KZ
Өскемен
-5°
переменная облачность жел 4 м/с, Ю
519.61 610.13 6.54

Жылыту  маусымына дайындық қалай жүріп жатыр?

depositphotos.com

15.08.2025, 15:30 332 Ержан Әбіш

Ауада күздің алғашқы салқыны сезіле бастады. Таңғы тұманға оранған көшелерде адамдар қалың киініп, асыға қадам басуда. Қыс қақпадан сығалап тұр. Шығыс Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары толық қарқынға енді. Жөндеу бригадалары күн-түн демей еңбек етуде, ал отын жеткізу кестесі қатаң бақылануда. Облыс әкімінің тапсырмасына сай қыркүйек ортасына дейін барлық жылу көздері мен желілері толық дайын болуға тиіс, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облысымызда алдағы қысқа дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бұл бағыттағы барлық іс-шаралар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес атқарылып жатыр.

Облыс әкімінің 2025 жылғы 16 мамырдағы өкімі негізінде өңірді жылыту маусымына және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қысқы уақытта тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге арналған облыстық штаб құрылған. Сонымен бірге қала және аудан әкімдіктері деңгейінде де осындай штабтар жұмыс істеуде. Ал облыс әкімдігінің 15 мамырдағы қаулысында алдағы маусымға арналған міндеттер айқындалған. Қаулыға сәйкес барлық жылу көздерінде және жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Бұған қоса, облыстың коммуналдық-тұрмыстық секторларын көмірмен қамту үшін «Қаражыра» мен «Қазақстан темір жолы» компаниялары бірлесіп көмір жеткізу кестесін бекіткен. Жоспар бойынша 1 қазанға дейін қажетті отын көлемі толық жеткізілуге тиіс.

Басқарма мәліметіне сүйенсек, облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 1017 шақырым, оның 55,6 пайызының тозу деңгейі жоғары. Осыған байланысты бірнеше ауданда жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Мәселен, Ұлан ауданының Қасым Қайсенова кентінде 9 шақырымдық жылу желісін қайта құрудың екінші кезеңі атқарылып жатыр. Глубокое кентінде ұзындығы 10,8 шақырым болатын ішкі кварталдық жылу желілерін қайта құру жобасын биыл аяқтау жоспарланған. Ал Алтай ауданының Жаңа Бұқтырма кентінде 22,3 шақырымдық желіні жаңғыртудың екінші кезеңі жүзеге асуда.

Бұған қоса, бірнеше жаңа жоба дайындалған. Олар Өскеменнің Шлюзная және Садовая көшелеріндегң жылу желілерін салуды, Самар ауылында, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында, Серебрянск қаласында, Үлкен Нарын ауылында жылу желілерін жаңартуды көздейді. Аталған жобаларды қаржыландыру мәселесі республикалық және облыстық бюджет деңгейінде қарастырылып жатыр.

– Биылғы жылыту маусымына дайындық аясында облыстағы жылу көздерінде жөндеу жүргізу және 57,5 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген. Бұл жұмыстар энергия үнемділігін арттырып қана қоймай, қыс мезгілінде облыс тұрғындарын сенімді әрі тұрақты жылумен қамтуға мүмкіндік береді, – дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Наурызбай Сармурзин. – Қысқы уақытта апаттық жағдайларды азайту үшін жылумен жабдықтаушы ұйымдардың базасында апаттық бригадалар құрылған. Олар жылыту маусымы кезінде туындайтын технологиялық ақауларды дер кезінде жоюға дайын және арнайы техникамен, қажетті жабдықтармен толық қамтылған.

Шығыс Қазақстанда электр желілерінің ұзындығы – 21 396 шақырым. Бүгінгі күні өңірдегі барлық елді мекендер электр қуатымен толық қамтамасыз етілген. Коммуналдық қызметтердің тарифтері табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық департаменттері арқылы бекітіледі. Бұл процесс 2019 жылы бекітілген «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына» сәйкес жүргізіледі.

Зайсан ауданында газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Қазір аудандағы 27,7 мың тұрғыны бар 10 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Сонымен бірге аудандағы «Сарыбұлақ» кен орнында көмірсутек шикізатын барлау және өндіру «Тарбағатай Мұнай» ЖШС мен энергетика министрлігі арасында 1997 жылы жасалған жер қойнауын пайдалану шарты негізінде жүзеге асуда.

Тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі – орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылу. Басқарма бұл бағытта барлық сұрақтарды заң аясында қарап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Жылыту маусымы кезінде төтенше жағдайлардың алдын алу – маңызды міндеттердің бірі. Апаттық бригадалар үздіксіз қызмет атқарып, кез келген ақауды жедел жоюға дайын.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы облыс тұрғындарын алдағы қысқы кезеңде жылумен, электрмен және газбен қамту бағытында жұмыстар жоспарға сай жалғасатынын хабарлады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу