KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 4 м/с, З
512.34 582.07 6.31

Жыл басынан бері қазақстандықтарға 1 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді

gov.kz

14.04.2025, 15:00 160 Төлеуғазы Жансая

2025 жылдың басынан бері республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 1 триллион 44,3 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражаттың елеулі бөлігі базалық және ынтымақты зейнетақыны төлеуге бағытталды. Атап айтқанда, базалық зейнетақыға 337,6 миллиард теңге, ал ынтымақты зейнетақыға 706,7 миллиард теңге жұмсалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап

2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елімізде 2 миллион 465 мың зейнеткер тіркелген. Осы күні зейнетақының жиынтық орташа мөлшері 143 622 теңгені құрады. Оның ішінде орта есеппен 95 963 теңге ынтымақты, ал 47 659 теңге базалық зейнетақы төлемі ретінде берілді.

Бұған дейін хабарланғандай, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлемі 6,5 пайызға, ал ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға ұлғайтылды. Бұл өсім инфляция деңгейінен 2 пайызға жоғары болды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде базалық зейнетақының мөлшері кезең-кезеңімен артып келеді. Мақсат – оның ең төменгі мөлшерін ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал ең жоғарғы мөлшерін 120 пайызына дейін жеткізу.

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 65 пайыздан 70 пайызға дейін көтерілді. Бұл 32 360 теңгеге тең. Ең жоғары мөлшері де артып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110 пайызына дейін жетіп, 50 851 теңгені құрады.

Айта кету керек, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы төлемі әр азаматқа зейнетақы жүйесіндегі өтіліне қарай жеке тағайындалады. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі ынтымақты жүйедегі еңбек өтілі, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер есепке алынады. Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде белгіленеді. Ал одан кейінгі әр жыл үшін бұл көрсеткіш екі пайызға өсіп отырады. Мәселен, еңбек өтілі 20 жыл болған жағдайда базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 90 пайызына тең болады. 30 жыл және одан көп өтілде оның мөлшері ең жоғары шекке – күнкөріс деңгейінің 110 пайызына дейін жетеді.

Бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары бірнеше мәрте аударылса да, бұл кезең бір ай ретінде есепке алынады. Сондықтан міндетті жарналарды тұрақты және толық аудару – болашақтағы базалық зейнетақы мөлшеріне оң әсерін тигізеді. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің көлемі азаматтың 1998 жылғы 1 қаңтардағы еңбек өтіліне (кемінде алты ай болуы тиіс) және зейнетке шыққанға дейінгі орташа айлық табысына тікелей байланысты болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу