Қысқа дайындық: Жылу көздерін көмірмен қамтуға 493,1 млн теңге субсидия бөлінбек
Қыстың қамы – қазірден. Шығыс Қазақстанда 2025-2026 жылдардағы күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жоспарға сай жүріп жатыр. Үлкен Нарын ауылында өткен облыс әкімдігінің көшпелі отырысында бұл бағыттағы шаралар жан-жақты баяндалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде облыста тіршілікті қамтамасыз ететін нысандарды қысқы кезеңге дайындау бойынша облыстық штаб құрылып, арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген.
2025 жылы өңірдегі жылу жүйелерін жөндеуге 22,4 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл қаржыға Өскемен, Риддер, Шемонаиха, Алтай, Серебрянск қалаларында, сондай-ақ Глубокое, Күршім, Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандарындағы жылу өндіру және тарату нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Өткен жылыту маусымында коммуналдық кәсіпорындардың отын сатып алу шығындарын өтеуге 1 млрд 917,7 млн теңге субсидия бөлінген болатын.
Ал алдағы 2025-2026 жылдардағы маусымда көмір сатып алуға жұмсалатын шығындарды жабу мақсатында облыстық бюджеттен тағы 493,1 млн теңге субсидия қарастырылып отыр.
Жалпы, келесі жылыту маусымына өңір бойынша 3 млн 87 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде жылу өндіруші нысандар үшін – 2 млн 645,9 мың тонна, коммуналдық-тұрмыстық секторға – 441,1 мың тонна көмір қажет болады.






