Шалғайдағы ауыл – мемлекеттің назарында: Марқакөлде жаңа өрт сөндіру бөлімі
Бүгін Марқакөл ауданына қарасты Марқакөл ауылында ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған №31 өрт сөндіру бөлімі қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Маңызды нысанның ашылуы азаматтық қорғау жүйесін нығайту, ауылдық аумақтардағы өрт қауіпсіздігін арттыру және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңартылған ғимараттың іске қосылуы өңірдегі құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін күшейтіп, халыққа көрсетілетін қауіпсіздік қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Бұл оқиға ауыл тұрғындары мен сала қызметкерлері айтуынша,, ел тыныштығы мен қауіпсіздігі жолындағы маңызды қадам.
Салтанатты шарада азаматтық қорғау саласын дамыту, инфрақұрылымды жаңарту және төтенше жағдайларға жедел ден қою тетіктерін жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатыны атап өтілді.
Осы ретте ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов шалғай және ауылдық елді мекендерде құтқарушылардың жедел әрі кәсіби көмегі шешуші рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Табиғаты қатал, қысы ұзақ, жол қатынасы кейде қиын аймақтарда өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алу үшін заманауи техника мен мықты мамандардың болуы аса қажет екенін жеткізді.
Шара барысында өрт сөндіру саласында адал еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарға жаңа лауазымдар табысталып, олардың кәсіби еңбегі лайықты бағаланды. Министр бірқатар қызметкерлерді “Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін” төсбелгісімен, құрмет грамотасымен марапаттады. Бұдан бөлек ШҚО әкімінің арнайы Алғыс хаттары табыс етілді.
Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан облысындағы өрт сөндіру бөлімдеріне арнайы техникалар беріліп, материалдық-техникалық база тағы да нығая түсті.
Бөлімнің ардагерлері мен Марқакөл ауылының тұрғындары жаңа қауіпсіздік нысанының ашылуы ауыл өмірі үшін аса қажетті екенін атап өтті. Олар жылдар бойы жиналған тәжірибесі бар өрт сөндірушілердің еңбегіне тоқталып, жаңа ғимарат пен техниканың жас мамандарға серпін беріп, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыратынына сенім білдірді.
Марқакөл – табиғаты көркем, бірақ климаттық ерекшеліктері мен географиялық орналасуына байланысты ерекше жауапкершілікті талап ететін өңір. Осындай жерде заманауи талаптарға сай өрт сөндіру бөлімінің жұмыс істеуі – ауыл тұрғындарының ертеңіне деген сенімін нығайтады.
№31 өрт сөндіру бөлімінің қайта жаңғыртылып, есігін айқара ашуы – Марқакөл ауылы үшін қауіпсіз әрі тұрақты өмірге жасалған маңызды қадам. Бұл нысан ел тыныштығын күзететін құтқарушылардың сенімді тірегіне айналып, ауыл халқының алаңсыз ғұмыр кешуіне қызмет ететіні сөзсіз.
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Жалғас Сакадиев















