Ұрланған бір үйір жылқыны GPS құрылғының көмегімен тапты - Аягөз
Ағымдағы жылдың 25 қарашасында Аягөз аудандық полиция бөліміне аудан тұрғындарының бірі белгісіз тұлғалар еркін жайылымнан оның жылқысын ұрлап кеткендігі туралы арызданған. Шығын сомасы шамамен 60 миллион теңгені құрады.
Жедел уәкілдер жәбірленушімен бірге болған оқиғаның мән-жайын анықтауға дереу кірісті. Мал иесінің кез-келген уақытта онлайн режимінде ұялы телефондағы мобильді қосымша арқылы малдың қозғалысын бақылауға мүмкіндік беретін GPS электронды бақылау құрылғысын бірнеше атқа алдын-ала орнатып қоюы іздеу жұмыстарының оң нәтиже беруіне өз септігін тигізді.
Ұрланған малдың жүрген жерін бақылай отырып, ұрлық жасаған Үржар ауданының 47 жастағы тұрғынын ұстауға мүмкіндік туды.
«Қазіргі уақытта күдікті УҰИ-ға қамауға алынды, ҚР ҚК-ның 188-1-бабы 4-бөлігі- аса ірі көлемде жасалған мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», - ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Осы баптың санкциясы 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.