«Торпедо» ЖХЛ-дың көшін бастады
«Торпедо» көш бастады. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының жетінші турында өз айдынында Татарстанның Альметьевск қаласынан келген «Нефтяник» командасын қабылдаған өскемендік ұжым матч соңындағы буллиттер сериясында жеңіске жетті.
Осылайша, Мисхат Фахрутдиновтың командасы қоржынға кезекті ұпайларын салып, биылғы маусымда алғаш рет турнир кестесінің бірінші орнына көтерілді. Дегенмен жерлестерімізге қарағанда бір ойынға кем өткізгенін қарсыластар бүгін кешке торпедолықтарды сол орынынан тайдыруы мүмкін.
Ал татарстандық хоккейшілерге қарсы ойында негізгі уақыт пен овертайм 2:2 есебімен тең аяқталды. Біздің команда сапында екі рет Максим Капитуровтың пастарын ұтымды пайдалана білген шабуылшы Андрей Белозеров көзге түсті. Ал матч соңындағы буллиттер сериясында жеңіс шайбасын қорғаушы Николай Глухов соқты. Қорытынды есеп 3:2.
Қазір қоржынында 11 ұпайы бар «Торпедо» келесі кездесуін қонақта Пензаның «Дизель» командасына қарсы өткізеді. Бұл матч 27 қыркүйек, бейсенбі күні ойналады.