КСРО Халық мұғалімі, ҰОС ардагері Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өтті
Өскемендегі Құмаш Нұрғалиев атындағы №43 мектеп-лицейінде КСРО Халық мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекеге қаланың әр мектептерінен жиналған ұстаздар қауымы, білім саласының ардагерлері алдымен оқу ордасының жетістіктерімен танысты, Құмаш Нұрғалиев атындағы арнаулы пән кабинетін тамашалады. Экскурсияны мектеп мұғалімдері жан-жақты ақпараттар беріп, тартымды ұйымдастырды.
Мереке аясында мектептің акт залында «Құмаш Нұрғалиевтің нұрлы ордасы» және «Кәсіптік шеберлікті дамытуда Құмаш Нұрғалиевтің педагогикалық мұрасының рөлі» атты кітаптардың тұсаукесері жасалып, мектеп-лицейдің жетістігіне, Құмаш Нұрғалиевтің даңқты өмір жолына арналған мазмұнды көрме жиналғандар назарын аударды.
Айта кетейік, бүгінде Құмаш аға мен Қанипа апа бастауында тұрған Нұрғалиевтер әулетінің ұстаздық еңбек өтілі мың жылдан асқан. Барлығы 37 ұстаздан құралған мерейлі әулетті 2005 жылы мемлекет басшылығы Астанада арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсеткен.
Бұдан бөлек мектеп педагогтері мен оқушыларының дайындауымен көрерменге ұсынылған «Тағылымды тағдыр» театрландырылған көрінісі де ешкімді бейжай қалдырмады. Ал өңірге белгілі өнерпаз Дарын Абашұлы домбырасын күмбірлетіп, жырдан шашу шашты.
Мерекелік жиынға құрметті қонақ ретінде шақырылған мерейтой иесінің ұлы Талант Құмашұлы мен келіні жоғары санатты ұстаз Майгүл Зиябекқызы Нұрғалиева мектеп ұжымына алғыс білдірсе, туысы, ардагер ұстаз Әлібек Нұрмұхамедов біртуар тұлғамен бірге өткізген қайталанбас жылдардан әсерлі естеліктер айтты
Дәурен Аллабергенұлы









