KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 7 м/с, Ю
522.38 612.6 6.54

Қытайда өткен гір спортынан әлем чемпионатында жерлесіміз чемпион атанды

20.11.2025, 17:30 171 Базарова Айгүл

Қытайдың Хайнин қаласында әлемнің 26 мемлекетінен 300-ден астам спортшының бабы мен бағын сынаған гір спортынан кезекті Әлем чемпионаты өтті. Дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасының сапында жерлесіміз, 74 жасқа аяқ басса да, спортты серік еткен Мұхамедолла Ағзамов ел намысын абыроймен қорғап, бірінші орынды қанжығаға байлады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

12 кг гір тасын 10 минут ішінде 172 рет көтеріп, ел намысын абыроймен қорғап, бірінші орынға ие болған спорт ардагері гір көтеруден 2 мәрте әлем чемпионы атанды. Айтулы жарыстан бас жүлдемен оралған халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен тілдесіп, жеңісімен құттықтадық. Бала күнінен салауатты өмір салтын серік еткен жан әлі де сергек. Талай байрақты бәсекелерде топ жарған ол, жастарға үлгі-өнеге.

 «Көрші мемлекет Қытайға барып, жеңіске жетіп, елге келдік. Жарыс әлемнің көптеген мемлекетінен кіл мықтылар жиналды. Бәсеке өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Намысты қолдан бермей, өз жасым мен салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, жеңіске жеттім. Бұл менің үлкен спорттағы 14-ші мәрте әлем чемпионы атанғаным. Қол күрестен 5 дүркін, стренглифтингтен 7 мәрте, екі мәрте гір көтеруден әлем чемпионы болдым», – дейді Мұхамедолла Ағзамов.

Бүгінде Мұхамедолла Ағзамов Шығыс Қазақстан облысы спорт ардагерлері ұйымының басшысы. Қоғамдық бірлестікте 500-ден астам мүше бар. Ұйым аясында ардагерлер аптасына бірнеше рет түрлі спорт түрлерімен айналысады. Мәселен, Өскемендегі орталық спорт залдарында ардагерлер үшін үстел теннисі, жеңіл атлетика, суға жүзу, волейбол, шағын футбол, шахмат, дойбы және бильярд секілді үйірмелер тұрақты жұмыс істейді.

«Біз облыстағы спорт мекемелерімен келісімшарттар жасасып, ардагерлерге залдар мен спорттық инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігін аштық. Үстел теннисімен сексенге жуық адам тұрақты түрде шұғылданады. Ал суға жүзуге аптасына үш рет елу шақты ардагер келеді. Волейбол мен футболды жетпіс-сексен адам ойнайды. Бұдан бөлек, ардагерлер үшін шахмат пен дойбы секциялары жұмыс істейді. ШҚО спорт ардагерлері тек өңір ішінде ғана емес, халықаралық ареналарда да табысқа жетіп жүр. Соңғы төрт-бес жылда шығысқазақстандық ардагерлер әлем чемпионаттарынан 23 алтын медаль жеңіп алған», – деді әлемді 14 рет бағындырған спорт ардагері.

Ұйымның басты мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастарға үлгі болу және бұқаралық спортты дамыту. Жастарды салауатты өмір салтына баулуға өнеге көрсету.

«Біздің ардагерлер жас буынға үлгі көрсетіп жүр. Қоғамдық бірлестік мүшелері өз қаражаттарына көрші елдерде өтетін турнирлерге қатысып, жеңістерге жетуде. Біз үшін спорт – тек жарыс қана емес, ол – өмір салты. Жалпы кез келген спорттың қиыншылықтары бір біріне ұқсас болады. Бірінші кезекте жалқаулықты жеңіп, жаныңды салып шұғылдану керек. Үздіксіз жаттығып, зиянды әдеттерден аулақ жүрген жөн. Тек қиындықтарды еңсеріп қана биік шыңдарды бағындыруға болады», – деп ағынан жарылды Мұхамедолла ақсақал.



Қуаныш Рахметоллаұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу