KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
520.02 608.79 6.57

Черногорияда Абай орталығы ашылды

2.08.2025, 15:00 244 Ержан Әбіш

Черногория астанасы Подгорица қаласындағы Ұлттық кітапхана ғимаратында Абай орталығы ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орталықтың ашылуы ұлы қазақ ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орайластырылған. Бұл бастама Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, қазақстандық мәдениетті шет елде насихаттаудың маңызды бөлігіне айналды. Жобаның мақсаты – халықаралық мәдени диалогты кеңейту және Абай шығармашылығын еліміздің рухани мұрасының символы ретінде әлемге таныту.

Ашылу салтанатына Қазақстан дипломаттарымен бірге Черногорияда аккредитацияланған Австрия, Германия, Словакия, Испания, Италия, Венгрия, Болгария, Түркия және Грекия елдерінің өкілдері, сондай-ақ черногориялық зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Абай орталығының қорына 100-ден астам құнды құжат табысталды. Олардың қатарында Абай Құнанбайұлының орыс, ағылшын, қытай және басқа да тілдерге аударылған шығармалары, философиялық еңбектері, абайтануға қатысты материалдар, сондай-ақ Әбіш Кекілбаев, Кемел Тоқаев, Таласбек Әсемқұлов сынды қазақ жазушылары мен ойшылдарының еңбектері бар. Бұл материалдарды Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы ұсынған.

Черногорияда Абай орталығының ашылуы Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы халықаралық және мәдени байланыстарды нығайтудың тағы бір қадамы болды. Жаһандану жағдайында және Орталық Азия мәдени мұрасына деген қызығушылық артып отырған тұста мұндай бастамалар өзара түсіністікті нығайтып, халықтық дипломатияны дамытуға және қазақстандық әдебиетті шетелде кеңінен танытуға жол ашады.

Алдағы уақытта бұл орталықта дәрістер, әдеби кештер, көрмелер мен тұсаукесерлер өткізіліп, Қазақстан мәдениетін Оңтүстік-Шығыс Еуропада ілгерілету алаңына айналуы мүмкін.

Дамир Омаров

Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу