы клубтық Әлем чемпионатында алғашқы ойындарынан кейін Юрий Панченконың шәкірттері ақыр соңында бесінші орыннан көрінеді дегенге сену қиындау болатын. Себебі топтық кезеңде алдымен түркиялық «Эжзажибашидан», одан кейін бразилиялық «Прайядан» 0:3 есебімен ойсырай ұтылған «Алтай» бұдан соң тайландтық «Супримге» де (1:3) жол беріп, өз тобында соңғы орында қалып қойған еді.


Дәл сол ойындардан кейін жанкүйерлердің біразы командадан күдер үзгені рас. Тіптен «Алтай» жарыс қорытындысы бойынша ең соңғы орынды місе тұтады деген болжамдар да айтылған-ды. Алайда қыздарымыз мұндай жорамалдың бәрін жоққа шығарды. Аутсайдерлер айқасында алдымен алаң иелері, қытайлық «Чжэцзян» волейболшыларын 3:1 есебімен тізе бүктірген алтайлық арулар артынша Францияның Ле-Канне қаласынан келген қарсыластарын да қапы қалдырды.


«Басы – қатты, аяғы – тәтті» дегендей, осылайша, жеңіліспен басталған чемпионаттың соңы жеңіспен аяқталды. «Алтай» төрткүл дүниенің ең айтулы ұжымдары қатысқан доп додасында бесінші орынға ие болып, кішігірім сенсация жасады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив