Ашық есік күні: еліміздің барлық онкоорталықтары халықты тегін қабылдайды
Жыл сайын елімізде асқазан, бауыр және ұйқы безі қатерлі ісігіне шалдыққан мыңдаған жаңа жағдай тіркеледі. Көптеген науқастар ауруды кеш анықтап жатады, бұл емнің күрделенуіне және нәтижесінің төмендеуіне әкеледі. Сондықтан әр адамның өз денсаулығына мұқият қарауы, уақытылы тексеруден өтуі аса маңызды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ерте анықталған жағдайда аурудан толық жазылу мүмкіндігі жоғары болады, ал уақтылы тексеріліп отырмаса ауыр асқынулар дамуы мүмкін. Сол себепті 13 желтоқсан күні еліміздің барлық онкологиялық орталықтарында асқазан, бауыр және ұйқы безі қатерлі ісігін ерте анықтау күні өткізіледі. Бұл шара халыққа өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды еске салып, ауруды уақытында анықтауға шақырады. Айта кету керек, аталған тексеруден Кез келген адам өте алады, жасы, тұрғылықты жері немесе жолдама болуы маңызды емес.
Қауіп факторларына темекі шегу, өзге де темекі үрлерін пайдалану, алкоголь қолдану, асқазан мен бауырдың созылмалы аурулары, Helicobacter pylori инфекциясы мен вирустық гепатиттер жатады. Уақытылы қаралу және алдын алу шараларын сақтау ауруды ерте анықтап, емнің тиімділігін едәуір арттырады.
Түсініксіз шаршау, себепсіз салмақ жоғалту, ішектің жұмысындағы өзгерістер, ұзаққа созылған жөтел секілді белгілер байқалса, дәрігерге дереу қаралу қажет», — деді Торако-абдоминалдық онкология орталығының жетекшісі Ақжол Дюсембаев.
Дәрігерлер науқастарға аурудың қауіп факторларын бағалап, салауатты өмір салты жөнінде кеңес пен жаңа диагностика әдістері туралы ақпарат береді.
Мамандардың айтуынша, асқазан, бауыр және ұйқы безі ауруларының ерте кезеңінде кейбір белгілер байқалуы мүмкін.
Ерте анықтау ауруды сәтті емдеуге мүмкіндік береді, ал тексеруден кеш өту жағдайды қиындатады. Сондықтан әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, уақытылы медициналық тексеруден өтуі керек. 13 желтоқсанда өзіңізді тексеріп, жақындарыңызды да шақыру арқылы денсаулығыңызға қамқорлық жасау – әр отбасының амандығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы. Дәрігерге уақтылы қаралу мен сырқаттың алдын алу шараларын ұстану – ұзақ және салауатты өмірдің кепілі.