KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 6 м/с, ОШ
517.66 606.49 6.44

Қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығарылады: не өзгереді?

17.11.2025, 17:00 136 Базарова Айгүл

Келесі жылдың 1-қаңтарынан бастап қант диабеті әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен алынып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне енгізіледі. Бұл жаңалық соңғы күндері әлеуметтік желілерде көп талқыланып, пациенттер арасында түрлі алаңдаушылық туғызуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Редакция тілшілері Шығыс Қазақстан облысының штаттан тыс Бас эндокринологы Бибинұр Сафиуллинамен кездесіп, қант диабетімен ауыратындар үшін не өзгеретінін білген еді. Облыстың бас эндокринологы қобалжуға ешқандай негіз жоқ екенін ашып айтты.

— Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қант диабетін әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен шығару және оны МӘМС жүйесіне көшіру түрлі алаңдаушылық тудырып жатыр. Бұл мәселеде шындыққа жанаспайтын пікірлер көп. Шын мәнінде, сусамырдың I және II түрімен ауыратын барлық пациенттер бұрын алған дәрілік препараттарын, инсулиндерді, жеткізу құралдарын, өзін-өзі бақылау құрылғыларын, соның ішінде помпаларды да бұрынғыдай тегін ала береді. Біз өтінім берген кезде диспансерлік есепте тұрған әрбір науқас есепке алынды. Ешкім тізімнен қысқартылған жоқ. Инсулиндер де, помпалар да, өзін-өзі бақылау жолақтары мен құралдары да бұрынғыдай қолжетімді болады, — дейді Бибинұр Сафиуллина.

Оның айтуынша, қазір ел арасында тараған ақпараттың басым бөлігі — негізсіз үрей. Себебі мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 санат бар. Олардың қатарында балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, жүкті әйелдер, студенттер сияқты әлеуметтік топтар түгел қамтылған. Бұл санаттар үшін қаржыландыру тоқтамайды.

Облыстағы ахуалға келер болсақ, 2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірде 29 685 пациент диспансерлік есепте тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5–6 пайызға өсім бар екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету бойынша барлық өтінімдер нақ осы диспансерлік есепте тұрған тұрғындар санына сәйкес берілген. Яғни, ешқандай пациент тізімнен шығарылған жоқ.

2026 жылдың 1-қаңтарынан бастап әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарды да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жоспарланған. Бұл — дәрілік қамтамасыз ету жүйесін күшейтетін оң өзгеріс.

— Дегенмен бір жайтты ашық айтуымыз керек, негізгі тәуекел тобы – жеңілдік тобына кірмейтін, жұмыс істемейтін немесе бейресми еңбек ететін, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар. Олар бұрын кепілдендірілген тегін медициналық көмектің шеңберінде тегін қамтамасыз етіліп келсе, жаңа жылдан кейін сақтандырылмаған күйде қалса, белгілі бір қиындықтар тууы мүмкін. Сол себепті диспансерлік есепте тұрған әрбір пациент 2026 жылдың 1-қаңтарына дейін сақтандыру мәртебесін тексеруі қажет, —дейді дәрігер.

Бас эндокринолог қазір Шығыс Қазақстан облысының барлық медициналық ұйымдарында түсіндіру жұмыстары жүріп жатқанын еске салды. Қант диабеті диагнозы бар әр пациентпен медбикелер мен дәрігерлер жеке сөйлесіп, олардың сақтандыру мәртебесін тексеруде. Сақтандырылмаған адамдарға сақтандырудың маңызы түсіндіріліп, телефон арқылы да хабарласып, ақпарат берілуде.

— Басты мақсат – 2026 жылдың қаңтарына дейін әрбір науқас өзінің сақтандыру мәртебесін анықтап, келесі жылы ешқандай үзіліссіз ем алуды жалғастыруына қол жеткізуіміз керек. Жеңілдік тобына кірмейтін пациенттер сақтандыру қорына ай сайын төлем жүргізіп отыруға міндетті. Олар ай сайынғы сақтандыру жарнасы емдеу шығындарымен салыстырғанда әлдеқайда аз екенін түсінулері тиіс, – дейді Бибинұр Мәлікқызы.

Осылайша, қант диабеті МӘМС жүйесіне ауысқанымен, мемлекет тарапынан тегін ем-дом мен дәрілік қамтамасыз ету жалғаса береді. Ең бастысы – әр азамат өз мәртебесін уақытылы анықтап, медициналық сақтандыру жүйесінде тіркелген болуы қажет.

Қандай дәрі-дәрмек тізімге кірмей қалды?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне қандай дәрі-дәрмек кірмей қалды немесе ауыстырылды деген мәселеге келсек, амбулаторлық дәрілік қамтамасыз ету тізіміне енгізілген өзгерістердің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне көшуге еш қатысы жоқ екен. Бас эндокринологтың айтуынша, бұл – бұған дейін қабылданған бұйрықтың нәтижесі. Оның өзіндік себептері де бар екен.

– Атап айтсақ, ГПП-1 тобының препараттары (оның ішінде «Виктоза» мен «Трулисити») тізімнен алынды. Сонымен қатар «Левемир» инсулині де енді қолжетімсіз. Алайда бұл Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы емес. Препаратты өндіруші компания өндіріс қуатын заманға сай жаңа инсулин түрлеріне бағыттау туралы шешім қабылдаған. Яғни, «Левемирді» бұрын өндірген сол компания енді күшті әрі тиімді жаңа буын инсулині – «Тресибаны» шығаруға ден қойып отыр. «Тресиба» инсулині бұған дейін, 2025 жылы, тек жүкті әйелдер мен жасөспірімдерге қолдануға рұқсат етілген болатын. Ал 2026 жылдан бастап бұл заманауи препарат барлық санаттағы пациенттерге қолжетімді болмақ. Эндокринолог-дәрігерлер үшін бұл – өте қуанышты жаңалық, - деді маман.

«Тресибаның» басты артықшылықтары: әсер ету ұзақтығы 24 сағаттан асады, гипогликемия қаупін төмендетеді, І типтегі қант диабеті бар науқастарға және жиі гипогликемияға ұшырайтын пациенттерге өте қолайлы, жүкті әйелдер үшін қауіпсіз әрі тиімді. Яғни, алынып тасталған препараттардың орны денсаулыққа тиімділігі жоғары, жаңа буын инсулиндерімен толығымен қамтылып отыр.

Препараттар толық көлемде жеткізіліп отыр

– Қазіргі таңда қант диабетімен диспансерлік есепте тұрған барлық науқастар дәрі-дәрмекті тегін алады және бұл қамтамасыз ету кепілдендірілген көлем аясында жыл соңына дейін жалғасады. Препараттарға арналған өтінім тек амбулаториялық-дәрілік қамтамасыз ету туралы бұйрық негізінде жасалады, – деп түсіндірді бас эндокринолог.

Оның айтуынша, барлық тапсырыс берілген препараттар толық көлемде жеткізіліп отыр.

– Бізге СҚ-Фармация тарапынан өтінімде көрсетілген дәрілер сол көлемде жеткізіледі. Қант диабетіне арналған препараттар бойынша тапшылық немесе алмастыру жағдайлары өте сирек кездеседі. Мұндай жағдайлар көбінесе қан қысымына қарсы дәрілерге қатысты. Ал қант диабеті бойынша «орынбасушы препараттар» мәселесі жоқтың қасы. Тек кейде ультра-қысқа әсер ететін инсулиннің бір түрін екіншісіне ауыстыру мүмкін, бірақ ол да толық балама болып есептеледі және дозасы сақталады, – деп нақтылады маман.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмекпен бірге медициналық мақсаттағы бұйымдар мен өздігінен бақылауға арналған құралдар да жеткізіліп отыр. Емханалар өтінім берген көлемде глюкометрге арналған тест-жолақтар мен басқа да құралдар келеді. Жалпы, жеткізілім жүйесі тұрақты.

Пациенттер қашан стационарға жатқызылады?

Қазіргі таңда Шығыс Қазақстан облысында қант диабетін емдеу мен бақылау бірнеше деңгейде жүргізіледі.

Бас эндокринолог айтып өткендей, өңірде қант диабетімен ауыратын науқастарды қабылдайтын екі негізгі стационар бар. Біріншісі – облыстық мамандандырылған медициналық орталықта тоғыз эндокринологиялық төсек-орын қарастырылған. Екіншісі – «Семей медициналық университеті» КЕАҚ филиалының стационары, онда 15 төсек-орын эндокринологиялық бейінге бөлінген.

– Облыс тұрғындары негізінен осы бөлімшелерде жоспарлы әрі шұғыл ем алады. Егер пациенттерге өңірде көрсетілетін көмектен жоғары деңгейдегі мамандандырылған ем қажет болса, олар Алматы қаласындағы жетекші клиникаларға жіберіледі, - деді Бибинұр Сафиуллина.

Амбулаториялық көмек барлық қала мен аудан орталықтарындағы МСАК ұйымдарында, сондай-ақ облыстық ауруханаға қарайтын диагностикалық орталықта көрсетіледі. Бұл күнделікті бақылау, кеңес беру, емді түзету, диспансерлік бақылау сияқтя міндеттерді қамтиды.

Хирургиялық көмек мәселесі. Қант диабетінің асқынуларының бір бөлігі хирургиялық араласуды талап етуі мүмкін. Мұндай жағдайда Өскемен қаласындағы хирургиялық бөлімшелері бар барлық ауруханалар көмек көрсете алады. Дегенмен, негізгі жүктеме облыстық мамандандырылған медициналық орталық пен Өскемен қалалық жедел жәрдем ауруханасына түседі. Жедел жағдаймен – диабеттік кома, күрт декомпенсация, аяқ-қолдағы ауыр асқынулармен түскендер басым жағдайда осы мекемелерге жеткізіледі. Ал жоспарлы ем іздегендер – негізінен облыстық ауруханаға жүгінеді.

Көп жағдайда қант диабеті амбулаториялық деңгейде бақылауды қажет ететін созылмалы сырқат саналады. Дегенмен, стационарлық емге жолдама берілетін бірнеше жағдай бар: диабеттік кетоацидоз, гиперосмолярлық кома сияқты өмірге қауіпті жағдайларда шұғыл түрде көмек көрсетілуі тиіс. Инсулин дозасын таңдау немесе емдеу тактикасын өзгерту қажет болса, диабеттің асқынулары байқалса, жоспарлы жатқызылады.

– Сонымен қатар өңірде стационарды алмастыратын көмек те дамуда. Қаладағы барлық емханалар мен аудандық ауруханалар жанынан жұмыс істейтін күндізгі стационарлар бар, мұнда пациенттер тәулік бойы жатпай-ақ қажетті ем мен бақылауды ала алады. Бүгінгі таңда басымдық аурудың алдын алуға, жедел госпитализация санын азайтып, науқастарды жоспарлы түрде емдеуге көбірек бағыттауға беріледі, - деп қосты дәрігер.

Сегіз резидент оқуын аяқтап, қызметке кіріседі

Шығыс Қазақстан облысында эндокринолог мамандардың тапшылығы мәселесі біртіндеп шешіліп келеді. Соңғы жылдары арнайы дайындықтан өткен резиденттердің арқасында қаладағы әрбір емханада дерлік эндокринолог бар, аудандар да мамандармен қамтамасыз етілген.

Қазір тек Катонқарағай ауданында ғана эндокринолог дәрігер жоқ, бұрынғы маман декреттік демалыста. Бірақ, бұл мәселе де уақытша, жазда тағы сегіз резидент оқуын аяқтап, қызметке кіріседі. Осылайша облыстың эндокринологтармен қамтылуы 100 пайыздан жоғары деңгейге жетеді деген болжам бар.

– Эндокринолог мамандармен қамтылудың республикалық көрсеткіші – 83%, ал Шығыс Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары. Соған қарамастан кезек мәселесі әлі де бар. Тіпті толық қамтылғанның өзінде эндокринологтарға деген сұраныс жоғары болып қала береді. Себебі, қант диабетімен ауыратындардың қатары жыл сайын артып келеді, сондықтан дәрігерге жүгінетіндер саны азаймайды. Сол үшін эндокринологқа кезек әлі де көп, дәрігерлер жүктемесі де барынша жоғары, - деп түйіндеді Бибинұр Сафиуллина.



Айна Ескенқызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу