Депутаттар жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске асыруды ұсынды
Қазақстан халық партиясының мәжілістегі фракциясы жаңа тұрғын үй бағдарламасын қолға алуды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутат Айқын Қоңыровтың айтуынша, зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бастамасы аясында біраз адам ақшаны өз кәдесіне жаратты. Бірақ одан көбінесе Нұр-Сұлтан мен Алматының құрылыс компаниялары және банктер пайда көрді. Ал халықтың баспанаға қолжетімділігі артқан жоқ. Тұрғын үй мәселесі ушығып кетті.
"Жалпы, экономикалық өсімді ынталандыру бастамасы да нақты нәтиже бермеді. Керісінше инфляцияның үдеуі салдарынан тұрғын үй мен құрылыс материалдарының бағасы шарықтап, салаға жағымсыз әсер етті. Зейнетақы науқаны басталғаннан бері баспана бағасы 8,3 процентке қымбаттады. 2020 жылғы мамырдан 2021 жылғы мамырға дейінгі аралықтағы өсім шамамен 22 процентті құрады", - деді Қоңыров мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, монополияға қарсы агенттік бағаны реттеуге тырысып жатыр. Алайда бағаның өсуі БЖЗҚ-дан алынатын біржолғы зейнетақы жинағы таусылғанда ғана тоқтайды.
"Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын пайдалану жобасын жалғастыра отырып, екінші кезеңде қосымша жүйелі шараларды іске қосу маңызды деп білеміз. Ол жеке топтарға емес, бүкіл қоғамға арналуы керек. Қазақстан халық партиясы жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға бағытталған "Жер үй" бағдарламасын іске қосу қажет деп санайды", - дейді Қоңыров.
Осы орайда фракция мүшелері мемлекет кепілдік беретін облигацияларды шығарып, оған БЖЗҚ ақшасын салуды ұсынып отыр. Соның есебінен аумақтарды абаттандырып, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге болады. Осылайша жер телімдерін тездетіп үлестіруге мүмкіндік бар.
"Бұл көптеген қазақстандықтың жеке үй салу туралы арманын ақиқатқа айналдырып, тұрғын үй саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді. "Жер үй" тұрғын үй бағдарламасы қажетті құрылыс материалдарының, ілеспе тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің отандық өндірісін дамытумен қатар іске асырылуға тиіс", - деп атап көрсетті депутат.
Фракция өзінің депутаттық сауалын үкіметке жолдап, қолданыстағы заңнамада көрсетілген тәртіппен жазбаша жауап беруді талап етті.