KZ
Өскемен
небольшая облачность жел 2 м/с, Ю
504.76 593.8 6.5

Өндіріс пен білім интеграциясы – маман біліктілігінің кепілі

14.11.2025, 10:30 166 Базарова Айгүл

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде кәсіби дайындық сапасын арттыру және тәжірибеге бағытталған оқытуды дамыту мақсатында Шығыс Қазақстан облысының колледждері өндірістік кәсіпорындармен өзара тиімді әріптестік орнатқан. Аталған ынтымақтастық аясында кәсіпорындардың өндірістік оқыту шеберлері колледждерде теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізіп, студенттерге нақты өндірістік ортадағы жұмыс тәжірибесін, заманауи технологияларды және кәсіби дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беруде. Мұндай тәжірибе алмасу студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруға және еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлауға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz.

Өндіріс пен білім берудің интеграциясы – қазіргі заманғы кәсіптік оқытудың маңызды шарты. Мұндай өзара іс-қимыл білім беру ұйымдарының оқу процесін еңбек нарығының нақты талаптарымен ұштастырып, болашақ мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал ету мақсатында өндірістен 2023 жылы 60 адам, 2024 жылы 73 адам, 2025 жылы 80 адам тартылды.

– Осы жылдың қаңтар айынан бастап өндірістен Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжіне – 3, Риддер колледжіне – 4, Өскемен жоғары политехникалық колледжіне – 1, Өскемен жоғары медициналық колледжіне – 3, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжіне – 2, Самар аграрлық-техникалық колледжіне – 3, Серебрянск технологиялық колледжіне – 2, Алтай қаласының технологиялық колледжіне – 1, Шемонаиха колледжіне – 1, Көлік және тіршілік қауіпсіздігі колледжіне – 1, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ жоғары IT колледжіне – 3, С. Аманжолов атындағы ШҚУ жоғары колледжіне – 2, Гуманитарлық-техникалық колледжіне – 1, Өскемен экономика және техника колледжіне – 1, Алтай жоғары колледжіне – 1, Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжіне – 4, Құмаш Нұрғалиев атындағы жоғары колледжге – 1, Өскемен медико-стоматологиялық колледжіне – 4, «Гиппократ» медициналық колледжіне – 14 адам жұмысқа тартылды, - дейді oблыстық кәсiптiк бiлiм беру oртaлығының әдiскерi Aйгүл Қaбимoлдинa.

Өндірістік сала мамандарының колледждерде сабақ беруі білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, студенттердің практикалық машықтарын жетілдіруге және кәсіби бағыттылығын арттыруға елеулі үлес қосуда.

2025-2026 оқу жылында Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде «Cу көлігін пайдалану» мамандығы ашылды. Аталған мамандық бойынша өндірістік оқыту шебері болып, «Восточный фарватер» кәсіпорнынан келген маман Сергей Мирошниченко жұмысқа орналасты. Ол 1995 жылдан бастап су көлігі саласында еңбек етіп келеді. Бұрын «Су жолдары» мекемесінде қызмет атқарған, қазір «Восточный фарватер» ЖШС-ның басшысы ретінде шағын кемелерді жүргізушілерді және кеме құрамының мүшелерін оқыту курстарын ұйымдастырады.

– Өндірістік кәсіпорыннан колледжге келіп сабақ өткізудегі басты мақсатым – студенттерге нақты өндіріс процесін көрсету, олардың кәсіби дағдыларын тәжірибе арқылы жетілдіру. Бүгінгі таңда еңбек нарығы заманауи технологияларды меңгерген, тәжірибелік тұрғыда дайын мамандарды талап етеді. Сол себепті мен өз тәжірибем мен білімімді студенттермен бөлісіп, олардың кәсіби ой-өрісін кеңейтуге, өндірістік тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыруға бағыттаймын. Теория мен тәжірибенің үйлесуі болашақ мамандардың сапалы даярлығына және бәсекеге қабілеттілігіне негіз болады деп сенемін, – дейді Сергей Мирошниченко.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінде ашылған «Әуе кемесіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу» және «Әуе тасымалдарын ұйымдастыру» мамандықтары бойынша арнайы пәндерден сабақ беріп, өз білімін жас ұрпаққа сіңіруге ФАТУГА ұйымынан ұшақтар мен авиациялық қозғалтқыштарды пайдалану жөніндегі техник-механик Александр Петриченко келді.

Александр Петриченко – Өскемен біріккен авиаотряды құрамында қызмет еткен аға лейтенант. ЯК-40 ұшағының бортмеханигі ретінде «Восток Авиа», «Үлбі», «Ертіс-Авиа», «Эйр Қазақстан» әуе компанияларында еңбек еткен. Сонымен қатар авиациялық қауіпсіздік қызметінің аға инспекторы және ЯК-40, ЯК-42 ұшақтарының авиатехнигі ретінде «ҚазАирДжет» компаниясында жұмыс істеген жоғары кәсіби тәжірибесі бар маман.

– Өндіріс мамандарының оқу процесіне тартылуы – студенттер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі олар нақты техникамен, ұшақ құрылғыларымен, авиациялық қауіпсіздік жүйелерімен тікелей таныса алады. Біз теорияны тек қағаз жүзінде емес, өндірістік жағдайға бейімдеп түсіндіреміз. Мұндай өзара іс-қимыл студенттердің кәсіби бейімделуін жеңілдетіп, олардың бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына жол ашады, – деп колледжге келген мақсатын жеткізді Александр Петриченко.

Өндіріс пен білім берудің өзара әрекеттестігі – техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы стратегиялық бағыттардың бірі. Осындай бірлескен жұмыс оқу орындары мен кәсіпорындар елдің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қосатын жоғары білікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады.

Колледждердің әкімшілігі оқу процесіне белсенді атсалысып, студенттердің кәсіби даярлығын арттыруға өз үлесін қосқан өндірістік кәсіпорындардың мамандарына шынайы алғыс білдіруде. Олардың кәсіби тәжірибелері мен өндірістегі мол білімі – студенттер үшін баға жетпес үлгі. Осындай ынтымақтастық білім мен тәжірибенің сабақтастығын нығайтып, еңбек нарығына сапалы кадрлар даярлауға зор мүмкіндік береді.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу