1,5 жасқа дейінгі балаларға жәрдемақы қалай тағайындалады?
Мемлекет басшысының кешегі Жолдауына сәйкес 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша берілетін әлеуметтік төлем мерзімі бір жарым жасқа дейін ұлғайтылады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 1,5 жасқа толғанға дейін бала күтімі бойынша жәрдемақы қалай тағайындалатынын және қай уақытта туылған балалар бұл тізімгі кіретінін түсіндірді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
- Біз 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзартамыз. Балалардың ең маңызды шағында – сәби кезінде ата-аналары жанында көбірек болады, - деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі "балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы" Заңға сәйкес туылған, асырап алынған, сондай-ақ қамқорлыққа алынған балалары бар отбасылар бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы екенін түсіндірді.
Бұл ретте бала күтімі жөніндегі жәрдемақыны төлеу кезеңін бір жастан бір жарым жасқа дейін ұзарту 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ғана жүзеге асырылатын болады.
Осылайша, заңға өзгерістер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі.
- «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның 37-бабына сәйкес, нормативтік құқықтық актінің күші ол қолданысқа енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды, - деп түсіндірді Еңбек министрлігі.
Жұмыс істейтін әйелдер мен ерлер үшін ай сайынғы жәрдемақы мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40% - ын құрайды. Екі және одан да көп бала туған кезде төлем әрбір балаға жеке тағайындалады.
Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төмендегідей белгіленген:
бірінші балаға-5,76 АЕК (18 316 теңге);
екінші балаға-6,81 АЕК (21,655 теңге);
үшінші балаға - 7,85 АЕК (24 963 теңге);
төртінші және одан жоғары АЕК – 8,90 (28,302 теңге).
2021 жылы бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақыны шамамен 385 мың адам алды, оның 3,5 мыңға жуығы – ер адамдар.
Сонымен қатар, бала туылған кезде біржолғы жәрдемақы тағайындалады. Ол бірінші, екінші және үшінші баланың туылуына 38 АЕК (120 840 теңге) құрайды.
Төртінші балаға ата-аналар 63 АЕК (200 340 теңге) астам жәрдемақы алады.