TikTok педагогтерге арналған жыл сайынғы байқауын бастады
TikTok платформасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен #Қазақстанмұғалімдері және #УчителяКазахстана хэштегтерімен жыл сайынғы педагогтер байқауын жариялады. Байқау үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр және оған мектеп мұғалімдері, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары қатыса алады.
Бұл бастама еліміздің педагогтеріне платформа арқылы өз тәжірибелерін кең аудиториямен бөлісіп, білім беру саласындағы заманауи әдістерін таныстыруға мүмкіндік береді. Өткен жылдары Ботагөз Омарова, Игорь Гноева және Хайдар Мырзахметов сынды жеңімпаздар өз бейнероликтері арқылы миллиондаған лайк жинап, әлеуметтік желі қолданушыларының ықыласына бөленген болатын.
Байқауға TikTok-та танымдық контент жасағысы келетін мектеп мұғалімдері мен колледж және ЖОО оқытушылары қатыса алады. Қатысушылар 4 қараша мен 3 желтоқсан аралығында өз пәндері бойынша танымдық бейнероликтер жариялауы тиіс. Роликтің ұзақтығы кемінде 30 секунд болып, міндетті түрде #Қазақстанмұғалімдері хэштегімен жүктелуі керек.
Биылғы байқауда ұлттық деңгейдегі үш жеңімпаз анықталады. Олар лайк саны, қаралым деңгейі, бейнероликтің сапасы және пәнге сәйкестігі бойынша бағаланады. Жеңімпаздар iPhone 16 Pro смартфондарының иегері атанып, болашақта сапалы бейнеконтент жасау мүмкіндігіне ие болады.