KZ
Өскемен
небольшой снегопад жел 5 м/с, В
522.38 612.6 6.54

15 мыңнан астам ұстаз республикалық челленджге қатыса алады

11.12.2025, 10:30 79 Төлеуғазы Жансая

Тәуелсіздік күні қарсаңында еліміз бойынша 10-16 желтоқсан аралығында Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жас ұстаздар арасында «Мен Тәуелсіздік құрдасымын!» республикалық челленджі өтіп жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл бастама әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асып, педагог мамандығының қоғамдағы беделін арттыруды, ұстаз еңбегінің маңызын кеңінен насихаттауды және ұлт болашағын тәрбиелеудегі мұғалім рөлін айқындауды мақсат етеді.

Ұстаздар әлеуметтік желіде «Мен Тәуелсіздік құрдасымын» тақырыбында бейнеролик немесе жазба жариялап, Тәуелсіздікпен бірге есейген буын ретінде білім саласының дамуымен байланысты ой-пікірін, өзінің ұстаздық миссиясы мен тәжірибесін бөліседі.

Оқу-ағарту министрлігі бұл акцияның жас педагогтарды қолдау, олардың кәсіби беделін көтеру және білім беру саласына жаңа серпін беру тұрғысынан маңызды екенін атап өтеді.

– Челленджге Тәуелсіздікпен құрдас кез келген жас мұғалім қатыса алады. Ол үшін әлеуметтік желілерде #МенҰстазбын #ТәуелсіздікҚұрдасымын #ЯУчитель #ЯРовесникНезависимости хэштегтерімен фото немесе бейнеролик жариялап, Тәуелсіздік туралы ойымен және ұстаздық жолдағы өз көзқарасымен бөлісу жеткілікті,– делінген министрліктің ресми хабарламасында.

А.Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының деректеріне сәйкес, бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 15 мыңнан астам Тәуелсіздік құрдасы педагог еңбек етеді. Олар – егемендік жылдарында қалыптасып, бүгінде білім сапасын арттыруға үлес қосып жүрген жаңа буын мамандар.


Фото: Жасанды интеллект арқылы жасалған иллюстрация

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу