Жеке инвестициялар – Риддер қаласы даму жоспарының негізгі бағыты
Риддер қаласының даму жоспарына сәйкес 2029 жылға дейін бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен ірі жобалар жүзеге асырылмақ. Өткен жылы бірнеше маңызды жобалар іске қосылып, тұрғындар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашылды. Ағымдағы жылы да бірқатар стратегиялық нысандардың құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Риддер қаласы өнеркәсіп және туризм саласында үлкен әлеуетке ие. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2029 жылға дейін бюджет қаражаты есебінен 49 млрд теңге және жеке инвестициялардан 70,1 млрд теңге жұмсалмақ.
Өткен жылы жеке инвестициялар есебінен бірнеше ірі жоба жүзеге асырылды. Атап айтсақ, Үлбі кентінде 500 орындық «BearLog» демалыс базасы ашылды. Риддер қаласында «SteakKing» ет цехы жаңартылды. «ДоДо Пицца» ресторанына арналған нысан реконструкцияланды. «Апельсин» тауарлар дүкені, сондай-ақ сауда үйі ашылды. Балалар ойын орталығы ашылды және басқа да нысандар іске қосылды.
Ағымдағы жылы қалада бірқатар жоба жүзеге асырылады. Мәселен, Үлбі кентінде «Ridder Resort Hotel» қонақүйі жаңартылады. Ресторан мен кофейнясы бар қонақүй кешені бой көтереді. Поперечное ауылында «Палевая Яма» демалыс базасы, Үлбіде тауарлар дүкені ашылады.
Өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң серпінге ие. Биылғы жылдың жеті айында Шығыс Қазақстанда 11,7 мың жаңа жұмыс орны құрылса, оның 6,5 мыңы тұрақты жұмыс орны. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% шамасында сақталып отыр. Ал орташа айлық жалақы 407,2 мың теңгеге жетіп, 8,8%-ке артқан.
Әкім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді орындау үшін экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу бағытында жұмыстар жалғасатынын атап өтті.


