KZ
Өскемен
+17°
переменная облачность жел 2 м/с, СШ
476.27 515.47 5.41

"3 жыл емес, 3 ай оқытса жеткілікті". Колледж түлектерінің 50 пайызы жұмыссыз жүр

31.01.2019, 08:25 232

Облыста техникалық және кәсіптік білім беріп жатқан 71 колледждің 9-ы ғана өздерінің жобалық мүмкіндігін толық пайдаланып жұмыс істеп жатыр. 43 колледж студенттерге білім беруге материалдық базасының 17-30 пайызын ғана пайдаланып, жұмсап отыр. 2018 жылы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жүргізілген тексерулер аймақтағы кейбір колледждерді бітіріп шыққандардың тең жартысынан астамы жұмыс таба алмай жүргендігін көрсеткен.


Біздің облыста барлығы 86 колледж бар, олардың 52 -сі мемлекеттік. Осы оқу орындарында оқып жатқан 35 519 студенттің 19 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыспен тегін білім алуда.


« Оқу орынының материалдық базасын тәжірибе, білім беруге жұмсай алмай отырған колледждердің бірі- «Күршім колледжі» ҚММ» делінген облыс кәсіпкерлері палатасы баспасөз қызметінің ақпаратында. Ал, «Зырян ауыл шаруашылығы колледжі», «Бородулиха колледжі» оқу орындарында соңғы екі жылда түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 50 пайызға да жетпеген. Оқу орындарын бітіргендер жұмыссыздар қатарын толтырған.


Жұмыс берушілердің қажетті мамандарға деген сұранысын тез арада қанағаттандырып, кәсіптік және техникалық білім беру жүйесіндегі күрмеулі мәселелерді шешу үшін облыс кәсіпкерлері палатасының мамандары аймақтағы 9 колледжді біріктіріп, оңтайландыруды ұсынып отыр. Оңтайландыру бір мамандыққа немесе бір-біріне жақын мамандыққа оқытатын оқу орындарын қосып, біріктіру жолымен жүргізілмек. Сондай-ақ, олар кәсіпорындардағы оқу орталықтары базасы арқылы ұзақ мерзімді оқытуды қысқа мерзімге ауыстыруды жөн санайды.


-Бұл жұмыс берушілер үшін де маңызды. Колледждерде оқу үш жылға созылады, ал,кәсіпорындардағы оқу орталықтарында ол мамандықтар үш айда оқытылады. Жұмыс берушіге өзіне қажетті маманның тезірек, қысқа мерзімде даярланып берілгені керек екені сөзсіз. Сондықтан біз кейбір жұмысшы мамандықтарын қысқа мерзімде оқытуды ұсынып отырмыз. Бұл уақытты ғана емес мемлекеттен бөлінетін қаржыны да үнемдетеді. Егер колледжде бір мамандыққа үш жыл оқыту орта есеппен 1 млн.650 мың теңге болса, үш айлық оқыту 165 мың теңгеге түседі,-дейді колледждер жұмысын жүйелі жүргізуге орай бастама көтеріп отырған облыс кәсіпкерлері палатасының директоры Игорь Шацкий.


Облыс кәсіпкерлері палатасының ұйытқы болуымен былтыр өңір кәсіпорындарында мамандар даярлайтын, қайта оқытатын 11 оқыту орталығы ашылған. Орталықтарда 417 адам оқып, 351 –і жұмысқа орналасқан. Палата өкілдері оқу орталықтарында күнбағыс майы, мал сою цехы, ұн, жарма, механикаландырылған мал шаруашылығы кешендерінің мамандары сияқты жаңа мамандықтарды оқытуға назар аудартуда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив