Өскеменде Аяз ата резиденциясы ашылды
Облыс орталығындағы музей-қорықтың Сол жағалау кешенінде Аяз ата резиденциясы ашылды. Онда жаңа жылдық шырша жағылып, жиналған жұрт концерттік бағдарламаны тамашалады.
Аяз ата резиденциясының ашылу кешіне жиналған жұрт жаңажылдық жарық шамдарды тамашалап, ойындар ойнады, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Көрермендер үшін қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Жұртпен бірге Аязата резиденциясына келген облыс әкімі қолөнер иелерімен тілдесіп, естелікке бұйымдар сатып алды. Жастар арасында викториналық ойындар ойнатылып, би жарыстары өтті. Бұл жерден кез келген адам жаңажылдық көңіл-күйді сезініп қайтуға болатындығы көрініп тұр.
Алдағы уақытта да Аяз ата резиденциясына келушілер үшін қолөнершілер жәрмеңкесі мен тамақтану орындары жұмыс істейтін болады.
Бұл салтанатты кешке аймақтың әр ауданы мен қаласынан Аяз аталар Ақшақарын ертіп келіпті. Солардың ішінде басты жаңажылдық сиқыршының рөлі Катонқарағай ауданынан келген Аяз атаға тапсырылыпты. Осы жерге жиналған өзге Аяз аталар да жиналған көпшілікке сыйлықтарын таратып, базарлықтар үлестірді.