KZ
Өскемен
+20°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, Ю
511.92 588.91 6.44

Өскеменде жаңа урбанистік жоба жүзеге асырылуда (видео)

7.06.2025, 14:30 491 Айна Ескенқызы

Өскеменде Пермитин көшесінен Славский атындағы жағалауға дейінгі көпір асты кеңістігі толық абаттандырылып, заманауи жастар кеңістігіне айналмақ. Жобаның өзектілігі – тек қаланың сырт келбетін жақсарту емес, сонымен қатар урбанистикадағы халықаралық тәжірибеге сай, жастарға арналған қауіпсіз әрі тартымды қоғамдық орта қалыптастыру. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл жобаның Өскеменнің дамуындағы маңызды бастама екенін атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аймақ басшысының айтуынша, әлемдік қалалар тәжірибесінде көпір асты аумақтары жастар жиі жиналатын, бейформал мәдениет қалыптасатын кеңістікке айналған. Сондықтан бұл аймақты тартымды, қолжетімді және қауіпсіз ету — уақыт талабы.

– Көпір асты аймағы жастар үшін нағыз серпінді ортаға айналуы тиіс. Бұл — жаһандық тенденция. Біз де осы бағыттан қалыс қалмауымыз керек. Мұнда самокат пен скейтбордқа арналған скейт-парк, стритбол және воркаут алаңдары, балалар ойын аймағы, үстел теннисі мен сегізбұрышты ринг орналасады. Инфрақұрылым толық қамтылуы қажет, – деді аймақ басшысы.

Жалпы абаттандырылатын аумақтың көлемі 2300 шаршы метрден асады. Мұнда тек спорт алаңдары емес, дизайнерлік трибуналар, ашық киіну бөлмесі, заманауи орындықтар мен шағын архитектуралық формалар орнатылады. Жоба жастар ғана емес, қала тұрғындары мен туристер үшін де тартымды орталық болуға бағытталған.

Славский жағалауы бойындағы жарықтандыру жүйесі мен қауіпсіздік те ерекше назарда. Облыс әкімі қала басшылығына жарық шамдарын жедел ауыстырып, бейнебақылау жүйесін орнатуды тапсырды. Қазіргі таңда бұл аумақта кешкі уақытта жүру қолайсыз, сондықтан қоғамдық қауіпсіздікке баса мән берілмек.

Сондай-ақ, облыс әкімі құрылыс жұмыстарының кестеге сай жүруін және Пермитин көшесі мен жағалауды байланыстыратын жол бөлігі уақытында пайдалануға берілетінін міндеттеді.

Қаладағы абаттандыру жұмыстарын «Фаворит Казахстан» мердігер ұйымы жүзеге асыруда. Компания өкілдерінің айтуынша, барлық инфрақұрылым элементтері бекітілген жобаға сәйкес кезең-кезеңімен орнатылып жатыр.

Өскеменде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – қоғамдық кеңістікті жаңа деңгейге көтеру арқылы қала мәдениетін дамытуға бағытталған тың бастама. Жоба толығымен аяқталған соң, көпір асты кеңістігі қала жастары мен қонақтары үшін заманауи әрі қолайлы урбанистік ортаға айналмақ.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу