Эко және этно-туризм – Шығыстың басты артықшылығы
Облыстық әкімдікте аймақтың туризм саласын дамытудың жай-күйі жан-жақты талқыланған кезекті кеңес өтті. Оған бейне байланыс арқылы қала-аудан әкімдіктері, туризмге қатысты тиісті сала мамандары және кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысының туризм басқармасының басшысы Ержан Сембинов 2025 жылдың екінші тоқсанында өңірге 215 мың турист келгенін (өсім 15,8%) және қызмет көлемі 4,18 млрд теңгені құрағанын атап өтті.
Атап айтсақ, өңірдегі ең ірі жобалар – Катонқарағай мен Зайсандағы әуежайлар құрылысы. Нысандар ағымдағы жылдың соңында аяқталып, келесі көктемде рейстер қабылдай бастайды. Қос әуежай іске қосылғанда Шығысқа алыс-жақын шетелден және еліміздің әр облысынан туристер мен демалушылардың толассыз ағылары хақ. 2025 жылы 721 шақырым жол жөнделуде, оның 168 шақырымы туристік нысандарға апарады. Сонымен қатар, қонақ үйлер мен демалыс орындары да жөнделіп, жаңа кейіпке енуде.
Кеңесте аймақтық Туристік қауымдастықтықты қайта қалыптастыру және 2026 жылға арналған оқиғалар күнтізбесін бекіту келісілді.
Басқосуда туристік бизнестің өзекті мәселелері көтерілді. Олардың қатарында инфрақұрылым, сапалы қызмет көрмету, қолжетімділік бар.
Басқарма басшысының айтуынша, шекара маңында Марқакөл – Қанас (ҚХР) бағытында трансшекаралық маршрут әзірленуде. Жоба аясында жаңа шекаралық өткел мен туристік қалашық салу қарастырылған. Инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. 357 елді мекеннің 218-і интернетпен қамтылған. 2027 жылға дейін қалған 139 ауыл да ғаламторға қосылады. Ал облыстағы 136 демалыс базасының 79-ында интернет бар. Қорыта айтсақ, Шығыс Қазақстанда туризм тұрақты дамып келеді.
Дәурен Аллабергенұлы
Фото: Жібек Нұрахмет









