KZ
Өскемен
-26°
плотный туман Штиль
508.91 594.36 6.33

Өскеменде Аяз Ата резиденциясы ашылды

20.12.2025, 18:00 577 Базарова Айгүл

Жаңа жыл жақындаған сайын Өскемен қаласы да ақ ұлпа қарға оранып, сиқырлы ертегідей ерекше кейіпке ене бастады. Ал бүгін облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз мерекеге айналған күн болды десек артық болмас. Сол жағалау музей-қорық кешенінде Аяз Ата резиденциясының салтанатты ашылуы өтіп, шаһар халқы қысқы ғажайыптың есігін айқара ашты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл игі шара бір күн бұрын Риддер қаласында шымылдығы түрілген «Аяз Ата – Ақшақар 2025» республикалық фестивалінің жалғасы ретінде ұйымдастырылып, жаңа жылдық қуаныштың алауын облыс орталығына жеткізді. Бүгіннен бастап мерекелік көңіл күй Өскемен көшелерін де шарлап, қалаға ерекше реңк бермек.

Салтанатты жиын Аяз Ата мен Ақшақардың жүрекке жылу сыйлаған құттықтауымен басталды. Фестивальге жиналған 130-дан астам кейіпкер ән мен биге толы думан ұйымдастырып, жиналған жұртшылықты шаттыққа бөледі. Балалардың шат күлкісі мен көрермендердің қошеметі мерекенің шырайын аша түсті.

Шара барысында облыс әкімі Аяз Ата мен Ақшақарларға алғыс хаттар табыстап, олардың халықтық дәстүрлерді жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және өңірдің мерекелік мәдениетін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Фестиваль қорытындысы бойынша басты Аяз Ата мен Ақшақар атағына Глубокое ауданынан келген қатысушылар лайық деп танылды.

Марапаттау рәсімінен кейін облыс әкімі Аяз Атаның резиденциясын аралап, Жетісу және Ұлытау облыстарынан келген Аяз Ата мен Ақшақармен жүздесті. Еркін әңгіме барысында алдағы жылдарға жоспарлар да ортаға салынды.

— Келесі жылы Еуропа елдерінен әріптестеріңізді шақыруды көздеп отырмыз. Сондықтан дайын болыңыздар: шаңғы тебуден жарысып, өнерлеріңізді ортаға саласыздар. Барлығымыз бірігіп, жоғары деңгейімізді көрсетейік, — деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Мерекеге жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Балалар тақпақтарын жатқа айтып, Аяз Атаның алдына шығып, келе жатқан Жаңа жылмен барша жұртты құттықтады. Ал ересектер сол бір сәтте тіршілік қарбаласын ұмытып, балалық шақтың бал күндеріне ойша қайта оралғандай күй кешті. Аяз Ата резиденциясының ашылуы – жай ғана мерекелік шара емес, адамдардың жүрегіне үміт пен жылу ұялатқан, жаңа жылдық ғажайыптың таяп қалғанын аңғартқан ерекше рухани сәтке айналды.

 

Наргиз Еркінбекова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу