Семейде еуропалық стандартқа сай футбол алаңы ашылды
Семейде Шығыс кентіндегі «Рсу» ауданында жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Құны 24 млн теңге тұратын алаңның құрылысына «Семей цемент зауыты» өндірістік компаниясы қаржылай көмек көрсеткен екен.
Ашылу салтанатына орай футболдан жас футболшылар арасында жолдастық кездесу өтті. Аталған шараға қала басшысының орынбасары, Семей қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкерлері мен қоғамдық ұйым өкілдері арнайы келіп қатысты.
Айта кетейік, стадион әлеуметтік жоба аясында салынғандықтан ақылы түрде ешкімге жалға берілмейді. Яғни, осыдан былай ала допты шыр айналдырған дарынды балалар дәл осы спорттық нысанда тегін жаттығып, өз араларында көптеген қызықты матчтар ұйымдастыра алатын болады.