KZ
Өскемен
-1°
небольшая облачность жел 3 м/с, В
495.95 524.37 4.98

Катонқарағайда балаларға арналған қысқы лагерь жұмыс істеп тұр

15.01.2019, 03:03 165

Өткен күзде баршаға есігін айқара ашқан Катонқарағай ауданы, Приморск ауылындағы «Арайлы Шығыс» балалар-сауықтыру лагері жаңа жыл келісімен-ақ облыс деңгейінде қызмет көрсете бастады. Биылғы жылдың алғашқы онкүндік демалыс маусымын көршілес Күршім мен Көкпектіден келген балақайлар ашты.


Лагерьде демалып жатқан 35 тынығушы демалыстарының төртінші күні ауданның көрікті жерлері мен мәдени мұраларын аралау мақсатында Шыңғыстайдағы атақты Әбдікерім Ережепұлының мектеп-музейіне саяхат жасап қайтты. Онда балалар музейдің бірнеше бөлімдерін аралап, мектептің, ауданның тарихынан сыр шертетін, сондай-ақ, катонқарағайлық атақты өнер, мәдениет және қоғам қайраткерлері туралы мол мәліметтермен танысты. Әсіресе, күршімдік және көкпектілік жас меймандарға жазушы Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығында өзі қолданған жеке заттары, әр жылдары түскен отбасылық, қызметтік фотосуреттері назарға ұсынылған музейдің арнайы бөлімі ерекше әсер қалдырды. Оның себебі де түсінікті, бұл мектеп қабырғасында кезінде атақты қаламгер білім алып, осы жерден үлкен өмірге аттанған. Тамыры тереңге жайылған осы білім ұясында Алаштың ардақтысы қазақтың Сұлтанмахмұты ұстаздық еткен, Сәрсен Аманжолов, Баламер Сахариев, Бошай Кітапбаев, Құмаш Нұрғалиев, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов сияқты есімдері елге белгілі біртуар тұлғаларды түлеткен де бұл мектеп. Сондықтан, осындай танымал болған адамдардың ғұмырнамасымен жақынырақ танысып, өзге де құнды ақпаратпен білімдерін толықтырып қайтуға балаларға бұл зор мүмкіндік болғаны сөзсіз.



- Осы лагерьде демалуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Себебі, егер мен мұнда келмесем, бұл жердің осыншама кереметін көрмес едім. Оған бүгінгі жасаған саяхат барысында көзім жетті. Мені Катонқарағайдың расымен де ешбір жерге ұқсамайтын сұлу табиғаты баурап алды. Бұл өңірдің тарихы туралы Шыңғыстай ауылындағы музейді аралағанда жақсы таныстық, ұмытылмас әсер алдық, бәрі тамаша!, - деп бөліседі көңілдегісімен күршімдік Камалбек Кемелқожа.



Саяхат күнінің екінші жартысын лагерь демалушылары Катонқарағай ауылындағы Жас туристер бекетінде өткізді. Бұнда балалар Ластаев атындағы орма мектебінде орналасқан жасанды жартас қабырғасын бағындырды, енді бірі мұз айдынында коньки, онан қалса шаңғы теуіп, бір сөзбен айтқанда, таза ауада армансыз тынықты.


-Мен Көкпекті ауданынан келдім. Лагерьдегі демалысымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бәрі ойдағыдай. Күн сайын біз әртүрлі ойындар мен байқаулар, үйірмелерге қатысамыз, ал кешкісін керемет би кеші ұйымдастырылады. Мысалы, кеше ғана асық ойнап, жарыстық. Бүгін міне, музейге саяхат жасадық. Өзіме жаңа достар таптым, олармен болашақта да байланысымыз үзілмейді деп ойлаймын. Мүмкіндік болса, алдағы жазда да осында келіп, тағы бір мәрте демалып қайту ойымда бар, - дейді Көкпектіден келген Айгүл есімді оқушы.


Тимур Смағұлов

Оқи отырыңыз

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу