KZ
Өскемен
-4°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
495.95 524.37 4.98

ШҚО басқарма басшысы Зырянның Алтай деп ауыстырылғанын естімеген бе?

18.01.2019, 08:02 95

Шығыс Қазақстан облысының кейбір басқармалары мен салалық департаменттері әлі күнге дейін Зырян ауданы мен аттас қаланың Алтай деп ауыстырылуынан бейхабар сияқты. Себебі, бұл сөзімізге нақты дәлелдер де жоқ емес. Олардың сайттарын ашып қалсаң, Зырян атауынан көз сүрінеді, «баяғы жартас, сол жартастың» кері болып тұр.


Айталық, облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің күн сайын халыққа жолдайтын күн райы мәліметтерінде әлі Зырян ауданы деп нақты көрсетіліп жүрсе, бүгін өткен 2018 жылда атқарылған жұмыстарын қорытындылаған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкованың есептік баяндамасына орай көрсетілген слайдтарда да бұрынғы Зырян атауынан көз тұнады. Оған мына арнайы түсірілген фото дәлел. Ең өкініштісі, бұл қателікке бүкіл облыстың қалалары мен аудандарынан есептік жиынға әдейілеп жиналған шенеуніктердің ешқайсысы да еш селт етпеді.



Бұл аздай Алтай ауданының ресми сайтындағы материалдарда әлі де Зырян атауы әр жерде қылаң беріп қалса, облыстық әкімдіктің ресми сайтында да соңғы өзгерістер әлі енгізіліп үлгермеген екен.


Сондықтан, алдағы уақытта өңірдегі облыстық басқармалар мен салалық департаменттер сайттарын қайтадан бір жаңалап, Елбасы өзі қол қойған өзгерістерді дер уақытында енгізіп отырғаны, сонымен бірге баяндамаларында Зырян емес Алтай деп дұрыстап оқығандары жөн болар.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу