KZ
Өскемен
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
504.76 593.8 6.5

Шығыс Қазақстан жаңа әуежайлар үшін кадрлар даярлауда

29.10.2025, 17:30 226 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен әуежайының базасында жұмыссыз азаматтарды Зайсан және Катонқарағай аудандарында салынып жатқан жаңа әуежайларды кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында оқыту басталды. Оқуға өңірдің жүзге жуық жұмыссыз тұрғыны тартылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында жаңа әуежайлар үшін мамандар даярлау және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі басты назарда болды.

Бүгінде субсидияланатын жұмыс орындары еңбекпен қамтудың ең сұранысқа ие тетіктерінің бірі болып отыр. Бұл мақсатқа бес бағыт бойынша 6,208 миллиард теңге бөлініп, соның 3,905 миллиарды (63%) игерілген.

Жалпы, жоспардағы 5 918 адамның 4 885-і (83%) жұмыспен қамтылды. Оның ішінде: қоғамдық жұмыстарға – 2 652 адам (жоспардың 88%), «Күміс жас» жобасы бойынша – 1 180 адам (82%), жастар практикасы – 540 (66%), әлеуметтік жұмыс орындары – 335 (104%), «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 178 адам (53%) орналасты.

Сондай-ақ шілде айынан бастап жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру басталған, олардың саны – 8,5 мыңнан асады.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинованың айтуынша, биылғы басым бағыттардың бірі – жұмыссыз азаматтарды кәсіби оқыту. Сонымен қатар өңірде өзін-өзі жұмыспен қамтуды және шағын бастамаларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.

Ағымдағы жылы жалпы сомасы 388,4 млн теңгеге 249 грант берілді (әрқайсысы 400 АЕК-ке дейін, яғни 1,572 млн теңге). Оның ішінде гранттарды 148 көпбалалы отбасы, мүгедектігі бар 38 адам, мүмкіндігі шектеулі баласы бар 29 отбасы, 12 атаулы әлеуметтік көмек алушы, асыраушысынан айырылған 11 отбасы, 9 қоныс аударушы мен екі қандас алды. 

Қаражат негізінен құрал-жабдық (106 грант), инвентарь (59), мал мен мал шаруашылығы өнімдерін (58), құс пен балық (13), еңбек құралдарын (11) және көшеттер сатып алуға, сондай-ақ ғимарат жалдауға бөлінген. 

Сонымен қатар облыста қысқа мерзімді оқыту курстары белсенді жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыссыз азаматтарды қамтиды. Жоспар бойынша 448 адамды қамту көзделген, қазіргі таңда 386 адам білім алып жатыр (оның 50-і – жұмыс орындарында, 336-сы – оқу ұйымдарында).

Соның ішінде Зайсан және Катонқарағай аудандарында салынып жатқан әуежайларға арналған мамандарды даярлауға ерекше назар аударылмақ.

Облыс әкімінің жеке тапсырмасымен Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы жаңа әуежайларды қамтамасыз ету үшін 114 жұмыссыз азамат (әр әуежайға – 57 маман, барлығы 18 түрлі кәсіп бойынша) Өскемен әуежайының базасында оқытылады.

Оқу бағдарламалары өңірдің жаңа әуежайларын білікті мамандармен қамтуды көздейді. Осы мақсатта жергілікті тұрғындар арасында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, оған 169 адам қатысқан. Нәтижесінде 97 үміткер біліктілік талаптарына сай деп танылды, олардың оқуы 2025 жылғы қарашада басталады.

Нұрымбет Сақтағанов оқытуды Өскемен әуежайының базасында ұйымдастыру арқылы Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа әуежайларды кадрлармен толықтыру міндетін қойды.

Альмира Мусинованың айтуынша, өңірде қомақты бюджет қаражаты бөлінуіне және бағдарлама қатысушыларының көптігіне байланысты шығындардың тиімділігі тұрақты түрде бақыланып, мониторинг жүргізілуде.

– Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту жалғасуда және бұл тұрақты бақылауда тұр, – деді салалық басқарманың басшысы.

Өңір басшысы тұрақты жұмыс орындарының үлесін арттыру басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Бұл мақсатқа нақты сектор кәсіпорындары мен инфрақұрылымдық жобаларды қолдау есебінен қол жеткізу жоспарланып отыр. Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс еңбек нарығындағы сұранысқа сай жүргізіліп, Шығыс Қазақстан облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етуі тиіс.


 

Дамир Омар

Аударған: Айна Бакимбаева 

Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Евгений Щетников

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу