Абай облысында балаларды қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды
depositphotos.com
Абай облысының Үржар ауданында орын алған қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алдын ала деректерге сәйкес, 19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Бестерек ауылында «Toyota» автокөлігін тізгіндеген 55 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, үйдің қақпасы жанында тұрған балалар тобына соқтығысқан.
Оқиға салдарынан екі кәмелетке толмаған бала оқиға орнында қаза тапса, тағы бірі ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмды. Сонымен қатар үш бала түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді.
Қазіргі уақытта зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Президенттің тапсырмасымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен Астана қаласынан Үржар ауданына білікті дәрігерлер арнайы жіберілді.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның апат кезінде мас күйінде болмағанын анықтады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілерін жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе тұрғын үйлер маңында және балалар көп жүретін аумақтарда барынша мұқият болуға шақырады.